Accessibility links

Ватикан жаңа Папаны сайлауға дайындалып жатыр


Ватиканда бірнеше ғасырдан бері қалыптасқан дәстүр бойынша, қызмет басындағы понтифик дүние салғаннан кейін жаңа Папаны сайлар алдында тиісті ғұрып-рәсімдер жасалады. Міне, енді Иоанн Павел ІІ-нің қазасынан кейін де сондай дәстүрлі дайындық басталып кетті.

Сенбі күні кешке Рим Папасы әулие Иоанн Павел ІІ қайтыс болғаннан кейін, марқұмды салтанатты түрде жерлеу және оның орнына жаңа понтифик сайлауға дайындық басталып кетті. Бұл шаралар сонау ІV-V ғасырдан бері жалғасып келе жатқан үлкен бір дәстүрлі рәсім жиынтығынан тұрады.

Алдымен Кардиналдар алқасы понтификтің қазасы жөнінде ресми мәлімдеме жасайды. Дәстүр бойынша кардиналдар басшысы марқұмның басында тұрып, ол понтификтің есімін дауыстап айтады, ол жауап бермегеннен кейін ғана, оның о дүниелік болғанын жариялайды.

Міне, сол үрдіс жасалғаннан кейін, дүйсенбіде Иоанн Павел ІІ-нің денесі қасиетті Петр шіркеуіне қойылды. Италия және бүкіл әлемнен келген азаматтар Папамен соңғы рет қоштасып жатыр. Өткен жексенбіден бастап 9 күн бойы ресми аза күні деп жарияланды.

Ал Папаның қазасынан кейін 15-20 күн ішінде Кардиналдар алқасы понтификтің мұрагерін, Католик шіркеуінің жаңа басшысын сайлайды. Әзірше, кейбір мәліметтерге қарағанда, көкектің 17-інде немесе ары кеткенде 22-сінде сайлау өтеді.

Американдық кардиналдың бірі, Вашингтон қаласының архиепископы Теодор МакКарик Римге жолға шығардың алдында тілшілерге айтқанындай, жаңа Папаны сайлау рәсіміне қатысу - үлкен құрмет әрі үлкен жауапкершілікті талап етеді.

- Сайлауға қатысу үшін де жүрек керек. Бұл өте ерекше нәрсе. Сен оған лайықты болуың лазым, дайын болуың керек. Сондықтан, мен үшін тілектес болыңыздар, - деді вашингтондық кардинал Ватиканға жолға шығар алдында.

Вашингтондағы Джорджтаун университетінен профессор Честер Джилздың айтуынша, Иоанн Павел ІІ өз орнына келетін мұрагерінің өз мұрат-мақсат, ойларын одан әрі жалғастыру үшін қажетті дайындықты жасап кеткен.

- Понтифик өз мұрагері үшін дауыс беретін кардиналдардың өзін тағайындап қойған. Бұл, әрине, сәл ерекшелеу жағдай. Бұл, әдетте, бұрынғы поптардан келе жатқан дәстүр десе болады, - дейді профессор Джилз.

Жаңа понтифик үшін жасы 80-ге толмаған кардинал ғана дауыс бере алады. Олар Рим католигі дініндегі кез-келген ер азамат үшін дауыс береді. Дегенмен, бірнеше ғасыр бойы ондай құрметке тек қана кардиналдар ие болып келген. Сайлауға қатысатын бүкіл әлемнен келген 117 кардинал жасырын дауыспен әр күні таңертең екі рет және түс қайта екі рет дауыс бере алады. Нәтижесінде, қай үміткер жалпы дауыстың үштен екісіне ие болса, сол католик шіркеуінің жаңа басшысы болып сайланады.

Бүлінген бюлеттень сол сәтте арнайы химикатпен өртенеді, сондықтан Ватикандағы Қасиетті Петр шіркеуінің мұржасынан қара түтін шығып жатса, онда понтификтің әлі сайланбағанын білдіреді. Ал дауыстар дұрыс берілсе, қорытынды бюлеттендер жәй ғана өртенедіктен, моржадан шығар түтін қарақошқыл болып байқалмауы - сайлаудың нәтижелі болғандығын білдіреді.

Сайланған үміткер шешіммен келіссе, кардиналдардың деканы Ватикандағы кеңсе терезесінен шығып «Хабемус Папам!», яғни, «біздің енді жаңа Папамыз, жаңа Жетекшіміз бар!» деп жариялайды.

Профессор Джилздың айтуынша, көп жағдайда жаңа үміткер ретінде қате ұсыныстар болып жатады екен. Мысалы, кезінде көпшілік Иоанн Павел ІІ-ні, өз есімімен айтсақ - Карел Йозеф Войтыланы да, осы орынға сайланады деп есептемепті. Джилздің пікірінше, бұл жолы Католиктер басшылығына Еуропаға қоса Африка, Азия және Латин Америкасынан үміткерлер қосылуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG