Accessibility links

Ауған полициясы көкнар алқаптарын жоя бастады


Ауғанстанның Ғерат провинциясында полиция көкнар алқаптарын жоя бастады. Ауғанстан үкіметі апиын өндірісіне қарсы осылайша бір қатар шараны жүзеге асырып отыр. Алайда жергілікті диқандар көкнардың шабылып жатқанына наразылық танытуда, себебі апиын өндірісі олардың жалғыз көнкөріс көзі. Ал көкнар өндірісі – заңсыз жұмыс. Көкнарды шауып жатқан полицияны қарулы әскер шақырып қорғауға тура келді.

Есірткі саудасы Ауғанстан экономикасында әлі де болса тым басым. БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі агенттігі есептегендей, есірткі саудасы Ауғанстан ішкі жалпы өнімінің 60 пайызын құрайды. Ауғанстан есірткі өндірісі дүниежүзі бойынша апиын саудасының 87 пайызын құрайды. Ауғанстан халқының шамамен он пайызы тек апиын өндірісінен күн көреді, олардың басқа табыс көзі жоқ. Бұл дегеніңіз шамамен 350 мың үй. Сондықтан да ауған полициясы көкнар енді гүлденіп, шырыны піскенде келіп, ал-қызыл алқаптарға шалғы салғанда диқандар қатты наразылық танытты. Міне, солардың бірі, жексенбі күні егін басында, екі көзінен жасы бұрқырап, полиция сарбаздарына былай деп айғайлады:

- Бұл алқаптан үй-ішімнің жыирма адамы көн көріп отыр. Осы егінге қарап отырмыз. Егінді неге құртып жатырсыңдар? Біз - кедей адамбыз. Бұдан кейін не істеуім керек енді? Үкімет ақысын төлесін. Мұсылмансыңдар ғой, мұны неге жасап жатырсыңдар? Құдай үшін, алқапты бұзбаңдар, оданша мені өлтіріңідер.

Бұл Шенданд ауданында егін басында болған әңгіме. Полицияның шалғысына жабысып, жылап тұрған – Абдұл Ғафар деген кедей диқан.

Ауғанстан үкіметі мұның алдындағы жылдарда диқандарға өтемақы береміз, диқандар көкнар өндірісінен бас тартсын деген. 2002 жылы ауған үкіметі көкнар алқабы бұзылған бір акр жерге 500 долларға шейін береміз деген. Шынтуайтында, диқандар көкнар өндірісін тоқтатпаса дәл осы жерден алты мың долларға шейін табады екен. Міне, арадағы қаржы мүддесінің алшақтығы осындай. Үкімет, сол сияқты, басқа дәндердің тұқымын береміз деп ұсынған. Радиомызға сұхбат берген диқандар үкімет уәдесін орындаған жоқ, ешқандай өтемақы алған жоқпыз дейді. Үкімет өкілдері болса, мәселен, Ғерат провинциясының әкімі Сайед Хұсейн Ануари есірткі өндірісі арқылы экономиканы тұншықтырып отырған мафия басшыларына соққы беріп отырмыз дейді:

- Біз көкнар алқаптарын жою үшін келдік. Бұл – үкіметіміздің саясаты. Көкнардың барлық егін алқаптары жойылуға тиіс. Құдайға шүкір, табысқа жететін боламыз.

Былтыр көкнар аса көп шығып, апиын өндірісі аса көп болған. Сондықтан апиын бағасы түсіп, ауған диқандары көкнар өндірісіне биыл көп құлшылық танытпаған. Көкнар шикізаты былтыр қазан айында бір килограмм үшін шамамен 100 доллар болған. Ал қазір баға екі есеге дейін өсіп кеткен. Бұған дәл осы көкнар алқаптарын жою шаралары себепші болды, деп көрсетті БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан. Баға өсуі кейбір ауған диқандарын көкнар өндірісіне ынталандырып отыр.

Көкнар алқаптарын жою науқанын АҚШ пен Британия басқарады. АҚШ үкіметі Ауғанстан үкіметіне осы науқанды өткізуге шамамен 700 миллион доллар бөлуді көздеді. Британия бұл шараға 100 миллион долларды берген екен. Британия басқа одақтастыран тағы 300 миллион долларды қарастырып отыр.
XS
SM
MD
LG