Accessibility links

Парламент депутаттары Қазақстанның премьер-министрі қызметіне Кәрім Мәсімовтің тағайындалуын бірауыздан жақтап дауыс берді


Сәрсенбі күні Қазақстан Парламентінің бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеудің халықаралық университетінің және Бейжіннің тілдер институтының түлегі болған, осыған дейін Даниял Ахметовтің орынбасары қызметін атқарған Кәрім Қажымханұлы Мәсімовтің кандидатурасын ұсынды. Бұл ұсынысты парламенттің қос палатасының депутаттары бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Президент сөзінде соңғы жылдары Қазақстандағы барлық мәселелерде, атап айтқанда 2006 жылғы Жолдау алдында да Кәрім Мәсімовпен ақылдасқанын жеткізді. Президенттің айтуынша, барлық салаларда Мәсімовтің өзіндік ойы, айтатыны бар. Айта кету керек, Кәрім Мәсімов жайында интернет парақшаларында «оның ұлты ұйғыр, қазақтан бір Үкімет басшысы болмағаны ма?!» деген сыни ақпараттар жарық көре бастаған болатын. Алайда бұл пікірдің алдын ораған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Кәрім Мәсімовтің қазақ екендігін айтып, қазақ жерінде кімдер тұрмаған, қазақтар кімге ұқсамайды дей келіп, Мәскеуде Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанының 60 жылдығын атап өткен кезде АҚШ-тың президенті Д.Буштың Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Болат Өтемұратовпен Монғолияның президенті екен деп амандасқан деген мысал келтірді.

Негізінен білікті саясаткерлердің айтуларына қарағанда, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қырағы дипломат. Ол кез-келген адамның аты-жөнін бостан босқа айта бермейді. Мемлекет басшысы депутаттар алдында сөйлеген сөзінде бүгінгі Монғолия президенті Мәжіліс депутаты Мұхтар Шахановтың туған ағасына ұқсайды деген әзілін жеткізді. Ал Мұхтар Шаханов Парламент мінберінде мемлекеттік тіл мәселесін көтеріп жүрген депутаттардың бірі екенін ескерсек, жаңа Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов депутат Амангелді Айталының сөзімен айтсақ «миы бар да, тілі жоқ шенеунік».

Жаңадан бас министр қызметіне тағайындалған Кәрім Мәсімовтің өзі депутаттар алдында «Мен президенттің адал көмекшісі болып қала беремін» деп, президентке қарап тағзым етті.

Ал соңғы үш жарым жыл бойы Үкімет басында отырған Даниял Ахметовтің өзімен бірге 18 жыл бірге қызмет етіп келе жатқанын айтқан президент Назарбаев Д.Ахметовті елдің тұңғыш азаматтық Қорғаныс министрі етіп тағайындайтындығын жеткізді. Ал осыған дейін Экономика және бюджетті жоспарлау министрі болған Аслан Мусин Үкімет басшысының орынбасары болады деді Назарбаев.

Президент бұрынғы Үкімет жұмысының кемшіліктерін де айтпай кетпеді. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда бюджеттің ақшасын қажет ететін бағдарламалар көбейіп кеткен. Бірақ ол бағдарламалардың нәтижесіне жауап беріп жатқан ешкім жоқ. Онда не істелініп жатқанын білмейміз деді.

Сонымен президенттің ұсынған кандидатурасын бір ауыздан қолдап дауыс берген депутаттар жаңа Үкімет басшысынан не күтеді? Президенттің үлкен қызы, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның пікірі төмендегідей:

– Кәрім Мәсімов экономикалық реформаларға дайын болу керек. Ал саяси реформа ең алдымен Елбасының жауапкершілігі, шешімі.

Мәжіліс депутаты Болат Әбішов: - «Өзім премьер емеспін, сізге көмекші болып бара жатырмын» деді ғой. Сондықтан барлығы бұрынғыша, жаңадан аспаннан түсетіндей ешнәрсе болмайды. Елбасының шешімі бұрынғы саясатты сақтау, бұрынғы бағытпенен жүре беру, содан таймау.

Парламент мүшесі Ерасыл Әбілқасымов:

– Парламентте 110 депутат «Нұр Отан» партиясының депутаттары. Сол себептен, әрине, олар қалай дауыс берсе, солай болады. Ал бұл Үкімет басшысы - уақытша премьер.

Айтпақшы, Мемлекет басшысы елде саяси реформалар болатындығын тілге тиек етіп, оны алғашқы тоқсанда жариялайтын Жолдауымнан еститін боласыңдар дей келіп, жаңа жұмысқа күш қуатты, жас кадрларды тарту керек деп тұрып, өзінің сөзін былай аяқтады:

– Мемлекеттің Үкімет басшысын, министрлерді өсіру бірнеше жыл қажет етеді. Тәжірибесі жоқ, биліктің коридорымен жүрмеген, әрбір бөлімшелерінен өтпеген жастарды қойғанымыздың неге әкеліп соққанын да білеміз. Дегенменен біздің де ескі тәжірибеміз өте қажет.
XS
SM
MD
LG