Accessibility links

Арнаулы қызмет жетекшілері "түрлі-түсті төңкерістерге" негіз жоқ дейді


Ресей, Қазақстан және Беларусь арнаулы қызмет мекемелерінің жетекшілері бұл елдерде "түрлі-түсті төңкерістерге" негіз жоқ деп есептейді.

Мамырдың 20-сында Астанада Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздік органдары мен арнайы қызметтері басшыларының кезекті кеңесі болып өтті. Онда қаралған мәселелер ішінде террористік және экстремистік ұйымдарға қарсы күрес, қару-жарақ, есірткі мен радиоактивті заттардың айналымын бақылауға ден қойылған. Арнаулы қызмет басшылары журналистермен кездесуінде ТМД аумағында түрлі-түсті төңкерістерге алғышарттар жоқ деген пікірлерін айтты.

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаевтың айтуынша, ТМД-ға мүше мемлекеттер қауіпсіздік органдары мен арнайы қызмет басшыларының кезекті 18-ші кездесуінде 20 мәселе қаралыпты.

- Оған он мемлекеттің арнаулы қызмет жетекшілері қатысса, Өзбекстан мен Түркменстанның арнаулы қызмет басшылары бақылаушы ретінде қатысты, - деді Нартай Дүтбаев.

Отырысқа төрағалық еткен Ресей Федерациясы федералдық қауіпсіздік қызметінің директоры Николай Патрушевтың айтуынша, бұл жолғы кездесуде осы он ел аумағында террорлық актілер жасауға қатысы бар адамдардың ортақ дактилоскопиялық (саусақ таңбасы) мәлімет базасын құруға қол жеткізілгендігін атап өтті.

Николай Патрушев бұған дейін де Өзбекстан жағының халықаралық іздеу жариялауына байланысты Ресейде бас сауғалап жүрген, «Хизб ут-Тахрир» ұйымына қатысы бар деген бір топ күдіктілер Өзбекстанға экстрадициялық жолмен өткізілгенін айтты. Журналистердің АҚШ президенті Джордж Буштың ТМД аумағында демократиялық өзгерістер болуына қатысты мәлімдемесіне арнаулы қызмет басшылары әрқилы жауап берді.

Қазақстан ұлттық қаупісіздік комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаев, түрлі-түсті төңкеріс халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмысының төмендеп кетуінен туындайды деген пікір білдірді.

- Мен экономикасы қалыпты дамып келе жатқан Қазақстанда түрлі-түсті төңкеріс қандай нәрседен туындауы мүмкін екендігін көріп отырған жоқпын, - деді Нартай Дүтбаев.

Беларусь қауіпсіздік қызметінің басшысы Степан Сухоренко "төңкеріске қажетті алғышарттар болуы тиіс, ал қазір Беларусь мемлекетінде әлеуметтік-саяси жағдай қалыпты болғандықтан, оған алғышарттар жоқ" деген пікір айтты. Ал, Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің директоры Николай Патрушев:

- Әрбір елде өзгерістер Конституциялық заңдарды біртіндеп өзгерту арқылы жүзеге асырылады. Ол - мемлекеттің қалыпты демократиялық дамуы болып саналады. Қысым жасау арқылы демократияны экспорттаудың бізге қажеті жоқ, - деді.

Қырғызстанның қауіпсіздік қызметінің басшысы Бейсенбай Жүнісов Өзбекстандағы Әндіжан оқиғасы кезінде Қырғызстан аумағына өтіп кеткен 538 адамды әлі күнге дейін еліне қайтара алмай отырғандықтарын айтты. ТМД-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік органдары басшыларының келесі кездесуі 2006 жылы Украинада өткізілмек.
XS
SM
MD
LG