Accessibility links

Буддистердің қасиетті кітабы алғаш рет қазақ тіліне аударылды


19 қазан күні Алматыда буддизмнің әдеби туындысы «Дхаммапада» кітабының қазақ тілінде шыққан алғаш аудармасының тұсаукесері болды. Бұл кітапты қазақ ақыны, аудармашы Әубәкір Нілібаев 40 жыл бойы аударғанын айтады.

Бұған дейін де әлемге танымал үнді шығармаларын қазақ тіліне аударып жүрген Әубәкір Нілібаев өзінің осы елге деген қызығушылығының студенттік кезден басталғанын айтады. Әсіресе, Мұхтар Әзеуовтың лекцияларынан үнді туындысы «Махабхаратаға» деген сүйіспеншілігім қатты артты,- дейді ол.

- Өзім бар күшімші салып аудардым. Қызықтым да соны қазақ әдебиетіне әкелдім. Бұл бүкіл адамзатқа арналған кітап. Осыны оқыса, сондай тағылым алады,- дейді Әубәкір Нілібаев.

Сонымен қатар, аудармашы «Дхаммапада» кітабында буддизмнің ізбасарлары бұрын да пайдаланған және бүгінгі күнге дейін пайдаланып келе жатқан моральды-этикалық доктриналарының негізгі қағидаттары толық және кең түрде мазмұндалғанына тоқталады. Мамандардың айтуынша, Үндістанда пайда болып, кейіннен бүкіл Азия елдеріне тараған буддизмді қазірде 1 миллиярдтай адам ұстанады. Ғалымдар арасында ежелгі кезеңнен бері қазақ даласында шет қақпайлық көрмеген будда діні Қазақстан мен Үндістан арасын ерекше бір рухани байыланыспен жалғастырып тұр деп жүргендер де кездеседі. Мысалы, Ұлттық кітапхананың бас директоры, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов Алматы маңындағы Таңбалы тас жартастарында бес бірдей будда бейнесінің бейнеленуін, екі мәдениеттің ұқсастығы деп бағалап, ғасырлар бойы Жібек Жолы бойында тынымсыз байланыстардың жүргендігін атап өтеді.

- Көшпенділер атымен тарихқа кірген юеджилер буддизмнің махаяна түріне ерекше үлес қосқан. Демек, буддизмде көшпенділер мәдениетінің бір әсері бар. Сондықтан буддизмнің тарихы ол бөтен бір ел тарихы емес. Біздің тарихқа тікелей қатысы бар. Мына Іле өзенің жағасында буддалардың суреттері, Талдықорған облысында буддизмнің храмдары болған,-деді мәдениеттанушы.

Ал Ұлттық кітапхана ішіндегі Қытай мәдениеті орталығының бас маманы Ибрагим Қошқари болса, Қазақстанда насихатталып жүрген әр түрлі діндер мен ағымдардың халыққа міндетті түрде әсері болатындығын айтып, барлық күшті алдымен салт-дәстүрді берік сақтауға жұмылдыру керек дейді.

- Дүние жүзіндегі діндерді шектемейтін, шеттемейтін мемлекет сияқты болып отырғанымыз рас. Бірақ біздің негізгі халқымыз мұсылмандар екенін ұмытпауымыз керек. Басқа діндердің мұсылман елдеріне жасап жатқан идеологиялық шабуылынан сақтануымыз керек. Діндерді мәдениеттерді білумен бірге, олардан қалай сақтану жолдарын да қарастырып қойғанымыз жөн,-дегенді айтты Ибрагим Қошқари.

Ал Үндістанның Қазақстандағы елшісі Ашок Мукерджи әлемдік өркениетке буддизмнің үлкен үлес қосқандығын айтып, мәдени шаралардың екі халық арасын бұрынғыдан да жақындастыра түскендігіне мән береді.

- Үндітану орталықтары Алматы, Астана қалаларында бар. Біз күнтізбеге сай 1 ай сайын іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Жұмыстарымыздың көбісі кітап көрмелерін ұйымдастыру сияқты, академиялық сипатта. Бірақ біздің мәдениетіміз жергілілікті халыққа ұнап жатса, онда оны дұрысырақ насихаттаудан да тартынбаймыз. Мысалы, жақында Ақтөбе мен Орал қалаларында Үндістан туралы кеңірек мәліметтер беретін мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Айта кету керек, Әубәкір Нілібаевтің бұған дейінгі аудармаларында «Махабхарата», «Ригведа», «Бхагавадгита», «Рабиндранат Тагор» сияқты еңбектер де бар.
XS
SM
MD
LG