Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.19.2006 жыл


Бейсенбілік бапасөз беттерінде қылмыс әлеміндегі және билік жүйесіндегі жеңұшынан жалғасушылықтың қоғамға тигізіп отырған зардабы жайлы мәселе көтеріліпті. Бұған қоса, басылымдар әскери саладағы проблемалар мен реформалар жайында мақалалар жариялаған.

«Комсомольская правда в Казахстане» басылымы, Алматыда Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері құны 2 миллион доллар болатын, жоғары сапалы есірткіні жойғаны туралы мақала жариялапты. Басылымға сұхбат берген комитет өкілі, Қазақстанда мұндай есірткінің 1 келісі 17-18 мың доллар, Еуропада 60 мың доллар, ал АҚШ-та 120 мың доллар тұратынын айтады. Жалпы, «Комсомольская правда в Казахстане» газеті келтірген дерек бойынша, өткен он ай ішінде Алматыда заңсыз айналымнан 400 келі есірткі тәркіленіп, есірткі саудасына қатысы бар 13 адам қылмыстық жауапқа тартылып, 16 қылмыстық іс қозғалған.

Ал, «Свобода слова» газетіне аты-жөнін атаудан бас тартып, сұхбат берген есірткі сатушының сөзіне қарағанда, Қазақстанда айналымда жүрген есірткінің 3-6 пайызы ғана полиция құрығына ілігеді. Ал өзге тауар еш кедергісіз діттеген жеріне жетеді. Сұхбат берушінің айтуынша оның өз себептері де жоқ емес. Өйткені, «әрбір нашақор 2-3 сенімді сатушыдан есірткі сатып алады. Ал сатушылар бригадирмен байланыста болады. Бригадирлер тауарды ірі саудагерлерден алады. Ірі саудагерлерге накобарондар жетекшілік етеді. Қылмыс кең тараған елге тән, наркобарон лауазымды полиция өкілдерімен және жергілікті әкімшілікпен жақсы қарым-қатынаста болады. Қылмыс әлемінің өкілдері мен билік шенеуніктерінің арасындағы достық мықты, ара-тұра шенеуніктерге беріліп тұратын, доллар купюралары да олардың достығын арттыра түседі»,-дейді есірткі сатушы «Свобода слова» газетіне берген сұхбатында.

«Время» басылымы жең ұшынан жалғасып, заң орны қызметкерінің қолдауына ие болған қылмыскердің, кісі өлтіргеніне қарамастан, жазадан қалай құтылғаны туралы айтылады. «Бұл қылмыскер, жергілікті мұнайбазасы директорының баласы. Сондықтан да болуы керек, полиция қызметкерін өлтірген оны, өткен ғасырдың 90 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы, Тимирязев аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып тұрған қолдаушысы жалған хаттама толтырып, жазадан сақтап қалған. Қазір ол Петропавл ішкі істер басқармасында лауазымды қызмет атқарады, подполковник. Жәбірленуші тарап оның үстінен Бас прокуратураға дейін шағымданғанына қарамастан, әлі күнге дейін подполковник белгісіз себептермен жауапқа тартылмаған» деп жазады «Время» газеті.

Ал «Тасжарған» газетінде биліктегі жеңұшынан жалғасушылық пен рушылдық дерті Қазақстанның кадр саясатындағы әлеуметтік қасыретке айналғаны туралы оқырман ойы келтіріліпті. Мақала авторының пікірінше, соның салдарынан бүгінде Қазақстан қоғамында жемқорлық пен әділетсіздік белең алған және қарапайым халық зардап шегіп отыр. Мысалы, «мамандығы экономист, бұрынғы денсаулық сақтау министрінің жауапсыздығы салдарынан Оңтүстік Қазақстанды СПИД індеті жайлады» деп жазады «Тасжарған» газеті.

Осы «Тасжарған» газетінде Қазақстанның әскери саласындағы ең беделді оқу орнындағы келеңсіз жағдай жайлы жазылады. Екі жыл бұрын құрылған, Қорғаныс министрлігі жанындағы шет тілдері әскери институтында бар жоғы екі курс, онда 50-50-ден 100-дей студент бар. Соған қарамастан, 2-курс студенттері, төменгі курстарға әлімжеттік жасап, дау шыққан. «Тасжарған» газетінің дерегінше, студенттермен мән-жайдың басы ашылып, дау басылғаннан кейін, бұл оқиғаны осы институт пен Қорғаныс министрлігіндегі қандай да бір топтар өз мүддесіне пайдалану үшін, әрекет жасап жатқан көрінеді.

Ал «Егемен Қазақстан» басылымының дерегінше, Қазақстан ең жоғарғы халықаралық стандарттарға сай келетін кәсіби армия құру үшін жаңа әскери доктрина дайындау үстінде. Ол бойынша, Қазастанның Қарулы күштері, Қазақтанға және халықаралық жағдайларға тән жаңа қауіп-қатерге қарсы тұра алатын, қазіргі заманға сай әскери-техникалық жабдықтармен жабдықталуы тиіс. Бірақ, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, «Жаңа доктрина Қазақстанның мақсаттарын өзгертпейді. Қазақстан бейбітшілік сүйгіш мемлекет ретінде қала береді, ал жаңа доктрина тек қорғаныс сипатындағы құжат»,-деп атап көрсетті, «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG