Accessibility links

Қазақстан-Қытай қатынасында қауіп бар ма?


Алдағы күндері Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев Қытай халық республикасына ресми сапармен 4 күнге аттанады. Келіссөздер саяси, экономикалық және гуманитарлық саладағы ықпалдастыққа арналады. Бұл туралы 20-ақпанда Астанада министрліктің ресми өкілі Ержан Әшікбаев хабарлады. Жергілікті экономистер бұл келіссөздер Қазақстан үшін тиімді десе, кейбір бақылаушылар бұл жобалардың кесірінен Қытай экспансиясы Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін, дейді.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Әшікбаев айтып өткендей, Қасымжомарт Тоқаевтың іс сапарында бірнеше мәселе талқыға түседі:

- 26 ақпанмен 1 мамыр аралығында сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевтың Қытай республикасына ресми сапары өткізіледі. Сапар барысында Тоқаевтың Қытай мемлекеттік кеңес басшысы Вэнь Цзябаомен, мемлекеттік кеңес мүшесі Тан Цзясюанмен және Қытай сыртқы істер министрі Ли Чжаосинмен келіссөздері жоспарланып отыр. Келіссөздер саяси, экономикалық және гуманитарлық салаларда қол жеткізілген жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды одан әрі іске асыру және екі елдің көп жақты форматтағы ықпалдастық сұрақтары талқыланады. Сонымен қатар сыртқы істер министрі Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімші қаласында да тоқтап, аудандық партия комитетінің басшысы Ван Лэцюанмен кездеседі.

Бұған дейін президент Назарбаев айтып өткендей, дәл осы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында шекарааралық ынтымақтастықтың халықаралық орталығы құрылады. Ол жерде Қытай жағынан 300, Қазақстан жағынан 200 гектар жерде екі елдің тауарайналымын ұлғайтуға септігін тигізетін, еркін сауда орталығы дамытылатын болады деп хабарланған. Ал, Қытайға сан рет барған кәсіпкер Еркебұлан Жанпейісовтың айтуынша, Қытаймен қатынасты абайлап жүргізу керек:

- Бұрын айтатын Қытай ол айдаһар тыныш жатыр деп, енді ол оянды, сілкініп жатыр. Ертең ол тұрады, тұрғансоң айдаһарды қайтару қиын болады. Қытайдың тарихын қарасаң, бұрыннан ақырындап, үндемей, жаймен экномикалық жағынан келіп ақыры соған жұмыс істейтіндей қылып қояды, халқыңды жұтып алады. Қазір Қытайдың ішінде өз елдерін жұтып Қытай қылып жібергенін көзіміз көріп отырғой. 20 жылдың ішінде қаншама елді жұтып жіберді. Енді олар біздің Шығыс жағымызды олар игеріп жатыр.

Алайда, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық қатынастың негізгі бағыты мұнай, дейді сарапшылар. Бұған дейін, Қытайдың мемлекеттік одағының қасындағы даму институтының директоры Ли Фэнлинь алдағы 20 жылда қазақстанның мұнай саласы Қытай үшін ерекше базар болмақ деген болатын. Кәсіпкер Еркебұлан Жанпейісовтың айтуынша, сол мұнайдың кесірінен Қытайлықтар қазірдің өзінде Қазақстан территориясына сіңіп алған:

- Халқының барлығына идеологиялық жағынан санасына сіңіріп қойып жатыр, бұл біздің ел болашқта аламыз деп. Ол санасына сіңген халық біздің ата-бабамыздың жері деп басып алудан да тайынбайды. Сондықтан өте сақ болу керек, әйтпесе ертең өкінішті болады. Қазірдің өзінде біздің Батыс жағымызды Қытай алды, енді Қызылорда жақты басып жатыр. Мұнайды алып жатыр, мұнай қолына тигенсоң қаржы қолына тиеді, қаржы тигенсоң Қазақстанда қолына тиеді деген сөз. Алматыда қазір бейресми мәлімет бойынша 300 мың қытай жүр дейді.

Осылайша кейбір бақылаушылар болашақта Қытайдың демографиялық экспансиясы Қазақстанға қауіп төндіреді деген пікірлерін білдірді. Ал, саясаттанушы Болатхан Тайжанның айтуынша, экспансиядан қорқатын ештеңе жоқ:

- Экспансия десеңіз, Қазақстан Ресеймен қосылғалы жүр. Біз оны экспансия демейміз. Қытайда бір жарым миллион қазақ тұрады. Олар өз тілін біледі. Қытайлар жаулап алады деген сөздерді Ресей Қытайдан қорқыту үшін құйып кеткен. Қытай 14 мемлекетпен шектеседі. Олардың біреуі де Қытайдан қорықпайды.

Ресми мәлімет бойынша, Қытай территориясы жағынан әлем бойынша Ресеймен Канададан кейін екінші орында. Адам тұрғындары саны бойынша Қытай тұрғындары 1 миллиард 300 миллион адамға жеткен.
XS
SM
MD
LG