Accessibility links

Алматы экономикалық соты оппозициялық басылымның шығуына тиым салды


Желтоқсанның 22 күні «Жұма-таймс» газеті жарыққа шықпай қалды. Алматы қалалық мамандандырылған экономикалық сотының желтоқсанның 20-күні шығарған анықтамасына сүйенген Алматыдағы «Дәуір» баспаханасы оппозициялық газетті басудан бас тартты. Соттың анықтамасында Алматыдағы Әуезов аудандық прокуратурасының берген талабы бойынша «Жұмаш Көкбөрі» жауапкершілігі шектеулі серіктестікті заңды тұлға ретінде жою және ол құрылтайшылық етіп отырған «Жұма-таймс» газетін жабу жөніндегі мәселе сотта қаралып, тиісті шешім қабылданғанға дейін газетті шығару тоқтатылатыны жазылған. Ал оппозициялық басылым редакциясының мүшелері сот анықтамасы туралы өздерінің тек сәрсенбі күні түстен кейін баспаханадан естіп-білгендерін айтады.

Бейсенбі күні Қазақстандағы санаулы оппозициялық басылымның бірі - «Жұма-таймс» газетінің кезекті саны шықпай қалды. Редакция ұжымы сәрсенбіге дейін газеттің 2005 жылғы соңғы санын дайындаған еді. Алайда, сол күні «Дәуір» баспаханасы газеттің бұл санын басып беруден бас тартқан. Оның себебін баспахана мамандары арнайы орган өкілдерінің ескертуімен түсіндірген.

«Газетің жаңа жылдың алдындағы санын дайындап жатқанбыз, бірақ біз басылым шықпас бұрын алдын ала қанша газет шығаратынымызды айтып, тапсырыс береміз. Міне, осы жолы солай тапсырыс бермек болғанымызда баспахана мамандары біздің басылымға қатысты іспен өздеріне сот орындаушылары келмек екенін, сол себепті газетті басуды немесе баспайтынын білмей отырғандарын хабарлады. Соңынан біз қайтадан анықтап білгенімізде, баспаханаға Алматы қалалық мамандандырылған экономикалық сотының орындаушылары келіп, желтоқсанның 20-күні болған соттың анықтамасын көрсеткені мәлім болды. Онда «Жұмаш Көкбөрі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін жою жөнінде және осы серіктестіктің құрылтайшы болуымен жарық көріп келе жатқан «Жұма-таймс» газетінің шығуына тиым салу туралы жазылыпты. Осыған байланысты баспахана қызметкерлері газетті басып шығарудан бас тартты», - дейді «Жұма-таймс» газеті редакторының орынбасары Бақыткүл Мәкімбай.

Алматының Әуезов аудандық прокуратурасынан «Жұма-таймс» газетіне байланысты тұщымды жауап алу мүмкін болмады. Ал «Жұма-таймс» газетінің құрылтайшысы Жұмаш Кенебай мырза газетті арнайы орган өкілдері заңсыз шығармай отыр дегенді айтады.

«Біз баспасөз туралы заңды қарап отырмыз және әкімшілік туралы заңда, мысалы, жауапкершілігі шектеулі серіктестікте газеттің жұмысын тоқтатуға оның құрылтайшысы немесе сот қана құқылы деп жазған. Ал бұл жерде соттан да, құрылтайшыдан да бұрын прокуратура ойына келгенін істеп отыр», - дейді газеттің құрылтайшысы Жұмаш Кенебай.

«Жұма-таймс» газетіне қатысты іс желтоқсанның 23-күні Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотта қаралатын болады. Ал газет редакциясының ұжымы істің соңына дейін барып, өз парызын орындайтынын айтады.

«Биліктегілер әрдайым бізді жапқысы келеді, бірақ біз өз жұмысымызды тоқтатпаймыз, жаңа жылдан кейін өз оқырмандарымызбен кездесеміз деп ойлаймын. Себебі, билік өкілдері қанша тырысқанымен олар шындықты жоя алмайды, Құдай бізге сөзді айту үшін берген, оны бізден ешкім ала алмайды. Сондықтан барлығы алда деп ойлаймын», - дейді «Жұма-таймс» газеті редакторының орынбасары Бақыткүл Мәкімбай.

Бүгінгі таңда «Жұма-таймс» газетінің ұжымы газетке қарсы жиі болатын соттардан өздерінің шаршағандарын айтады. Дегенмен, бір жағынан бұл оппозициялық басылымда жұмыс істеп жүрген журналистерді жігерлендіре түседі, дейді олар.

«Бұл газетті жауып тынады деген болжам бар менде. Себебі, бізді көптен бері соттап жатыр, кейде сыртымыздан соттайды. Сол себептен біз мұндай құбылысқа үйреніп кеткенбіз. Оған қарамастан біздің оқырмандарымыздың саны азайып отырған жоқ, бізді жиі соттауына қарағанда билік бізден қорқатынын білеміз», - дейді «Жұма-таймс» газетінің тілшісі Марат Уатқан.

Қазіргі кезде оппозициялық «Жұма-таймс» басылымының жетекшілері мен тілшілері газет төңірегінде соңғы айларда орын алған заңсыздықтарға байланысты соттан әділдік іздеп жүр.
XS
SM
MD
LG