Accessibility links

Тіркеуден өтпеген «Алға» халықтық партиясының Қостанай облысына қарасты Рудный қаласындағы бөлімшесі тоналды


Қазанның біріне қараған түні партия ұйымының кеңсесіне терезедегі торды бұзып кірген белгісіз біреулер техникалық жабдықтар мен үгіт-насихат материалдарын алып кеткен.

«Алға» партиясының Рудный қалалық бөлімшесінің жетекшісі Александр Демиденконың айтуынша, кеңсе терезесіндегі темір торды бұзып, бөлмеге кірген белгісіз біреулер екі көшірме аппартты, магнитофон мен электр шәугімді және үгіт-насихат материалдары мен партияның кұжаттарын, сондай-ақ партияға өту жөніндегі өтініштердің бланкісін алып кеткен. Ал кеңседегі телефон аппараты мен факске тиіспепті.

Рудный қалалық ішкі істер басқармасының полиция қызметкерлері бұл оқиғаны «тонау» деп бағалап, тергеу тобын құрып, бүгінде тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда осы тергеу тобының жетекшісі Демьянова тергеу жұмысы аяқталғанға дейін бұл мәселеге байланысты қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.

- Орын алған оқиғаның саяси астары бар екендігін алға тартып, бұл партияны тіркету үшін аймақтарда қол жинау науқанына кедергі келтіру үшін жасалуы мүмкін. Партия кеңсесін тонау оқиғасы әлі тіркеуден өтпеген «Алға» - бұрынғы Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының тарихында он шақты рет орын алған болатын. Бірақ олардың бірде-біреуі ашылған жоқ. Ал мына оқиғаның да кінәлілері табылып өз жазасын алатындығына сенім аз, - дейді «Алға» партиясының Рудный қалалық бөлімшесінің жетекшісі Александр Демиденко.

Оның бұл сөзіне өзге де қоғамдық ұйым өкілдері қосылып отыр.

- Халықпен кездесу өтетін жерлерде алдын-ала қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп қояды. Бұған дәлелдер көп. Біз мұны тек бүгін ғана көріп отырғанымыз жоқ. Мысалы, біздің партияға өту туралы арыз берген азаматтар артынан жүргендер көп. Оларды қорқыту-үркіту деген сияқты. «Алға» болсын, «Нағыз Ақ жол» болсын, Коммунистер болсын - бәріміз бір алаңда жұмыс істеп жүрміз. Бүгін халық оянып, өз құқығын өзі қорғауы тиіс. Әйтпесе бұл жалғаса береді, - дейді «Алға» партиясымен бір күнде құрылтай съезін өткізген Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының Астана қалалық бөлімшесінің жетекшісі Серікбай Әлібаев.

Ал саясаткер Сейдахмет Құттықадам бұндай істер «Алға» халықтық партиясының жұмысын тоқтатуына әсер етпейді деп санайды.

- Саяси партия бар ма, бар. Ол партияның заң шеңберінде жұмыс істеуіне билік мүмкіндік беруі керек. Конституцияны бұзса, үкіметке қарсы төңкеріс жасайтын шара жасаса - онда әңгіме басқа. Ал заң бұзбады екен, онда жұмысын істей берсін. Одан билік ұтпаса ұтылмайды, - дейді С.Құттықадам.

«Алға» халықтық партиясының төрағасы Асылбек Қожахметов:

- Мұндай қысым бірде-бір партияға жасалмаған болар. Бұл қысымдар біздің жұмысымызға кедергі келтірмейді. Ол тек қол жинауға кедергі болып тұр. Уақытымыз өтіп жатыр. Қаншама қаржы кетіп жатыр. Соған қарамастан біз керекті қолды жинаймыз. Біз алған бағытымыздан таймаймыз, тек алға барамыз, - дейді партия лидері.

Ал Қостанай облыстық ішкі істер департаменті оқиғаға байланысты ҚР қылмыстық істер кодексінің 175 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғады.
XS
SM
MD
LG