Accessibility links

Орта Азия елдерін басқарып отырған адамдардың жазушылыққа бой ұратыны әдетке айналған

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Орта Азияның көптеген басшылары өз аттарынан тұрақты түрде кітап шығаруды әдетке айналдырған. Сапалы қағаз, қалың мұқабалармен жарыққа шығатын ол кітаптарға қыруар қаржы жұмсалуда.

Өзбек университеттерінде мемлекеттік емтихан жақындаған сайын кітапханаларда Ислам Каримов ауторы деп көрсетілген кітаптарға сұраныс арта түседі. Себебі оқу бітірушілер Каримовтың кітаптары бойынша тест тапсыруға міндетті болуда. Өз атын атамауды сұраған бір кітапханашы «Азаттық» радиосына былай деген еді:

“Бізде ол кітаптардың электронды үлгісінің 11 данасы бар. Негізінен оларды студенттер пайдаланады. Жасы үлкен оқырмандар үшін ол кітаптар негізінен өз зерттеулерін жүргізу үшін қажет болуда”.

Мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орынына түскісі келетін талапкерлер де - президент Каримовтың кітаптары бойынша емтихан тапсыруға міндетті. Елді 1989-шы жылдан бері басқарып келе жатқан Каримов Өзбекстанның ішкі және сыртқы саясаты, тарихы, экономикасы мен мәдениетіне байланысты ондаған кітаптарға аутор болып үлгерді.

Өзбек журналисі Абдурахмон Ташановтың Өзбек совет энциклопедиясынан мысал келтіруінше, Ленин еңбектерінің бар болғаны 6 миллион данасы Өзбекстанда жарық көрген екен. Ал, Ислам Каримов кітаптары 31 миллион данамен таралған. Мұның өзі Ленин еңбектерімен салыстырғанда бес есе көп. Бұл кітаптар 123 пойыз вагондарына жүк болмақшы, дейді журналист.

Орта Азияның басқа да басшылары бірнеше кітаптар шығарып үлгерді. Мысалы, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев - ондаған ғылыми зерттеулердің және “Тәуелсіздік стратегиясы”, сондай-ақ “Еуразия жүрегінде” атты бірнеше кітаптардың ауторы.

Тәжік президенті Емомалы Рахмон да тәжік тарихы және оның арилік шығу тегіне арналған бірнеше кітаптарды аутор ретінде жарыққа шығарды. Алайда, ол өз кітаптарын оқы деп ешкімді мәжбүрлемейді. Көптеген ресми тұлғалар президентке өзінің бүйрегі бұратындығын көрсету үшін оның кітаптарын кеңселеріндегі кітап сөрелерінде, тіпті үйлерінде ұстайды екен.

Ал, Түркменстанның бұрынғы басшысы Сапармұрат Ниязов болса, поэзиялық шығармалардан бастап, бірнеше кітаптарды бастырып шығарды. Әсіресе Рухнамені рухани жол көрсетуші ретінде бағалап, мектеп және жоғарғы оқу орындарының оқу бағдарламасына міндетті түрде енгізіп қойған еді. Тіпті елдегі ресмилер өз жұмыстарында қалуы үшін жыл сайын Рухнаме бойынша тест тапсыруға міндетті болатын.

Енді міне, президент болғанына 4 ай толысымен Түркменстанның жаңа президенті Гурбангулы Бердімұхамедов “Түркменстан Денсаулық сақтау саласының дамуындағы ғылыми негіздер” атты кітабын шығарып үлгерді. Бұрынғы тіс дәрігері, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі бұл саланың өткені, қазіргісі және болашағы жөнінде ой толғаған екен. Мерзімдік басылымдардың жазуынша бұл кітап студенттер мен оқытушылар арасында кең түрде талқыланатын болады.

Орта Азия президенттерінің кітаптары әдетте қатты мұқабамен әдемі көмкеріліп, өте қымбат қағазға басылып шығарылады. Оқырмандар ол кітаптар жөнінде қандай пікірде болмасын, алайда олар жөнінде сын айтуды тіпті ойларына алып та жатпайды. Орта Азия халқы өзін және кітаптарын айрықша жәдігерге айналдыруға тырысқан талай басшыларды біледі. Алайда, ол басшылар қаза болса немесе саясат саласынан кетер болса, кітаптары да олардың соңынан бірге ғайып болып үлгереді екен, дейді «Азаттық» радиосының тілшісі Фарангиз Нажибулла.
XS
SM
MD
LG