Accessibility links

АҚШ президенті Дж.Буш Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын жабу жөніндегі 6 жақты келісімді қуанышпен қабылдады. Солтүстік Корея - бір жағынан, екінші жағынан - Оңтүстік Корея, АҚШ, Ресей, Қытай және Жапония болып қол қойылған келісім, Дж.Буштың атап көрсетуінше, Корея түбегін ядролық қарусыз аймаққа айналдыруға септігін тигізеді. 6 жақты келісімге сәйкес, Пхеньян ядролық қару жасауды көздеген барлық ізденісінің барлық құпиясын ашып, ядролық материалдары мен технологияларын өзге елдерге бермеуге міндеттенеді. Өз кезегінде 5 мемлекет Солтүстік Кореяға экономикалық көмек көрсетеді.

Солтүстік Корея өзінің ядролық реакторы мен жалпы ядролық бағдарламасын жыл соңына қарай толық жабуға келісті. АҚШ президенті Дж.Буш ресми Пхеньянның бұл әрекетін ықыласпен қабылдап, Солтүстік Кореямен арадағы бұл келісім Иранға үлгі-өнеге бола алады деп мәлімдеді.

Өткен сәрсенбі күні Қытай жағы жария еткен келісім бойынша, Солтүстік Корея өзінің ядролық бағдарламасынан бас тартуға, оның ішінде Йенбондағы ядролық реакторын жабуға келісті де, оның орнына 950 мың тонна жанар-жағар май немесе соған пара-пар мөлшерде экономикалық көмек алады.

Бұл келісім-шарт - үстіміздегі жылдың ақпан айында 6 мемлекеттің өзара қол қойған көп жақты келісімінің екінші буыны болып табылады. Осы келісімге сәйкес, Солтүстік Кореяның іс-қимылымен “қарама-қатар” Америка Құрама Штаттары да оны террористік мемлекеттердің “қара тізімінен” шығару процесін бастауға тиіс.

Ал осы кезде Оңтүстік Кореяның президенті Ро Му Хен мен Солтүстік Кореяның немесе Корея Халық-Демократиялық Республикасының лидері Ким Чен Ир екі жақты бітім және экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бірлескен Мәлімдемеге қол қойды. Бүгін сонымен қатар 2 лидер 1950-1953-інші жылдардағы соғысты ресми түрде аяқтау үшін Қытаймен және АҚШ-пен келіссөз өткізуге уағдаласты. Өйткені, осы күнге дейін 2 ел бір-біріне қарсы соғыс жағдайында тұр. Екі жақты қарым-қатынасты қалпына келтіру үшін бітім туралы шартқа ресми Сеул мен Пхеньян ғана емес, АҚШ пен Қытайдың өкілдері де қол қоюға тиіс. Ал бірлескен Мәлімдеме екі елді қақ бөліп тұрған “Солтүстік шекара сызығы” деп аталатын ауданда екі елдің арасындағы қарулы қақтығыстарға жол бермеу мақсатымен Корея түбегінен батысқа қараған Сары теңізде “бейбітшілік аймағын” құруды қарастырады. “Солтүстік шекара сызығын” 1950-1953-інші жылдардағы соғыстан кейін БҰҰ белгілеген болатын және оны ресми Пхеньян осы күнге дейін мойындамай келді. Бірлескен Мәлімдемеге қол қойылысымен Оңтүстік Корея президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Баек Чжонг Чеон (Baek Jong Cheon) былай деп мәлімдеді.

ЧЖОНГ ЧЕОН: “Солтүстік және Оңтүстік Корея қазіргі бітімді аяқтап, тұрақты бейбіт қарым-қатынас орнату қажеттігі жөнінде ортақ көзқарасқа келді. Өзара жүзбе-жүз кездескен 2 лидер “Корея соғысын” ресми түрде аяқтаудың мүмкіндігін талдау үшін Корея түбегінде бас қосуға келісті”.

Солтүстік және Оңтүстік Корея басшыларының 3 күндік саммиті – соңғы 7 жыл ішіндегі бірінші ресми кездесу болды. екі Корея басшыларының екінші жолығуы. Оңтүстік Корея президенті Ро Му Хеннің Пхеньянға ресми сапары Ким Чен Ирдің сарайындағы қонақасына барумен аяқталып, одан кейін Сеулге оралады.
XS
SM
MD
LG