Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.15.2006 жыл


Сенбі күні жарық көрген газеттердегі басты мақалаларда Қазақстан президентінің аймақтардағы әкімдермен кездесуі кезінде айтылған бірнеше ұсыныстар талқыланыпты. Әсіресе «әкімдердің жаңа орнында өз командасын жасақтауы қажет пе?», «Әкімдер мен министрлердің бір орынбасарларын енді президенттің тағайындауы қаншалықты тиімді болмақ?» деген сауалдар төңірегінде түрлі, қайшы пікірлер жарияланған. Сонымен бірге жергілікті әкімдерді сайлаудың саяси реформалар жүргізудің бір құрамдас бөлігі екендігі кезекті мәрте сөз болады.

«Орталық күш аймақтарға түседі» атты мақалада «Экспресс К» газеті Қазақстан президентінің аймақтардағы әкімдермен кездескенін баяндайды. «Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметкерлердің моральдық кодексті орындауларын аса өткір сынға алды», деп жазады «Экспресс К» газеті. Газет тілшісі президенттің әкімдерді «тойлатып, ас беріп, қарын толтырғанның орнына бос уақыттарын білім алып, компьютер мен тіл үйренуге жұмсауға» шақырғанын баян етеді. Сонымен бірге әкімдердің жергілікті мамандарды жетілдіргеннің орнына «өз командаларын» әкелетіндігін президенттің түйреп өткенін жазады «Экспресс К» газеті.

«Ал көшпелі командалық жүйені жою сыбайласқан жемқорлықты тоқтата ала ма?» деген сауалды көлденең тартады «Айқын» газеті. Бұрынғы облыс әкімі, қазіргі Парламент депутаты Амалбек Тшан: «Командалық жүйенің сыбайластыққа әсерін тигізетініне ешқандай күмәнім жоқ» дейді. «Сондықтан, кадрлық жүйені баяғы Кеңес Одағы кезіндегі жүйеге қайта келтіру керек. Ол кезде кадрге деген көзқарас мүлде басқа болатын, туған-туыс емес, білімі мен білігі келіскен мектеп көрген, қатаң сындардан өткен азаматтарды алып келетін іс басына» дейді Амалбек Тшан. «Облыс әкімі ауысса, барлық әкімшілік аппаратының ауысуын үлкен қателік» деп бағалайды «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев.

Алайда, «әрбір министр мен әкімнің өз командасын қалауынша жасақтауына құқығы болуы керек. Себебі, оның алдында белгілі бір мақсаттар қойылады ғой» дейді «Литер» газетінде Парламенттің бұрынғы депутаты Татьяна Квятковская. «Президент министрлер мен әкімдердің бір орынбасарын тікелей өзі тағайындайтын болады. Бұл министрлер мен әкімдер үшін қандай шешім?» деген «Литер» газетінің сауалына, «бұл өзгеріс кеңес уақыты кезінде кең таралған болатын. Одақтас республикалардағы обком мен Орталық Кеңестің екінші хатшыларының ролін еске түсірейік» деп жауап береді Орталық-Азиялық демократияны дамыту қорының бас директоры Еркін Тұқымов. Оның пікірінше, «мұндай жағдайда сөзсіз президент бақылауының деңгейі айтарлықтай көтеріліп, президент әкімшілігінің онсыз да зор ролі арта түседі». «Бұл - мәселенің сыртқы жағы. Ал шешімнің ішкі жасырын себебі – президент пен оның маңайындағыдар түрлі ықпалды топтардың күресі аясында қалыптасқан кадр бейберекеттігін реттегісі келуінде» дейді саясаттанушы. Ал экс-депутат Татьяна Квятковская «мұнымен мәселені шешуге болмайды» деп есептейді. «Президенттің шешімі – елдегі кадр саясатындағы үлкен өзгерістер алдындағы өтпелі кезең. Бізге өзін-өзі реттейтін билік керек. Қалай болғанда да әкімдерді сайлауға көшуіміз қажет», дейді экс-депутат.

Ал егер әкімдер сайланса, «бұл мәслихаттармен қоса өзін-өзі басқарудың органдары болар еді» дейді «Начнем с понедельника» газетінде «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов Қазақстандағы саяси реформалар жөнінде. Ол Қазақстанға ең алдымен қажет саяси өзгерістерді төрт кезеңге бөледі: бірінші – Парламенттің өкілеттігін арттыру, екінші – саяси жүйдегі саяси партиялардың ролін көтеру, үшінші – электронды БАҚ-дың демонополизациясы, төртінші – елді-мекендерде әкімдерді сайлау. Сонымен бірге ол саяси реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру бойынша Мемлекеттік комиссияның құрылуын оң бағалайды. «Бірақ өкінішке орай алғашқы отырыста тіпті жұмыс жоспарында көрсетілген мәселелер бойынша да толыққанды пікіралмасу болған жоқ. Бұл жөнінде президентке жазған хатымда көрсеттім. Мен келесі отырысты күтемін, егер біздің үмітіміз ақталмаса, кез-келген уақытта отырысқа қатысу қажеттігі туралы мәселені қайта қараймыз», дейді «Ақ жол» партиясының төрағасы.

Ал Мемлекеттік комиссия төрағасының орынбасары Оралбай Әбдікәрімов болса, «Егемен Қазақстан» газетінде «оппозцияның комиссия жұмысына қатысудан бас таруынан ешкім де ұтпайды» дейді. Ол алдыңғы отырысқа «Нағыз Ақ жол» партиясы өкілінің техникалық себептермен комиссия құрамына кіре алмағанын, ал қазір оларға комиссияға кіретін өкілін анықтау бойныша хат жолданғанын айтады. Сондай-ақ, оның сөзіне қарағанда, алғашқы отырыстан кейін комиссия мүшелерінен ұсыныстар түскен. Енді оларға қорытынды жасалып, соның негізінде әзірленген отырыс құжаттарының жобасы комиссия мүшелеріне жолданатын болады. Мемлекеттік хатшынының сөзіне қарағанда, Қазақстандағы саяси реформалар бағдарламасы Парламенттің ықпалын нығайтуды, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар ролін күшейтуді, БАҚ-ты ырықтандыруды, әкімдердің сайланып қойылуын кезең-кезеңмен енгізуді, сайлау тетіктерін жетілдіруді қамтиды.
XS
SM
MD
LG