Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.20.2005 жыл


Мерзімді басылымдар Пәкістан мен Ауғаныстан шекарасында қаза тапқан содырлардан Қазақстан құжаттарының табылғандығына баса назар аударыпты. Жексенбі күні Пәкістанның әскери өкілі генерал-лейтенант Шавкат Сұлтан қаза тапқан содырлардың төртеуінің Қазақстан азаматтары екендігін айтса, дүйсенбі күні ол қаза тапқандардың барлығының да Қазақстан азаматтары екендігін ресми түрде мәлімдеген. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Тайыр Мансұров та сәрсенбі күні жарық көрген кейбір басылымдардың басты қаһарманына айналыпты.

“Экспресс К” басылымы Франс Пресс агенттігінің Пәкістанның ресми орындарының, Пәкістан мен Ауғаныстан шекарасында қарулы қақтығыс кезінде қаза тапқандардың барлығының да Қазақстан азаматтары екендігі жөнінде мәлімет таратқандығын хабарлапты. Автор өз мақаласында 17 шілде күні Мираншах қаласында халықаралық коалиция күштері мен содырлардың арасында қарулы қақтығыстың орын алғандығы және соның салдарынан 17 адамның қаза тауып, 16 содырдың қалай тұтқынға алынғандығының тарихына тоқталыпты. Франс Пресс агенттігінің хабарлауынша, қаза тапқандардың 15-і әйел, 2-і бала және 2-і ер азамат. Қарулы қақтығыс барысында әйелдердің көп қаза табуының сырын мақала авторы, оқтан қорғану үшін содырлардың әйелдерді қалқан ретінде пайдаланғандығымен, ал оларға қарсы оқ атқан солдаттардың кімдердің көзін жойып жатқандарына аса мән бермегендігімен түсіндіріпті. Газет тілшісінің хабарлауынша, жексенбі күні Пәкістанның әскери өкілі генерал-лейтенант Шавкат Сұлтан қаза тапқан содырлардың төртеуінің Қазақстан азаматтары екендігін айтса, дүйсенбі күні ол ресми түрде қаза тапқандардың барлығының да қазақстандықтар екендігін мәлімдеген. Сондай-ақ мақалада осы орын алған оқиғаға орай Қазақстан Республикасы өкілдігінің Пәкістанның Сыртқы Істер Министрлігіне ресми сұрау салғандығы да баяндалыпты.

“Газета kz” басылымы Қазақстан Сыртқы Істер министрлігінің, Пәкістанда қаза тапқан содырлардан Қазақстан құжаттарының табылғандығына байланысты түсініктеме бермей отырғандығына база назар аударыпты. Автор өз мақаласында қарулы қақтығыс орын алған солтүстік Вазирстанның пуштундар тайпасының мекендейтін аймақ екендігіне тоқталып, олардың талибтармен одақтастығын атап өтіпті. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, таяуда Америка Құрама Штатының Орталық барлау басқармасының директоры Портер Госсе “Әл-Қайда” экстремистік ұйымының басшысы Усама бен Ладеннің пуштундар тайпасымен байланысы бар екендігі туралы болжам айтыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, оқиға орын алардан аз уақыт қана бұрын, Солтүстік Вазирстанда мыңдаған адам қатысқан шеру өтіп, олар Америка Құрама Штатына қарсы өз наразылықтарын білдірген.

“Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасы Пәкістандағы Қазақстан елшілігінің баспасөз хатшысы Ернұр Тұяқбаевтың бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында “Пәкістанға келетін қазақстандық азаматтардың міндетті түрде консулдық бөлімде тіркеуге алынатындығы және ресми түрде Солтүстік Вазирстанда дәл қазіргі уақытта қазақстандық азаматтардың тұрып жатпағандығы туралы ақпарат таратқандығын хабарлапты.

Ал, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Тайыр Мансұров “Айқын”, және “Литер” басылымдарының басты қаһарманына айналыпты. Ал оған “Солтүстік Қазақстан облысы” атты энциклопедияның шығуы мұрындық болып отыр. “Литер” газетінде жарық көрген Зәуре Жұмалиеваның мақаласында “Солтүстік Қазақстан облысы” атты энциклопедияда облыс әкімі Тайыр Мансұровтың 20 фотосуретінің бар екендігі Петропавловск қаласы тұрғындарының наразылығын туғызғандығы баяндалыпты.

Ал, “Айқын” газетінде жарық көрген “Тарихта, талай боздақ қалмаса да Тайыр қалады” атты мақалада да аталмыш энциклопедияға қатысты сын айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Тайыр Мансұровтың 20 фотосуреті берілген энциклопедияға, солтүстікқазақстандық 228 мемлекеттік саяси қайраткер мен әдебиет мәдениет қайраткерлерінің бейнелері енгізілмей қалған.
XS
SM
MD
LG