Accessibility links

Қазақ-қытай қарым-қатынастары

  • Гүлмира ХАМЗА

Шілденің 13 күні Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесі Премьер-министрінің орынбасары У И-дің Қазақстанға сапары басталды. Екі күнге созылатын сапар барысында У И өзінің қазақстандық әріптестері және екі мемлекет кәсіпкерлерімен кездеседі деп күтіліп отыр. Ресми Астана мен ресми Бейжің арасында қалыптасып отырған қарым-қатынасты қазақстандық саясаткерлер әртүрлі бағалайды. Бір тобы бұл Қазақстанның алдыға жылжуына үлесін қосады десе, екіншілері мұндай қарым-қатынастан Қазақстан халқы пайда көрмейді деген ой айтады.

Рабиға Асанова балаларын асырау үшін сауда жасайды. Ал сауда жасау үшін ол Қытайға жиі барып тұрады. Қытайға ол жұмыс бабымен барады, арасында сол жақта демалатынын айтады.

- Қытайға барып, үйреніп қалдым. Ол жақта маған қатты ұнайды, таза, көрсетілетін қызмет сапасы өте жоғары, - дейді Рабиға Асанова.

Рабиға сияқты азаматтарды екі мемлекет арасында тасып, қызмет көрсетіп жүрген туристік компания мамандарының айтуынша, соңғы жылдары Қытайға барамын дейтін қазақстандықтардың саны көбейіп отыр. Алматыдағы бір туристік компанияның қызметкері Эльмира Қайырханованың айтуынша, кейде барамын деушілерге билет жетпей қалады.

- Қазір бір апта болды билет жоқ. Бұрын билетті жол жүретін күні алатынбыз. Түрлі кездесулер мен көрмелер болып жатыр ғой деймін, барушылар өте көп, - дейді туристік компания қызметкері Эльмира Қайырханова.

Қытайға барамын деушілердің көптігін туристік компания өкілдері сонымен қатар, екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығая түскенімен түсіндіреді. Саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Камал Бұрхановтың пікірінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас болашақта да нығая түсуі керек.

- Мәселен, Атасу-Алашанькоу іске қосылып жатыр. Демек, біз мұнайымызды ешбір делдалсыз тікелей Қытайға сатамыз. Бұл Қазақстан экономикасына өте пайдалы.

Шілде айының басында Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер жетекшілерінің саммиті өтті, бұл саммит шеңберінде арнайы фестиваль ұйымдастырылды. Шілденің 13 күні Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесі Премьер-министрінің орынбасары У И-дің Қазақстанға сапары басталды. Бұл оқиғалардың барлығын қазақстандық саясаткер Әміржан Қосанов ресми Астананың президент сайлауы алдындағы жүргізіп отырған саясатымен байланыстырып отыр.

- Қазіргі таңда, АҚШ пен Еуропа біздің режиммен таза демократиялық стандарттар төңірегінде сөйлесіп жатыр. Өткен сайлауларды халықаралық ұйымдар сынға алғаны белгілі. Алда бізде тағы да үлкен сайлау келе жатыр. Бұл сайлауда президент Нұрсұлтан Назарбаев заңды болсын, заңсыз болсын жеңіске жеткісі келеді. Сол себептен республика президенті Қытай факторын сол жақтан шыққан сынға тосқауыл ретінде пайдаланғысы келеді, - дейді Әміржан Қосанов.

Ал, экономикалық тұрғыдан алғанда, саясаткердің ойынша екі ел қарым-қатынасынан Қазақстан халқы пайда көрмейді.

- Қазақстанды Қытай мемлекеті терезесі тең әріптес ретінде қабылдап отырған жоқ. Құдай мұнай бергендіктен сол мұнайдың иесі ретінде қарап отыр. Біз шикізатымызды жан-жаққа жіберіп жатырмыз, одан біздің экономикамыз өркендеп жатқан жоқ, шикізат өңдейтін зауыттар салынып жатқан жоқ. Алайда, болашақта бұл шикізаттың бағасы құлдырайды немесе бұл шикізат керек болмай қалады-ау деп ешкім алаңдап отырған жоқ, - дейді саясаткер Әміржан Қосанов.

Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесі Премьер-министрінің орынбасары У И Астанада әріптестерімен кездесіп, екі мемлекет кәсіпкерлерінің бизнес-форумына қатысады деп күтіліп отыр.
XS
SM
MD
LG