Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.27.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар Қазақстан президенті Н. Назарбаевтың халыққа жолдауында қандай мәселе көтерілуі мүмкін деген сұраққа жауап іздепті. Сонымен қатар, газеттердің бірінде Алматы әкімшілігі ғимаратынан жарылғыш зат іздестірілгендігі жазылса, тағы бір басылым Батыс Қазақстан облыстық әкімшілігінің ғимараты алдында журналистердің халықпен жаппай сұхбаттасу акциясы өткендігіне мән беріпті.

Осы аптада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдау арнайтындығы туралы мақала «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көріпті. «Жаңару мен жаңғыру жолын таңдаған Қазақстан халқына бұл Жолдау да өсу мен өрлеудің басым бағыттарын нұсқап, тәуелсіздіктің жасампаз істерін жалғастыра беретініне сенім мол» делінген мақалада. «1997 жылдың қазан айында Елбасының биік мінберден айтылған алғашқы Жолдауынан бергі он жыл ішінде халыққа жыл сайын ұсынылып келе жатқан саяси мәнісі аса зор құжаттар тізбегі мемлекет пен қоғам дамуының кезең-кезеңдік нақты бағыттарын дәйектілікпен жүйелеп келеді» деп түйіндеген «Егемен Қазақстан» газеті.

«Айқын» басылымы болса Президент халыққа Жолдауын ақпанның 28-күні жасайтындығын хабарлайды. «Ертең, яғни сәрсенбінің сәтінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдауы негізінде Мәсімов үкіметіне жаңа тұрпатты міндеттер жүктейді» делінген мақалада. Автор өз материалында министрлер кабинетіндегі мүдделер қақтығысынан мемлекет басшысы берген тапсырмалар орындалмай жатқандығына мән беріпті. «Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі кезде мемлекет өз азаматтарына 100 түрлі қызмет көрсетеді екен, соның не бары 25-і ғана халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асады. Мемлекет тарапынан ел тұрғындарына көрсетілетін көптеген қызметті бүгінде жемқор шенеуніктер өздерінің «жемсауына» айналдырып алғандығын Үкімет өзі де мойындайды. Енді солар коррупцияға қарсы кең ауқымды күрес бастаған Елбасының тың бір идеясын ілгерілетушілерді қолдан келгенше, кеудесінен кері итеріп бағуда» деп жазды «Айқын».

Ал «Жас Алаш» газетінде «Елбасын «Қазақбашы» жасау кімге керек?» атты мақала басылыпты. Автордың осы тақырып төңірегінде қалам тартуына мәжіліс депутаты Ромин Мәдиновтың телеарналардың біріне қатысуында «Қазақстанның бірінші президентіне билікте өзі қалағанша отыруына мүмкіндік беру керек» деп айтқан сөздері түрткі болыпты. «Осындай пікірдің қандай қисынмен бой көтергенін аңдап көрмекке бел будық» деп жазады мақала авторы. «Елбасын ендігі жерде «қазақбашы» жасау жайы Мәдинов мырзаның немесе сол сияқты белгілі бір алпауыт топтардың мақсат-мүддесі де болуы мүмкін. Р.Мәдиновтың пікіріне Н.Назарбаевтың қалай қарайтыны әзірге белгісіз. Бірақ, Н.Назарбаев секілді ел басқаратын тұлға жоқ деген сөз, біздіңше, Н.Назарбаевтың беделіне нұқсан келтіретін секілді» деп түйіндейді «Жас Алаш» газеті.

«Время» газеті болса Алматы әкімшілігі ғимаратында жарылғыш зат іздестірілгеніне мән беріпті. «Өткен сенбі күні бір ер азамат әкімшілік ғимаратының күзетшісіне келіп, жарылғыш зат орнатылғандығын айтқан. Күзет қызметкерлері ол кісіні ұстай салысымен, ғимаратты адамдардан босатуға кіріскен. Полицейлердің айтуынша, 10 минуттың ішінде әкімшіліктегілердің барлығы сыртқа шығарылған. Алайда ғимарат ішінен жарылғыш зат табылмаған. Ал жалған мәлімет жеткізген егде кісі Бостандық ауданының ішкі істер басқармасына жеткізілген. 60 жастағы бұл азаматқа осындай мәлімдеме жасауына не түрткі болғандығын тергеушілер анықтап жатыр» деп жазды «Время» газеті.

Бұл уақытта Батысқазақстандық «Уральская неделя» газетінің журналистері қалалық және облыстық әкімшіліктердің ғимараты алдында халықпен жаппай сұхбаттасу акциясын жүргізгендігі «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтында баяндалыпты. «Ал құқық қорғау органдары болса журналистерді рұқсат етілмеген митинг жасады деп айыптауға тырысты. Журналистердің осындай қадамға баруына баспа ісіндегі тосқауыл түрткі болыпты. Өткен айдың ортасынан бастап қаладағы баспа мекемелері «Уральская неделя» газетін баспай келеді. Газет редакциясы орталық алаңда наразылық шеруін өткізу үшін қалалық әкімшілікке өтініш жасаған. Алайда, қала басшылығы бұл талапты орындаудан бас тартты» делінген мақалада. «Соған қарамастан, журналистер өткен сенбі күні орталық алаңға жиналып, халыққа газеттің басына түскен қиыншылықтар неден туындағандығын түсіндірген. Халықпен жаппай сұхбаттасу аяқталған соң полиция газеттің бір тілшісіне әкімшілік тәртіп бұзғаны үшін хаттама толтырған. Бұл журналист акция барысында «Облыс әкімі отставкаға кетуі керек пе?» деген жазуы бар қағаз ұстап тұрған. Журналистің өзі бұл халық арасында жүргізілген сауалнама екендігін айтады. Алайда, «ия» деген жауапқа толы қағаз парақты полиция тәркілеп алды» деп түйіндейді «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты.
XS
SM
MD
LG