Accessibility links

Жетінші Рамалық Бағдарлама қазақстандық ғалымдардың грант иеленуіне еуропалықтармен бірдей мүмкіндік жасап отыр

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Еуропалық Одақ қазақстандық ғалымдардың Еуропаның ғылыми бағдарламаларына қатысуына кең мүмкіншіліктер жасап отыр. 22 қаңтар күні осы жайында мәлімдеген Еуропалық Комиссия Ғылым Директоратының өкілі Даниэль Декутюр Еуропалық Одақтың зерттеулер мен әзірлемелерді қаржыландыру құралы болып есептелетін Рамалық Бағдарламалары бұрын да қазақстандық ғалымдардың ғылыми жобаларын қаржыландырды дей келіп, 2007 жылдан бастап қазақстандықтар құқығының бағдарлама аясында еуропалықтармен теңестірілгендігін айтты. Шетелдік қонақ мұны Еуропаның Қазақстанмен ғылым саласындағы ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екендігімен түсіндіріп отыр.

Еуропалық Комиссия Ғылым Директоратының өкілі Даниэль Декутюр Еуропалық Одақтың зерттеулер мен әзірлемелерді қаржыландыру құралы болып есептелетін Рамалық Бағдарламаларға қазақстандықтардың қатысуы аз болып келгендіктен, бағдарламаға қазақстандық ғалымдарды көптеп тартуды мақсат етіп отырғанын айтады. Ол бұған дейін қазақстандық ғалымдар үшін қойылып келген талаптардың Жетінші Рамалық Бағдарламадан алынып тасталғанын айта келіп, енді Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында ғылым саласында ынтымақтастықтың артуына кең мүмкіндіктер туды дейді.

- Бұл Рамалық Бағдарламаларға Еуропалық Одақпен байланысы бар елдердің біразы қатысып келеді. Ал қазақстандық ғалымдардың бұл бағдарламаларға қатысу үлесі 1-ақ пайыз болып тұр. Бұл бағдарламалар қоғамдық және гуманитарлық ғылымдардың барлығын қамтиды. Жобалардың ғылыми маңыздылығы жоғары болса, біз оған қаржы аямаймыз. Мұндағы қаржыландырудың ең төменгі шегі 1 миллион евро, - дейді Даниэль Декутюр.

Сондай-ақ, Даниэль Декутюр жүзеге асқалы отырған Жетінші Рамалық Бағдарламаның 2007 жылдан 2013 жылға дейін жалғасатындығын және оған 54 миллиард евро бөлінгелі отырғандығын да айтып кетті.

Ал Еуропалық Комиссияның Қазақстандағы делегация басшысы, елші Адриаан ван дер Меер болса, мұндай қадамға Еуропалық Одақтың екі жақ арасындағы қарым-қатынастың тығыз болуына байланысты барып отырғандығын айтып, бұған әсіресе президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуропа елдеріне жасаған соңғы сапары үлкен үлес қосты дейді. Ол бұл сапарда Қазақстан мен Еуропа елдері арасында энергетика, космонавтика және ғылым салаларында ынтымақтастықты арттыратын маңызды келісімдерге қол қойылды дейді.

Ал Даниэль Декутюр өз кезегінде Еуропалық Одақтың Қазақстанмен ғылым саласында байланысты арттыруға ұмтылып отыруының басқа да себептерін атап өтеді.

- Біз бекерден-бекер мұндай қадам жасап отырған жоқпыз. Еуропалықтарға Қазақстан Ғылым Академиясының істеп жатқан жұмысы белгілі. Оның үстіне сіздердің ғалымдарыңыздың осы бағдарламаларға қатысқанына көп болды. Жалпы, біз бұрыннан-ақ Қазақстан ғылымының қалай дамып келе жатқанын жіті бақылап отырмыз, - дейді Даниэль Декутюр.

Ал Рамалық Бағдарламалар грантын бірнеше мәрте жеңіп алған Алматы Энергетика және байланыс институтының доценті Михаил Илющенко тек осы бағдарламалардың арқасында ғана ғылыми зерттеулермен айналысып жүргендігін айтады.

- Мен осы бағдарлама болмаса, өз салам бойынша ғылыммен айналыса алмас едім. Алтыншы Рамалық Бағдарламада біздің институт 3 бірдей грант ұтып алды. Оның екеуі бойынша біз жұмысымызды бітіруге таядық. Ал 3-шісі бойынша әлі зерттеуімізді жүргізіп келеміз. Алайда Еуропалықтар тек өздерінің мүддесіне сай келген салаларды ғана қаржыландыруға тырысады. Ал Қазақстанға қажетті жобаларға олар онша мән бере бермейді, - дейді Михаил Илющенко.

Рамалық Бағдарламалар зерттеулер мен әзірлемелерді 1984 жылдан бастап қаржыландырып келеді. Ал Қазақстандық ғалымдардың осы бағдарламаларға қатыса бастағанына он жыл толды. Содан бері қазақстандықтар өз зерттеулеріне бағдарламадан 11 миллионнан аса қаржы жұмсаған.
XS
SM
MD
LG