Accessibility links

Ұлттық қордағы ақшаны негізінен алты мұнай компаниясының салығы құрайды


Қазақстан ұлттық қорындағы 5 миллиард доллардан астам қаржысы шетел банктерінде сақтаулы. Үкімет ол қаражатты қалай пайдалану қажеттігі жөнінде тұжырымдама әзірлеп жатыр. Қаржы министрі Арман Дунаевтың айтуынша, аталған құжат 2007 жылдан бастап күшіне енуі керек.

Сонымен қаржы министрінің сөздеріне сенсек, осыған дейін Қазақстанның мұнай экспорттайтын ірі алты компаниясының мұнайдан түскен табысы ғана ұлттық қорға түсіп келсе, жаңа құжатқа сәйкес, Қазақстандағы барлық мұнай секторларының табысы ұлттық қорға түсетін болады. Содан кейін ғана ұлттық қордағы қаражатты Үкімет тиісінше, бюджетке бөліп отырады. Алайда Парламент депутаттары Үкіметтің жаңа тұжырымдамасы жүзеге асатын болса, онда Қазақстандағы шикізаттан түсетін қаражат жабық болады. Осыдан нағыз коррупция дамиды деп алаңдауда.

Қазақстан Үкіметі мұнай секторынан түсетін қаражатты мүмкіндігінше ел экономикасына жұмсамауды ойластырып отыр. Мұның себебін Қаржы министрі Арман Дунаев елдегі инфлияцияның күшеюі мен өндірістік орындарындағы бәсекенің тежеліп тұруымен түсіндіреді. Оның айтуынша, 2000 жылдан бері Қазақстан экономикасында мұнайдан түскен қаражаттың есепсіз жұмсалуы, халықтың әлеуметтік жағдайын біршама көтергенімен голландық аурудың қаупін тудырып отыр.

- Сондықтан да Қазақстандағы барлық мұнай секторынан түсетін салықтың барлығы тек Ұлттық қорға жіберілуі үшін жаңа құжат әзірлеп жатырмыз. Әзірленіп жатқан тұжырымдамаға сәйкес, мемлекет қазынасына қаржы ұлттық қор арқылы келетін болады. Ал ұлттық қордағы қаржыны тек инфраструктураны, өндірістік мекемелерді және білім беруді дамыту бағдарламасына жұмсаймыз, - дейді Қазақстанның қаржы министрі Арман Дунаев.

Қазіргі Ұлттық қордағы 5 млрд доллардың үстіндегі қаржы – мұнай экспорттайтын алты мұнай компаниясынан ғана түскен қаражат екен. Мәжіліс депутаты Владимир Бобров Ұлттық қордағы ақшаны пайдалануға қатысты Үкіметтің әзірлеп жатқан тұжырымдамасымен келіспейді. Оның пікірінше, халық мұнайдан қанша ақша түсіп жатқанын білмей шатасады.

- Депутаттарға да мемлекет қазынасындағы қаржының қайдан келгенін анықтау қиын болады, - дейді депутат Владимир Бобров.

Алайда, қаржы министрі Арман Дунаев керісінше жаңа құжатқа сәйкес, мұнай компанияларының табысы ашық болады дейді. Оның сөзіне қарағанда, қайсы мұнай компанияларының салығы қанша болды, ұлттық қорға аударылар кезде ақпарат құралдарына ашық жазылады. Дегенмен депутаттардың дені ақшаның ұлттық қорда босқа жатқанын қаламайды.

Олардың айтуынша, егер ол қаражат ешқайда жұмсалмай шетелдің банктерінде сақталып жата берсе, Қазақстан экономикасы үлкен банкортқа ұшырауы мүмкін. Мысалы, депутат Бобровтың айтуынша, зейнетақы қорындағы млрд-таған қаражат инфлияцияның салдарынан күйіп кеткен.

- Қазірдің өзінде сол қаражатты ұлттық теңгеге айырбастасақ, ұтылысқа ұшыраймыз, - дейді депутат Бобров.

Ал Мәжіліс депутаты Оңалбай Аяшевтың пікірінше, Ұлттық қордағы қаржыны ауылшарушылығын дамытуға жұмсау керек. Коммунистік партияның жетекшісі Серікболсын Әбділдин ұлттық қордағы қаражат нарықта жүру керектігін айтады. Оның пікірінше, келешекті ойлау үшін, қазіргі балалардың қарны тоқ, білімі жоғары болу керек.

Ұлттық қорда жиналған қаражатқа сәйкес, Қазақстандағы демократиялық күштердің өздерінің тұжырымдамалары бар. Олардың айтуынша, ол қаржылар халықтың тұрмысына, біліміне, денсаулығына жұмсалуы тиіс.
XS
SM
MD
LG