Accessibility links

Қазақстан экологтары Каспийден бекіре тұқымдас балық аулауға мораторий жариялауды ұсынады


Шілденің 3-і күні Алматыда Парламент депуттары мен экологиялық ұйымдардың өкілдері Каспий қайраңын игеруші компаниялардың қызметіне қадағалауды қамтамасыз етуді сұрап, ҚР президентіне ашық хат жолдады. Каспий теңізінің бай фаунасы теңіз түбінен мұнай өндіру салдарынан үлкен экологиялық зардап шегуде деген экологтар бекіре тұқымдас балықтарды аулауға кемінде 18-20 жылға дейін мораторий жариялау мәселесін де көтеріп отыр.

Табиғатқа араша сұрап, Қазақстан президентіне ашық хат жолдап отырған экологтар Каспий қайраңында мұнай өндіруші компаниялардың жұмыс ауқымының артуы теңіз экожүйесіне айтарлықтай кері әсері етуде деп отыр. Осының салдарынан, кейінгі уақытта құстар мен балықтардың, жаппай қырылу оқиғалары жиілеп кетті, дейді олар. Алайда, орын алып жатқан апаттардан қанша зиян келіп, осы уақытқа дейін қанша балықтың қырылғандығы туралы нақты ақпарат жоқ деген “Табиғат” экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов:

“Орхус конвенциясына сәйкес үкімет біз сұраған мәліметтерді беріп отыруы керек. Бұл Каспий теңізіндегі жан-жануарлар әлемі мен олардың тіршілік ортасын сақтап қалу үшін қажет. Ал біздің үкімет болса бірінен-біріне сілтеп ешқандай мәліметті айтпайды. Өйткені, мұнай өндіруші компаниялар жұмысқа тартатын жеке меншік экологиялық ұйымдар қоршаған ортаға әсерді бағалау мен өндірістердегі экологиялық мониторинг жүргізуде объективтілік таныта алмай отыр. Сондықтан, Каспий теңізінің Қазақстанға қарасты бөлігіндегі экологиялық зерттеулерді, Каспий теңізінің экологиялық ахуалын мемлекеттік қадағалау міндетін уәкілетті мемлекеттік ғылыми-зерттеу мекемелеріне жүктеу қажет деп санаймыз”, - дейді.

Эколог мамандардың айтуынша, үстіміздегі жылдың өткен маусым айында Маңғыстау облысы аумағының жағалауынан 3 мыңнан астам бекіре тұқымдас балық пен 300-ден астам итбалықтың өлексесі табылған. Осы оқиға тексеру жүргізген ресейлік сарапшылар теңіз жануарларының өлімін бұрғылау барысында теңізге төгілген мұндайдан болғанын анықтапты.

"Каспий - әлемдік нарыққа бекіре тұқымдас балықтардың 90 пайызын шығаратын жалғыз су қоймасы. Қазір бекіре тұқымдас балықтар құрып кетудің аз-ақ алдында. Каспий қайраңын қарқынды игеру - теңіздегі тіршілік атаулының құрып кетуіне алып келмек. Жуырда белең алған итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу оқиғасы бұған дәлел. Сондықтан бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий жариялау мәселесі күн тәртібіне шығарылу керек. Браконерлер де көбейіп кетті, соларға тосқауыл қоятын заң мен жазаны күшейту керек. Түрмения, Әзірбайжан, Ресей, Қазақстан осы мораторий жариялау мәселесіне қосылып бұл мәселені халықаралық деңгейде шешу керек", - дейді эколог.

Бүгінде Каспийдің Қазақстан жағында бір ғана мұнай кен орны бар екен. Алдағы жылдары оның санын 400-ге дейін жеткізу көзделіп отыр. Мұнай өңдеуші компаниялардың экологиялық мәселелерге назар аудармай отырғандығын тілге тиек еткен мамандар осы саладағы тиісті заңнамаларды тездетіп дайындап қолданысқа енгізу керек деп есептейді.
XS
SM
MD
LG