Accessibility links

Шымкентте 14 бүлдіршіннің ВИЧ дертіне шалдыққаны анықталды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Шымкентте 14 сәбидің ВИЧ инфекциясын жұқтырғаны белгілі болды. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаменті таратқан хабарламада айтылды.

Электронды ақпарат құралдары арқылы тарап отырған ақпараттық хабарламада 14 баланың ВИЧ диагнозы анықталды деп атап көрсетілген. Алайда жергілікті жердегі облыстық СПИД-ке қарсы күрес орталығы мен денсаулық сақтау департаментінің мамандары бұл ақпаратты не растап, не жоққа шығаратындай қандай да бір түсінік беруден бас тартып отыр.

Ал республикалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының өз аты-жөнін атаудан бас тартқан дәрігері осы мәселеге байланысты өзі қызмет ететін орталықтың басшылығы Шымкентке арнайы сапармен барып, бүгінде оқиға орында жұмыс істеп жатқандығын жеткізді.

Шілденің 14-күні осы мәселе бойынша «Азаттық» радиосының қойған сауалына берген жауабында Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Гүлмира Әмірханова:

“Бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан облысында Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан екінші комиссия жіберіліп, жұмыс істеуде. Ертең оқиға орнынан оралған мамандар БАҚ үшін арнайы брифинг өткізеді. Менің білуімше 14 баланың 2-еуі ВИЧ дертіне шалдыққаны рас. Ал қалған балалардың анализдерінің қорытындысы қалай болғанын мен білмеймін”, - деп қысқа қайырды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау департаменті таратқан ақпараттық хабарламада ВИЧ дертіне шалдыққан 14 нәресте бірнеше рет Шымкент қаласындағы облыстық балалар ауруханасы мен 1-інші және 2-інші қалалық балалар ауруханасында жатып ем қабылдағаны, олардың барлығына бірнеше рет қан құйылғандығы айтылған. Сайрамнан келген бір сәбиге ғана өз әкесінен қан құйылған екен. Бірақ, кейіннен жүргізілген зерттеу нәтижесінде, әлгі әкенің бұл індетпен ауырмайтыны анықталған.

Қазір оқиға орында арнайы құрылған комиссия жұмыс істеуде. Олар Шымкенттегі облыстық ауруханада, қан құю орталығында және перзентханаларды тексеруде. Жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясын жұқтырған 78 адам тіркеуге алынған. Былтыр осы мерзім ішінде олардың саны 44 болған екен. Ал осыдан үш күн бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД-ке қарсы күрес орталығының бас дәрігері Келесбай Жұмағұлов “Азаттық” радиосына берген сұхбатында 1 және 2 жастағы екі нәрестенің қанынан ВИЧ дертінің белгілері табылғандығы туралы хабарлаған болатын. Бас дәрігер ол сәбилердің бейімсіз анасы - жезөкше, әкесі – нашақор отбасынан екендігін айтты.

Ресми дерекке жүгінсек, мамыр айының соңында осы дертті жұқтырғандар саны Қазақстан бойынша 6 мың адамнан асқан.
XS
SM
MD
LG