Accessibility links

Олимпиада ойындарында алтын медаль алған спортшы мен оның бапкеріне 250 мың доллар сыйақы беріледі


Бұдан былай Қазақстан үкіметінің қаулысына сәйкес олимпиада ойындарында алтын медаль алған әрбір спортшыға және оның бапкеріне 250 мың долларға дейін сыйақы беріледі. Бұған дейін бұл көрсеткіш 50 мың долларға кем болатын. Бұл туралы Астанада қазанның 17 күні Қазақстанның туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов хабарлады. Ал, қайсібір жаттықтырушылар болса елде дарынды спортшылар болғанымен оларды дайындайтын жағдай жасалмаған, ал сыйақылар көршілес елдермен салыстырғанда төмен және оның өзі кейде тек қағаз жүзінде қалып қояды деген пікірлерін білдірді.

Туризм және спорт министрлігі халықаралық қауымдастық алдында спорт жетістіктері арқылы Қазақстанның жақсы имиджін қалыптастырмақ. Ел гимні Қазақстанның сыртында спортшылар жеңісінің құрметіне қойылып ел атағын шығарады, дейді Қазақстанның туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов. Оның айтуынша қазір Қазақстанда спортшыларғада бапкерлергеде жағдай жасалып жатыр:

- Еңбеқақылары қазір спортшылардың жаман емес. Әлем чемпионы болған жүлдегер болған жігіттерге үкімет келісіммен 1-3 мың доллар көлемінде қаражат бере алады. Бірақ олар жылдан жылға өткен жарыстардағыдай көрсету керек. Егер әлем чемпионатында бірінші орын ала алмай қалса ол қаражат берілмейді.

Астаналық спорт басқармасы басшысы Есмухамет Спановтың айтуынша Астанада Қазақстанның басқа қалаларымен салыстырғанда азды-көпті жағдай жақсы. «Бізді кадр жетіспейтіндігі көбірек алаңдатады, спорттық карьерасын аяқтап жатқан спортшылардың барлығы бірдей жаттықтырушының еңбекақысына жұмыс істеуге дайын емес», дейді ол.

Жуырда денешынықтыру институтын тәмамдаған жас бапкер Самат Жағыпаров күрес шебері. Бірақ жұмыс жоқ болғандықтан Астанадағы «Алатау» спорт сарайында жүзуден жаттықтырушы болып істейді. Бапкер Самат Жағыпаровтың айтуынша Қазақстанда дарынды спортшылар бар, бірақ оларды дайындайтын орындарды дамыған елдерді есептемей-ақ көрші елдермен салыстыруға келмейді, дейді ол:

- Ресейді алсақ, ол жақта жағдай бар. Ал бізде Қажымұқан атындағы спорт мектебіндегі грек-рим күресінің залына кірсек аз орын. Мен өзім тәжірибе жинақтауда болғам онда. Көбісі күн суықта далада жүгіреді, ал ішкі күрес залы кішкентай.

Туризм және спорт министрлігі болса елдегі спорттық база деңгейінің төмендігін мойындап отыр. Министрліктің хаттама бөлімі таратқан ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда спортта дарынды балаларға арналған 16 мектеп-интернат бар. Оның сыртында олимпиадалық даярлық орталығымен резерв дайындайтын 13 аймақтық орталық бар. Бірақ бұл ғимараттардың материалдық-техникалық базасы жоқ деп хабарланады. Ал мектептердің спорттық базасы оқу жаттығу үдерісінің стандарттарына сай келмейді, дейді министрлік мамандары. Есесіне Қазақстанның туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов хабарлағандай олимпиада ойындарында алтын медаль алған әрбір спортшыға берілетін сыйақы 50 мың долларға көтерілді:

- Еліміздің атағын шығарып жалауымызды көтеріп гимнді ойнатып жатса олимпиадада оларға арнайы жағдай. 250 мың долларға дейін бапкерге сосын спортшыға қаражат беріледі.

Бапкер Самат Жағыпаровтың айтуынша дамыған елдерде олимпиадада чемпион болған спортшыларға жыл сайын бірнеше миллион доллар беріледі. Ал Қазақстанда грек-рим күресінің чемпионы Әсет Иманбаев жеңімпаз болған кезде оған Астанадағы «Самал» ықшамауданынан бір бөлмелі пәтер берілді, бірақ кейін спортшы аяғын жарақаттап жеңістері азайғансоң пәтерді қайтадан тартып алды, дейді Бапкер Самат Жағыпаров:

- Грем-рим күресі атынан біраз спортшылар шығып жатыр. Әсет Иманбаев сияқтылар жиналымға барады, бәлен 2-3 ай жаттығады, қайдағы бір DVD тележабдық береді. Ресейде мен биыл өзім көрдім, олимпиададан жеңіп келгендерге ақшаның сыртында бір бір «Ланд Крузер» машинасын мінгізді, әр қайсысына.

Ал, туризм және спорт министрлігінің мәліметінше жақын болашақта бәрі жөнделуге тиіс. Қазір спорт нысандарына едәуір инвестиция салынған деп хабарланады. Ресми мәлімет бойынша қазіргі уақытта Алматы облысында республикалық олимпиадалық база, Астанада велотрек, 30 мың орындық жабық стадион, Щучинск қаласында қысқы олимпиадалық орталық және шаңғы базасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ресми мәлімет бойынша қазақстандықтардың 13 пайызы немесе 2 миллионнан астам адам тұрақты түрде спортпен айналысады.
XS
SM
MD
LG