Accessibility links

Алматы қаласы прокуратурасы елдегі бірқатар ақпарат құралдарына «Нұрбанкке» қатысты іс жөнінде хабар таратуда тергеу орындарынан рұқсат алу қажеттігін ескертті


Алматы қалалық прокуратурасы "Время", "Караван" газеттері мен "КТК" телеарна басшыларына "Нұр-банк" қызметкерлеріне қатысты жүргізіліп жатқан тергеу ісі бойынша рұқсатсыз хабар таратпау туралы хат жолдады. Хатта егер онда жазылған талаптар орындалмаса, сот шешімімен БАҚ хабар таратуын тоқтатуы мүмкін екендігі ескертілген. Бұл туралы "Азаттық" радиосына сәрсенбі күні "Время" газеті мен КТК телеарнасының қызметкерлері хабарлады. Осы оқиғаны бірқатар сарапшылар Қазақстандағы сөз бостандығын шектеу деп бағаласа, кейбіреулері жеке мүддені көздеп отырған ақпарат құралдарына қатысты шара қабылдаған дұрыс деп есептейді.

«Время» газетінің тілшісі Вадим Борейко бейсенбі күні жарық көретін газеттің кезекті санына Алматы қаласы прокуратурасының «Нұр-банк» төңірегіндегі шатақ оқиғаға орай мақалаларды рұқсатсыз жариялауға болмайды деген сейсенбі күнгі ескерту хатына орай мақала әзірлеуде. Оның пікірінше, құқық орындары «Нұрбанк» оқиғасы бойынша істі жұртшылық назарынан жасырғылары келеді:

- Неге біз бұл іс бойынша ресми ақпараттан бөлек хабар таратуға тырыстық? Өйткені, «Нұрбанктің» ұрланған бұрынғы басшылары бойынша істі олар ашуға емес, бүркемелеуге тырысып отырғандығын дәлелдейтін біздің қолымызда құжаттар бар. Сондықтан, бұл прокуратураның шұғыл әрекет етуіне итермелесе керек, - дейді журналист Вадим Борейко.

Егер «Время» газетінің журналистері прокуратураға жауапты газеттегі мақала арқылы берсе, «КТК» телеарнасының баспасөз қызметі Алматы қалалық прокуратурасының хаты түсініксіз екендігін айтып, олардың өздеріне ресми түрде жауап әзірлеп жатыр екен.

- Қандай да бір заң бұзушылыққа орай прокурорлық шараның формасы әр түрлі болады. Мысалы, заңды түсіндіру, ескерту жасау, заң бұзушылықты түзету керектігіне нұсқау тәрізді шаралар бар. Бізге солардың қайсысы қолданылғандығы түсініксіз. Одан кейін, біздің әрекеттерімізден «Нұрбанк» қызметкерлері бойынша алдын-ала тергеу нәтижелерін жария етпеу бойынша заң бұзушылық көргендігін айтады. Егер әңгіме қазір сот алдында отырған «Нұрбанк» қызметкерлері жөнінде болса, онда бұл іс бойынша тергеудің аяқталып, сотта қаралып жатқандығын еске салғымыз келеді. Онда нақты қандай фактілер негізінде хабар беруге болмайды дейді? Ол жағы түсініксіз. Біз бұрынғыдай заң шеңберіндегі жұмысымызды жалғастыра береміз, - деді КТК телеарнасының баспасөз-хатшысы Василий Тараканов.

Алайда, Алматы қалалық прокуратурасы «Время», «Караван» газеттері мен «КТК» телеарнасына жолдаған хаттарында «БАҚ туралы» заңның 2-ші бабында мемлекеттік құпия болып табылатын немесе заңмен қорғалатын басқа бір ақпаратты жариялатпау қарастырылғандығын, егер талаптар орындаламаса, сот шешімімен бұқаралық ақпарат құралының хабар таратуы тоқтатылуы мүмкін екендігі ескертілген. Прокуратураның ескертуі орынды әрі оны орындау керек деп есептейді «Журналистер қауіп-қатерде» қоғамдық ұйымының төрайымы Розалана Таукина.

- Өйткені, біз КТК телеарнасының жеке мүддені көздейтін телеарна екендігін білеміз. Оның «Нұрбанктің» басты акционері Рахат Әлиевпен байланысты екендігі жасырын емес. КТК қазіргі таңда қоғамдық пікірді қалыптастыру үшін ақпарат құралының қожайындарына «қалқан» ретінде жұмыс істеуде. Бұл тергеу ісіне кедергі келтіреді. Сондықтан, прокуратураның өтініші құқықтық жағынан дұрыс деп есептеймін. - дейді Розлана Таукина.

Бірақ, тағы кейбір журналистер Алматы қалалық прокуратурасының әрекетін заңсыз деп бағалайды. Мысалы, «Дат» жобасының жетекшісі, тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи Алматы қалалық прокуратурасының хаты бойынша екіжақты баға беруге болады дейді:

- Прокуратураның бұл қадамы заң тұрғысынан орынсыз. Себебі, Қазақстанда сөз бостандығы бар десек, әлдебір заңдарға сілтеме жасап, баспасөз құралын тұншықтыруға болмайды. Ал бұл істің моральдық жағына келсек, Рахат Әлиевтің «Караван», КТК сияқты былығы көп ақпарат құралдарын баяғыда жояр едім...

Тәуелсіз журналист, саясаттанушы Айдос Сарым Алматы қалалық прокуратурасы ақпаратты рұқсатпен жариялау туралы ескерту жасау арқылы Қазақстандағы сөз бостандығына шектеу қояды дейді:

- Осындай жолмен болсын, даудың баспасөз бетіндегі ауқымын азайтқылары келеді. Сөз бостандығы тұрғысынан келсек, заңды бұзу. Өйткені, бұл БАҚ-тар өз пікірлерімен қоса, осы іске қатысты адамдардың да пікірлерін беріп жатыр. Прокуратура тарапынан бұл – шектен шығу. Олар «БАҚ туралы» заңды мұқият оқығандары дұрыс. Өйткені, журналистер қоғамда болып жатқан оқиғаны баяндауда. Олар қылмыстық істің материалдарын басып жатқан жоқ қой?!

Қазіргі уақытта Алматы қаласында «Нұрбанктің» бұрынғы басқарма бастығы Әбілмәжін Ғылымовтың, «Нұрбанкке» шабуыл жасады деп айыпталған полицияның жедел жасағының 4 қызмекткерінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот жүріп жатыр. Оған қоса ішкі істер органдары «Нұрбанктің» басқарма бастығының бұрынғы орынбасары Жолдас Темірәлиевтің із-түзсіз жоғалып кетуіне орай да тергеу жүргізуде.
XS
SM
MD
LG