Accessibility links

Алматылық кәсіпкерлер аудан әкімін қызметтен бостауды талап етіп отыр


Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің қысымын көрген кәсіпкерлер ел президентіне қайырылып, көмек сұрауға мәжбүр жағдайға барып отыр.

Бұған дейін Алматы қаласындағы Әуезов ауданына қарасты ‘Шаңырақ-1‘ елді мекенінде өзінің жеке бизнесін құрып, шағын кәсіпкерлікпен айналысып келген кәсіпкер әйел Жәмила Тәңірбергенова, өз айтуынша, аяқ астынан Әуезов ауданының әкімі Әділ Несіпбаев мырзаның қахарына ұшыраған жандардың бірі. Ж.Тәңірбергенованың айтуынша, 2006-шы жылы желтоқсан айының 12-сі күні трактор, бульдозермен қаруланған әкімшіліктің бір топ адамы ‘Шаңырақ-1‘ елді мекеніндегі Асанқайғы көшесі бойындағы оның дәрі-дәрмек сататын дәріқанасы мен телефон байланыс орны бар ‘Мектеп‘ деп аталатын бизнес орталығын аудан әкімінің жазбаша емес ауызша айтқан бұйырығы бойынша қиратып, 300 мың АҚШ доллары көлемінде материалдық шығын келтірген.

- Содан бері 9 айдай уақыт өтті, осы аудан әкімі Ә.Несіпбаевпен соттасып жүрмін.Әкімнің үстінен Алматы қалалық ауданаралық экономикалық сотқа шағымданған едім. Алайда әкім және оның адамдары сот отырысына 6 рет шақырылсада бірде бір рет келмеген соң, сот сырттай маған шешім шығарып берген болатын, енді міне бұл шешім қуатсыз болып, істі Алматы қалалық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімі қайтадан өз қолына алды, сонымен тергеу қайта басталып, жүріліп жатыр, - дейді Ж.Тәңірбергенова.

Кәсіпкер әйел Әуезов ауданы әкімінің өзіне шүйлігуіне бір себеп барын айтады.

- Осы өз меншігімдегі «Мектеп» атты кешенді орталықтан 20 метрдей жерде Әуезов ауданы әкімі кеңесшісінің арақ-ішімдік және басқадай заттар сататын дүкені болғанынан бар пәле басталды. Сонымен, міне, барлық бизнесім босқа кетті, енді не істерімді білмей қалдым, - деп шағым айтады кәсіпкер Ж.Тәңірбергенова.

Алматыдағы кәсіпкерлер комитетінің төрағасы Сембек Нұрғұловтың айтуынша, бүгінгі күні шағын және орта бизнеспен айналысушы кәсіпкерлер үшін іс жүргізу оңай емес.

- Әсіресе, Әуезов ауданы әкімі және оның адамдары аудан көлеміндегі кәсіпкерлерге қысым жасау, олардың бизнесін тартып алу секілді заңсыз қадамдарға баруда, соның тағы бір мысалы, Алматыдағы «Баянауыл» аутобазарындағы кәсіпкерлер мен әкімшілік адамдары арасындағы төбелес жағдайы, енді міне, кәсіпкер әйел Ж.Тәңірбергенованың басындағы жағдай - бұның бәрі кәспкерлер үшін ертеңге деген үмітті шайып жіберетін жайттар, - дейді ол.

Ж.Тәңірбергенованың құқығын қорғаушы, Қазақстандағы кәсіпкерлер мен меншік иелерін қорғау одағының президенті, заңгер Василий Резван кәсіпкерлер мен әкімшілік шенеуніктері арасындағы сот, тергеу істеріне қолына «аудан әкімінің сенімді өкілі» деген құжат ұстаған Борис Годунов деген азаматтың қатысып, үнемі айқай-шу шығаратындығын айтады.

- Қазақстанның сот және тергеу орындары бұған дейін Б.Годуновты қоғамға қауіпті адам болғандықтан үнемі бақылауда болуы керек деген анықтама шығарыпты. Алайда, Әуезов ауданының әкімі оған назар аудармай, оны өзінің қасында сенімді адамы ретінде ұстап келді. Енді міне, жуырда дәрігери орындар Б.Годуновты емдеу қажет деп іздестірсе, ол еш жерден табылмай отыр, - дейді заңгер В.Резван.

Кәсіпкер Сембек Нұрғұлов бұндай адамдардың мемлекеттік қызмет төңірегінде жүруі мемлекет үшін де, қоғам үшін де қауіпті жайт деп бағалап отыр.

- Ал ондай адаммен бірге қызметтес болып, соның көмегін алып келген Әуезов ауданы әкімі бұл қызметінде болуға құқы жоқ, - дейді ол.

Осы айтылған мәселелерге байланысты Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Әділ Несіпбаев мырзадан қандай бір түсініктеме алу мүмкін болмады.

Ал алматылық бір топ кәсіпкер ел президентінен Әуезов ауданы әкімі Ә.Несіпбаевты және осы әкімдіктегі әділет қызметінің басшысы Әлік Назаровты қызметерінен алуды сұрап, хат жолдағандарын айтады. Сондай-ақ, олар әлгі хатты қазірде өздері таба алмай жүрген Б.Годунов секілді адамдарға жасалатын бақылауды күшейту қажеттігін атапты.
XS
SM
MD
LG