Accessibility links

«Қазақстанда ұлтаралық қатынастар мәселесі бар ма?»


Алматыда Нұрболат Масанов атындағы пікірталас клубында осы тақырып төңірегінде пікірталас болып өтті. Социолог мамандар, журналистер, қоғам өкілдері қатысқан осы отырысты бастаған негізгі баяндамашы - Қазақстан патриоттар партиясының көсемі Ғани Қасымов және басқалар «ондай мәселе шынымен де Қазақстанда бар» деген тұжырым жасады. Және Қасымов мырза, «алдағы уақытта ұлтаралық қатынаста орын алуы мүмкін қандай да проблемалардың алдын алу үшін кеңестік кезеңнің болса да ұлтаралық қатынастар мамандарын жұмылдыру қажет» дей келіп, басқа да бірқатар ұсыныстар жасады.

Кеңестік дәуірден «халықтар достығының лабораториясы» атанған Қазақстанда бүгінгі күні 100-ден астам ұлт өкілдері тұратыны баршаға аян. Тәуелсіздігін алғалы Қазақстан ел тыныштығы мен ұлтаралық татулығын әр кез мақтан тұтып келеді. Бірақ, Алматы облысындағы Шелек және Қазатком мен Маловодное ауылдарындағы соңғы оқиғалар көңілге кірбің түсірердей әсер қалдырды. Ресми билік ол оқиғаларға «тұрмыстық деңгейдегі бұзақылық танытқан екі адамның арасындағы жанжал» деген анықтама да беріп қойды. Кім біледі, бәлкім солай да болған шығар... Дегенмен, ұлтаралық қатынастар мәселесі өте байыптылық пен байсалдылықты және сақтықты қажет ететін мәселе екені айдан анық.

Сондықтан болар, Қазақстан Бас прокуратурасы арнайы мәлімдеме таратып, БАҚ-тарға әлеуметтік және ұлт араздығы мен алауыздығын қоздыруға бағытталған, конституцияға қарсы насихатқа жол берілмейтінін ескертті. Ал артынан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында, республикада ұлтаралық жанжалға жол берілмейтіндігін және ол үшін кез-келген адам жауап беретінін ескертті. Осы ахуалды ескергендей, Қазақстан Патриоттар партиясының көсемі Ғани Қасымов ұлтаралық қатынастар мәселесіне арналған пікірталасты ашқанда:

«Бас прокурордың ескертуінен соң қазіргі ахуалдың жағдайы сондай, біз ұстараның жүзінде тұрғандаймыз. Бірақ, біз осы оқиғаларға байланысты органдардың жұмысын талқылауға емес, осы мәселенің қоғамдық сана деңгейіндегі көрінісі туралы пікір алмаспақпыз», - деп, алдын-ала ақталғандай болды.

Дегенмен, Ғ.Қасымов «Қазақстанда ұлтаралық қатынастар мәселесі бар» дегенді де шегелеп айтты. Одан әрі пікірталаста сөйлеген ТМД және Балтық елдеріндегі көші-қон мәселесін тәуелсіз зерттеу кеңесінің сарапшысы, доктор Елена Садовская:

«Ондай мәселенің бар екенінің айдан анықтығы соншама, оны айтпағанымыз, әлгі, «жалаңаш та болса, патшаның жаңа көйлегі қандай тамаша» деп айтқанмен бірдей. Мәселе бар, бірақ ол қандай? Оны ғалымдар анықтауы керек. Бізде ешқандай да «ұлтаралық татулық» жоқ! Айтылып жүргендердің бәрі аңыз! Бірақ, біздегі не? Ұлтаралық шиеленіс пе? Мәдениетаралық алшақтық па? Өзара жатсыну ма? Ол не? Оны әлеуметтанушы мамандар айтуы керек», - деген өз көзқарасын білдірді.

Әлеуметтанушы маман Гүлмира Елеуова бірқатар зерттеулер Қазақстандағы кейбір ұлт өкілдері өздерін әлі күнге қазақстандықпыз деп сезінбейтіндігін анықтағаны туралы дерек келтірді. Маман «оның себебі, осындай сезімдерді қалыптастыратын идеологиялық институттардың еш жұмыс істемейтіндігінде» деп түсіндіреді.

Өзге мамандар бұл саладағы басты кемшіліктің бірі ретінде мемлекеттік саясаттың әлі күнге айқындалмағанын атайды.

«Көп ұлтты біздің елімізде әлі күнге тұғырнамасы мен бағдарламасы айқын, нақты ұлттық саясаттың жоқтығы таң қаларлық емес пе? Бізде ұлттық мәселемен айналысатын институт, яғни не министрлік, не комитет жоқ. Менімше, ондай комитет парламентімізде де жоқ. Әрине, заң - болса да жоқ. Көпұлтты мемлекет бола тұрып, дискриминацияның қандай түріне де қарсы болатын не заң, не оның нәсілшілдіктің кез-келген түрін жою туралы халықаралық конвенцияға толық сәйкес келетін анықтамасы да жоқ. Ал біз ондай конвенцияны осыдан он жыл бұрын бекіткенбіз», - дейді Елена Садовская.

Пікірталас мәжілісін қортындылаған Патриоттар партиясының көсемі Ғани Қасымов «алдағы уақытта ұлтаралық қатынаста орын алуы мүмкін қандай да проблемалардың алдын алу үшін кеңестік кезеңнің болса да ұлтаралық қатынастар мамандарын осы іске жұмылдыру қажет, ұлтаралық қатынастар жөнінде халық ағарту шараларын жүргізу керек» деген ой білдірді.

«…бізде не болып жатыр? Ешкім сайланбаса да, бүткіл бір этностың өкілімін дейтіндей неге қайдағы бір ассамблеялар құрылады? Үшінші мәселе – мен мемлекеттік идеологиялық институттар, оның ішінде мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат құралдары бетінде ұлтаралық қатынастарды дәріптейтін жарнамалық материалдар болса да неге жариялап тұруды дәстүрге айналдырмайды? Ұялатын ештеңе жоқ, барлық кезде де осындай болған. Төртіншіден, біз әлгі, көп жағдайда дау-дамайдың басы болатын тұрмыстық деңгейден бастап бір-бірімізді түсінуге деген талпынысымызды қайтадан қалпына келтіруіміз керек. Және көптен бері назардан тыс қалған қоғамдық тіршілігіміздің осы тұсын идеологиялық, рухани, мемлекеттік күш-жігерімізбен қалпына келтіруге ат салысуымыз керек…», - деп қорытты Ғани Қасымов.

Әрине, бір отырыста мұндай күрделі мәселенің барлық қырын қамту мүмкін де емес шығар және нүкте қою да ерте болар. Дегенмен, тұңғыш рет ашықтан-ашық, пікірталас клубында болса да мақтангершілікпен айтылып жүрген «ұлтаралық татулық пен тұрақтылыққа» күмән келтірілді. Бірақ, одан тиісті органдар қандай қортынды шығаратыны әлі белгісіз.
XS
SM
MD
LG