Accessibility links

Астана маңында Солтүстік Кавказда жасалған террорлық шабуылға қатысы бар деп күдіктелген адам тұтқындалды


Қазақстанның заң орындары Ресейде халықаралық іздеу жариялаған адамды Астана маңынан ұстады. Бұл туралы 30-мамырда Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. Бірақ, кейбір қазақстандық заңгерлер бұл Қазақстан қосылған кейбір халықаралық шарттарға қайшы келеді деп отыр.

2004 жылы Ингушетия жерінде жергілікті билікке қарсы жасалған шабуылдарға қатысы бар деп күдіктелген адам Қазақстанда жасырынып жүрген. Ресейдің кейбір бұқаралық ақпарат құралдары таратқан бұл ақпаратты Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті растады. Биылғы жылдың мамыр айында Ресейдің бас прокуратурасы Зелимхан Сампиевті халықаралық іздеуге бергендігін жариялады. Ал, 25 мамырда жүргізілген арнайы операция барысында Зелимхан Сампиевті Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы бөлімшелері қолға түсірген дейді комитеттің баспасөз қызметкері Ислам Бекішев:

- 2005 жылдың қазан, қараша айларында Ресей федералды қауіпсіздік органдары бандылық құрылымның бірқатар қатысушыларын ұстаған кезде, Сампиев қылмыстық іздеуден бой тасалаған болатын. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясы мен Қазақстанның бас прокуратуралары оны экстардициялау үшін, тиісті құжаттарды қарастыруда.

21 жастағы жігітке Ресейдің бас прокуратурасы халықаралық лаңкестік топ құрамында қылмыс жасаған деген айып таққан. Бұл топқа жалдамалы араб азаматы Әбу Дзейіт басшылық еткен дейді Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметкері Ислам Бекішев:

- Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметінің мәліметі бойынша, Сампиев Ингушетия ішкі істер министрлігінің ғимаратына жасалған қарулы шабуылдарға қатысқан. Сол шабуыл кезінде көп адам қаза тауып, көп адам жараланған болатын.

Ал, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтистің айтуынша, бір күдіктіні екінші елде тұтқындауға құқық беретін «Минск конвенциясы» тек Тәуелсіз мемлекеттер достастығы шеңберінде жұмыс істейтіндігін айтады.

- Көптеген елдерде күдіктілерді өзге елге беру шешімі сот үкімінен кейін беріледі, ал «Минск конвенциясы» шеңберінде бұл үрдіс бас прокуратуралардың шешімімен жүзеге асырылады. Оның үстіне көп жағдайда Ресейге берілетіндер шешендер, яғни, олар Шешенстандағы жанжалға қатысы бар, алайда, нақты қылмысқа қатысы бар екендігі белгісіз. Осылайша, екі мемлекеттің заң органдары «Минск конвенциясымен» бүркемеленіп, өздерінің саяси қарсыластарын тұтқынға алады, - дейді Евгений Жовтис.

Еуропалық құқық институтының директоры Марат Башимов бұл күдікті Еуропада ұсталса ол Ресейге берілмес еді деп санайды.

- Еуропалық конвенциясы бойынша ондай адамдар өлім жазасы бар мемлекеттерге бермейді. Бірақ, ондай шарт бізде жоқ. Біз Еурокеңеске кірмейміз, - дейді ол.

М.Башимов Еуропалық конвенцияға қол қойған Ресей өлім жазасына мораторий жариялағанымен әлі өлім жазасынан мүлде бас тартпаған ел екенін айтады.

- Ресейде қазір қылмыстық кодекстің үш бабында өлім жазасы бар. Олар күдіктіні психологиялық жағынан қинауы немесе колонияда тепкілеп тастауы мүмкін. Бірақ, ол құқықтық әрекет емес. Ал заң бойынша оларды өмір бақи бас бостандығынан айырылғандарды ұстайтын аралда арнайы салынған колонияға жібереді, - дейді Марат Башимов.

Қазақстан бас прокуратурасының баспасөз қызметкері Әлім Қайдаровтың айтуынша, Ресей жақтан күдіктінің қылмыстарға қатысы бар деген құжаттары түспейінше, Зелимхан Сампиев Ресейге берілмейді.

Ресми мәлімет бойынша, Зелимхан Сампиевке дейін, соңғы екі жылда, Солтүстік Кавказдағы жанжалдарға қатысты деп Ресей заң орындары тарапынан күдіктелген 13 адам Қазақстан аумағында ұсталған.
XS
SM
MD
LG