Accessibility links

Әндіжандағы оқиғадан соң Өзбекстан Қазақстанмен шекарасын жапты


Өзбекстанның Әндіжан қаласында мамырдың 13-не қараған түні қарулы топ абақтыға қарулы шабуыл жасап, қамауда отырған көп адамды босатып жібергені туралы ақпарат келіп түскеннен кейін, Қазақстан тарапы Өзбекстанмен арадағы мемлекеттік шекараны күзету тәртібін күшейткен.

Бұл туралы жұма күні Азаттық радиосына Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров хабарлады. Оның айтуынша, Қазақстан жағынан мемлекеттік шекара жабылмаған. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер басқармасының өкілі Нұралы Әтиевтің Азаттық радиосына айтуынша, қазақ-өзбек шекарасы жұма күні Өзбекстан жағынан жабылған.

Көршілес елдегі ішкі саяси ахуалдың күрт шиеленісуіне Қазақстан қоғамы да баса назар аударып отыр.

- Өзбекстандағы қарапайым халық өз әлеуметтік жағдайының нашарлығына әбден ашынған, олардың басым көпшілігі елді басқарып отырған Ислам Кәрімовты жек көреді. Сол себепті Әндіжан қаласындағы жағдайға жол беріліп отыр, - дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Оның пікірінше, Өзбекстанда жағдай ушығып кетсе, Қазақстанға заңсыз түрде келушілер көбеймек.

- Өзбекстандағы жағдай Қырғызстаннан да өршігіп кетуі мүмкін. Елдің саяи мәдениеті өте төмен. Ол жақта орыс, кәріс диаспорасы көп. Бұдан Қазақстанға төнетін қауіп артады, заңсыз көші-қонға жол беріледі. Өзбекстандағы орыстар мен кәрістер Қазақстанға қарай жылжитын болады, - дейді қазақстандық саясаттанушы.

Ә.Ғали Әндіжан қаласындағы көтерілісті ұйымдастырып отырғандар - дала әскері болуы ықтимал деген пікір айтады:

- Өзбекстанда оппозиция бәсең, бірақ онда әскери оппозиция деген бар. Кезінде Өзбекстан Ауғанстандағы және Тәжікстандағы дала әскерін жинаған болатын. Олар қазір бақылаудан шықты. Әндіжан қаласындағы қарулы топ - сол әскери оппозиция болуы да мүмкін.

Қазақстанда іссапармен жүрген Өзбекстан азаматы, кәсіпкер Абдулла Рустамов өз елінде әлеуметтік белең алып отырған басты проблемалардың бірі – жұмыссыздық екенін айтады:

- Ташкенттен келдім, өзім құрылыс маманымын, осында кәсіпкерлік мақсатпен келгем. Өзбекстанда жұмыссыздық көп, халық әбден шаршады. Дегенмен жұмыс болады деп үміттенеді әлі де.

Қазақстанға Өзбекстаннан келген оралман, қазірде Қазақстан азаматы Бахыт Бағлан, Әндіжан қаласының абақтысынан босатылғандар халық үшін қауіпті емес деп санайды:

- Менің білуімше, Әндіжан қаласындағы абақтыда қылмыстың жеңіл түрімен отырғандар. Аса ауыр қылмыс жасағандар – Қарақалпақстандағы түрмеде отырады. Ал енді осы босап кеткендер қарапайым халық үшін қауіпті деп, одан трагедия жасаудың қажеті жоқ. Ондағы түрмелердегі жағдай өте төмен. Оны халықаралық ұйымдар да айтқан. Онда «Хизб ут-Тахрирға» қатысы бар деп, жазықсыз отырғызылғандар көп. Халық титықтаған, жағдайы өте нашар. Өзбекстан алтын өндіруден әлемде алтыншы орында, мақтадан - екінші орында. Бірақ, сөйте тұра елде дұрыс жағдай жоқ. Өйткені - тұйық саясат. Халық қараңғыда отыр.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Әндіжан қаласындағы жағдайды бақылауда ұстап отыр деп хабарлады, жұма күні осы мекеменің баспасөз қызметі. Министрлік Әндіжанда Қазақстан азаматтары жоқ деп хабарлап отыр.

Бүгінгі таңда Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің консулдық есебінде Қазақстанның 750 азаматы тіркеуде тұр екен. Сыртқы істер министрлігінің берген мәліметтері бойынша, әлгі қазақстандықтар, негізінен, Ташкент қаласы мен Ташкент және Сырдария облыстарында жүрген көрінеді.
XS
SM
MD
LG