Accessibility links

Өзбекстандағы оқиғалардың төркіні неде?


Қазақстанда қарапайым азаматтар мен сарапшылар Өзбекстандағы Әндіжан қаласында болған оқиғаны Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың жүргізіп отырған саясаты және халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауымен байланыстырады.

Қазірде Қазақстанда маусымдық жұмыстарға жалданып жүрген өзбекстандық азаматтар аз емес. 43 жастағы Фархат Алматыға Ферғанадан кәсіп іздеп келіп, осындағы құрылыстардың бірінде қара жұмыс атқарады. Фархат мамырдың 13-іне қараған түні Әндіжанда белгісіз қарулы топтың қаладағы түрмеге шабуыл жасап, түрменің бірнеше күзетшісін атып өлтіргені және билікке наразылық шараларының басталғаны туралы ақпаратты ресейлік бұқаралық ақпарат құралынан естіп білді. Ал Өзбекстан Республикасының Алматыдағы елшілік қызметкерлері жұма күні Әндіжанда болған оқиғаға байланысты қандай да бір ақпарат беруден бас тартып отыр.

- Ташкенттен келетін ресми хабарларды күтеміз, әзірге бізде ақпарат бар, бірақ ол нақтылануы керек, - деді жұма күні түс кезінде Өзбекстанның Алматыдағы елшілігінің бірінші хатшысы Ақмат Хәкімов «Азаттық» радиосының тілшісіне.

Ал Алматыда айына 100 АҚШ доллары үшін құрылыста жұмыс істеп жүрген Фархат, Әндіжанда орын алған оқиғаның төркіні – халықтың әлеуметтік хал-ахуалының жылдан-жылға нашарлап кетуінен деп санайды.

- Елді басқарып отырғандар халықты қинамаса, ондай жағдай болмас еді. Біздегі халықтың 95 пайызы жұмыссыз, мен де сол бала-шағамды асырау үшін осында жұмыс іздеп келіп отырмын, - дейді Фархат.

Өзбекстандағы жағдайдың шиеленісіп кетуіне биліктің өзі себепші болды деген пікірді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев та айтады:

- Себебі, Кеңес Одағы ыдырағаннан бері, Өзбекстан тәуелсіздігін алған уақыттан бастап, қоғамның түрлі саласындағы халықтың пікірі біртіндеп назардан тыс қалды. Ресми Ташкент демократиялық оппозицияны жоюға тырысты, осының салдарынан төменгі жақта биліктің іс-әрекетіне наразы болушылар көбейе бастады.

Қазақстандық саясаттанушылар Өзбекстандағыдай жағдайды онымен көршілес Орта Азияның басқа да мемлекеттерінен байқауға болады дейді. Алайда, Өзбекстандағы жағдайды қиын деп бағалап отырған Қазақстанның Азаматтық партиясының жетекшісі Азат Перуашев, ол елді Қазақстанмен салыстыруға болмайды деп санайды.

- Себебі, Қазақстанда азаматтардың құқығы қорғалады, республикада сөз бостандығы бар, - дейді ол.

Бірақ, бұл оймен Қазақстан оппозициясының өкілі, “Әділетті Қазақстан” қозғалысының Алматы қалалық бөлімінің жетекшісі Маржан Аспандиярова келіспейді:

- Орталық Азия мемлекеттеріндегі жағдай бір-біріне ұқсас. Біз демократияға бағытталған ел боламыз десек те, біздің мемлекеттерде саяси реформалар, саяси өзгерістер арта қалып отыр. Қағаз жүзінде бар да, іс жүзінде жоқ.

Ал қазақстандық тағы бір саясаттанушы Ерлан Қарин, егер Қазақстан үкіметі саяси оппозицияға қысым көрсете берсе, Өзбекстандағы оқиға Қазақстанда да қайталануы мүмкін екенін айтады.

- Қазақстанда мұндай жағдай қайталанбас үшін билік оппозицияны қуғын-сүргінге салмай, негізі, елдің даму бағыттары бойынша, белгілі бір диалог процесстерді өрбітуі керек. Өкінішке қарай, Шымкентте және Өскеменде болған оқиғаларға қарап, биліктің өзі арандатушылықты ұйымдастырып отырғанын байқауға болады. Демек, биліктің өзі халықты далаға шығуға, наразылық білдіруге итермелеп отыр.
XS
SM
MD
LG