Accessibility links

Президент инаугурациясына келген шетелдік қонақтар салтанатты рәсімнен кейін бірден өздерінің мәселелерін шешуге кірісті

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

11-қаңтарда болған Қазақстан президентін ұлықтау рәсімінен кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірден шетелден келген қонақтарды қабылдап, олармен жеке кездесулер өткізді. Сонымен қатар Қазақстанға келген көрші мемлекеттің президенттері де бір-бірімен өз елдеріндегі шешімін таппаған экономикалық мәселелер жөнінде келіссөздер өткізді.

Астанада Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Виктор Ющенко арасында көгілдір отын мәселесіне қатысты екі жақты кездесу өтті. Бір жарым сағатқа созылған екі жақты кездесуден кейін, бірінші болып сөз алған Ресей президенті Владимир Путин Ресей мен Украина арасындағы газ мәселесіне қатысты өткен 4-қаңтарда болған келіссөз күшінде қалғанын айтты.

«Өйткені, ол бұл келіссөз толықтай нарықтық экономиканың талаптарына жауап береді», – деді Ресей президенті.

Сонымен қатар Владимир Путин сөзінде:

«Бізге баға маңызды емес, бізге маңыздысы еуропалық формуланың есебі. Біз бүгін айтып отырған 1000 текше метрі үшін 230 доллар деген баға мүмкін ертең тағы да өсер не болмаса төмендер, әрине, егер баға төмендесе, онымен де келісеміз, бізді қуантып отырған мәселе, екі жақ өзара компромисске келдік. Бұл нәтиже тек энергетика саласында ғана емес, басқа да салалардағы ынтымақтастықта оң нәтижесін береді деген ойлаймын», – деді.

Ал өз сөзінде Украина президенті Виктор Ющенко, өткен жылдың аяғындағы екі мемлекет арасындағы келіспеушілік жаңа жылда жаңа нәтиже берді деп ойлайтынын айтты.

«Өйткені біз осы келіспеушіліктер арқылы таза келіссөздерге қол жеткіздік», – деді Украина президенті.

Украина басшысы, сонымен қатар, журналистерге қазір өз елінде болып жатқан саяси ахуалға да тоқталып өтті. Оның сөзіне қарағанда еліндегі парламентінің үкіметті отставкаға жібергені қисынсыз.

«Парламент сайлауына 80 күн қалғанда Укранинаға мұндай шешім дұрыс деп ойламаймын. Бұл шешім бір ғана нәрсені аңғартады. Ол – жағдайды тұрақсыздандыру. Бұл Украинаның саяси сахнасынан әзер кетіп бара жатқан баяғы биліктің қадамы. Сондықтан мен халықты, тек ынтымақтыққа шақырамын. Мен бұл мәселеден трагедия көріп тұрғаным жоқ. Бұл Украина саясаты көтеретін сын ғана», – деді Украина басшысы Виктор Ющенко.

Сонымен қатар Виктор Ющенконың сапарынан белгілі болғаны – қаңтар айының 22-інде «Қазмұнайгаз» компаниясы мен Украинаның «Нафтогаз» компаниясы тең негізде мұнай және газ кеніштерін барлау жөнінде келісімге келмек. Сөз арасында Ющенко Қазақстанда өткен президенттің инаугурациясына қатысты өз пікірін де білдірді.

«Біз өте маңызды оқиғаның куәсі болдық. Мәселе тек Қазақстан президентінің инаугурациясында ғана емес, Біз Қазақстанда соңғы жылдары болып жатқан айрықша оқиғаларға Қазақстан халқы мен президентіне деген құрметімізді білдіргіміз келеді, Қазақстанның Украина секілді мәңгі досы бар», - деп аяқтады өз сөзін Виктор Ющенко.

Ал Қазақстан басшысымен жеке кездесу өткізген Жапония парламентінің сыртқы саясат жөніндегі комитетінің басшысы Нобутака Мачимура Қазақстан президентімен кездесуінде екі елдің ынтымақтастығы туралы сөз қозғалып, жапондық техникаларды қазақстандық шағын және орта кәсіпкерлерге беру мүмкіндіктері жөнінде биыл наурыз айында Астанада өтетін Жапония-Қазақстан бірлескен экономикалық кеңесі туралы сөз болғанын айтты.

Өз кезегінде сөз алған Испания сыртқы істер министрі Мигель Анхель Моратинос Испания королі мен өзі елі халқының үлкен сәлемін алып келгенін айтты. Ол Қазақстанды өзінің Орталық Азия елдерімен саяси, экономикалық және мәдени байланыстарындағы тірегі деп есептейтіндігін жеткізді.

Сонымен қатар Президент инаугурациясынан кейін Грузия президенті Михаил Саакашвили Қазақстандағы жетекші банктердің бірі болып саналатын «ТұранӘлемБанктің» басқарма бастығы Мұхтар Аблязовпен кездесті. Кездесуде белгілі болғандай, үстіміздегі жылдың 15 наурызында Грузия астанасы Тблисиде «Редисон-Иверия» қонақ үйінің құрылысы басталмақшы. Бұл құрылысты толығымен «ТұранӘлемБанк» қаржыландырып отыр. Сонымен қатар екі жақ Қазақстанның кәсіпкерлерінің қатысуымен Грузияда мұнай өңдеу зауытын салу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты.

Ал Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми кездесулері қаңтардың 12-іне қалды. Өйткені, Ресей президентінің қазақ жерінде өзге қонақтарды қабылдаудан қолы босамаған секілді.
XS
SM
MD
LG