Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.09.2005 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдарда негізінен Қазақстандағы президент сайлауының мерзімі төңірегінде сөз қозғаған мақалалар жарық көріпті.

“Айқын” газетінің сейсенбілік санында жарияланған “Жоғарыдағы “жасырынбақ” жалғасатын болды немесе ғасырдан ұзақ үзіліс хақында” деп аталатын мақала авторы Бесбоғда Алтай, елдегі президент сайлауының мерзімі төңірегіндегі мәселені балалардың жасырынбақ ойынына теңепті. Тілшінің жазуынша, Конституциялық Кеңестің ашық отырысына қатысқан Конституциялық Кеңес, Үкімет, Бас прокуратура және Орталық сайлау комиссиясының өкілдерінің ешқайсысы да сайлау мерзімі туралы нақты ештеңе айтпай, бір-біріне сілтеп отыр. Оратлық сайлау комиссиясының өкілі сайлау комиссиясының бұл мәселені шешуге құзыретті емес екендігін, алайда комиссия төрағасы сайлаудың 2006 жылы өткендігін қалайды, оны сайлау комиссиясының өзге мүшесі қолдайды дегенді айтса, Үкімет атынан келген әділет вице-министрі Дулат Қосдәулетов те Үкіметтің бұл мәселені шешуге өкілетті еместігін мәлімдеп бойларын ала қашты деп жазады газет тілшісі.

“Жас Алаш” газетінің тілшісі Мұхтар Жанұзақұлы ресейлік баспасөзге жасаған шолуында ресейлік “Независимая газета” басылымында жарияланған мақалаға назар аударыпты. Онда, Астана мен Алматыда бүйірінде: “Орыстар мен казактар және славяндар Нұрсұлтанмен бірге, Ресей де бізбен бірге! Сен кім жағындасың?... Назарбаевқа “Иә” дейік” деген жазу жазылған шағын автобустардың жүріп жүргені сөз болыпты. Ресейлік газет тілшісі егер Назарбаев өзінің сайлау науқанын Путин атымен байланыстырып өткізетін болса, онда Украинадағы президент сайлауында Ресейге арқа сүйеймін деп жеңілген Януковичтің жағдайына тап болуы да мүмкін деп түйіндепті.

Ал “Известия” газетінің қазақстандық қосымшасында жарияланған мақалада ешбір мемлекеттік органның президент сайлауына қатысты нақты ештеңе айта алмай отырғандықтан, аталған мәселеге қатысты отырыстың алдағы жұмаға қалдырылғандығы жазылыпты. Жиналғандардың ішінде өз ойын нақты айтқан тек Ұлттық Академия академигі Марат Баймаханов болды. Ол Конституция баптарына сараптама жасаған соң, президент сайлауының 2006 жылы өткені дұрыс деген қорытындыға келді деп жазады газет тілшісі.

“Литер” газетінде жарияланған “Оппозиционные технологии” деп аталатын мақала авторы Равиль Усманов Конституциялық Кеңес президент сайлауы мерзімін анықтауда үзіліс жариялаған кезде билік те, оппозиция күштері де сайлау алдындағы науқандарын астап кетті деп жазады. Газет тілшісі жер даулап Алматы қаласы әкімінің ордасына барған бір топ азаматтардың әрекетін оппозицияның тырнақ астынан кір іздеп ұйымдатырған ісі болуы мүмкін деген ой айтыпты. Сөйтіп әлеуметтік проблемаларды қоздыру арқылы хаолық арасында қазіргі билік туралы теріс пікір таратуға тырысып жатыр деген тілші мұндай жағдай Қырғызстанда болғанын айтып бұл идеяның авторлары “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысымен жұмыс істеп жатқан ресейлік саяси технологтар деп түйіндепті.
XS
SM
MD
LG