Accessibility links

Рустам Ибрагимовтың жақтаушысы Серік Сәрсенов жарыссөзде айтқан сөздерін сот ескереді дегенге күмән келтіреді

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Талдықорғандағы өтіп жатқан сот ісінде негізгі айыпкерлердің бірі деп сотқа тартылып отырған Рустам Ибрагимовтың жақтаушысы Серік Сәрсенов, сейсенбі күні, екі күнге созылған өзінің жарыссөзінде тергеу барысында орын алған заң бұзылушылықтарды тізіп шығып, «Рустам Ибрагимовқа тағылып отырған айыптардың бәрі құқықтық тұрғыдан сын көтермейді, мұндай құқықтық тұрғыдағы қисынсыз жағдайда сотта ең жоғарғы жазаға кесу де заңсыз және бұл істі қайта тергеуге жіберу керек» деген қортынды жасады.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне қатысты Талдықорғандағы өтіп жатқан сотта 22 тамыз күні жарыс сөздер одан әрі жалғасты. Жарыс сөз кезегін дүйсенбі күні түс ауа алған, негізгі айыпкерлердің бірі деп отырған Рустам Ибрагимовтың жақтаушысы Серік Сәрсенов сейсенбі күні түс ауғанша сөйлеп, тергеу барысында, оның пайымдауынша, орын алған заң бұзылушылықтар мен кеткен кемшіліктердің бәрін тізіп шықты.

- Ибрагимовты айыптайтын тергеудің жинаған дәлелдерін мен шартты түрде алты тармаққа бөлген болар едім:

1. Мирошниковтың қылмысты «мойындаған көрсетулері» - ол ұрып-соғып, моральды қысым көрсету арқылы алынған;

2. Өтембаевтың қылмысты мойындаған көрсетулері мен президентке жазған хаты. Қылмыстың қандай себептермен жасалғаны, яғни мотивы анықталмай отыр. Ресми айыптаудағы «жеке бастың өкпе-ренішінен туындады» деген болжам күлкі тудырады. Рустам Ибрагимовтың мәлімдемесіне қарағанда, қылмыстың не себептен жасалғанын Нұртай Әбіқаев пен Нартай Дүтбаев білуі мүмкін. Өтембаев президентке хат жазған кезде дені сау болды деу қиын, ол да анықталмай қалды.

3. Одорологиялық зерттеулер, яғни қылмыстық істі ашу үшін иісшіл иттерді пайдаланған тұстары. Қазақстанның заңдарында жоқ, ондай зерттеулерді жүргізген кезде де ғылыми тазалық пен талай заң бұзылған тұстары да күмән тудырады.

4. Мирошниковтың аутокөлігіне доңғалақтар сатып алды деген тұстары.

5. Оқиға орнынан табылған томардағы Мирошниковтың аутокөлінігі делінетін бояулар сынықтарының қалдықтары деген заттар;

6. Оқиға орнынан табылған гильза мен оқтар.

Соттағы тергеу амалдары барысында біз, Рустам Ибрагимовтың жақтаушылары, осылардың бәрінің дәлел ретінде алға тартыла алмайтындығын айғақтайтын күмәнды тұстары барын көрсеткенбіз, - деді Сәрсенов мырза.

Адвокат осы айтқандардың барлығының негізінде Рустам Ибрагимовқа тағылып отырған айыптар дәлелденен жоқ деп санайды.

- Заң бойынша әрбір дәлелдің «нақтылық, қатысы барлық, мүмкін боларлық» принцип талаптарын қанағаттандырарлық күші болуы керек. Ресми биліктің тағып отырған айыптарының бірі де осы принцип талаптарын қанағаттандыра алмайтынын көрсетіп бердім. Мен өз сөзімнің соңында соттан Рустам Ибрагимовқа тағылып отырған айыптар бойынша дәлел жеткіліксіздігі себепті ақтауын сұраймын, - деді Ибрагимовтың жақтаушысы Серік Сәрсенов.

Сондай-ақ ол жеке сұхбат кезінде «мен айтуын айтармын-ау, бірақ сот оны елеп, ескереді дегенге сенімім аз. Әйткенмен мен осылардың бәрін көпшілік қоғам білсін деп келешек тарих алдына ақталу үшін айтып отымын» деген ойымен бөлісті.
XS
SM
MD
LG