Accessibility links

Еуропа ұйымында төраға ету мәртебесі Қазақстанға берілмейді деген болжамдар басым


Қарашаның соңғы екі күнінде Мадрид қаласында Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына кезекті төраға болғымыз келеді деген талап-арызы қаралады. Ұйымға кіретін елдердің сыртқы істер министрлері мәселені екі күн талқыламақ. Ал 28 қарашада Мадрид қаласында халықаралық демократиялық ұйымдардың өкілдері, бейүкіметтік ұйымдардың өкілдері кездесіп, брифинг өткізді.

Дөңгелек үстел мәслихатын бас пәтері Нью-Йоркте орналасқан "Колумбия университеті жанындағы Еуразиялық бастама" деген ұйым өткізді. Мәслихат Мадрид қаласында басталатын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жиының алдында өтті, Қазақстан үкіметінің көптен бері айтылып жатқан талабы біржолата қаралады. Сондықтан болар, дәл осы оқиға қарсаңында өткізілген дөңгелек үстел мәслихатына халықарлық бейүкіметтік ұйымдар шақырылды. Мәслихат ұйымдастырушылары Қазақстан ресми орындарының өкілдері де шақырылды, алайда олардың бірде біреу келмеді дейді.

"Колумбия университеті жанындағы Еуразиялық бастама" ұйымының басшысы Питер Залмаев "Азаттық" радиосына айтқандай, дөңгелек үстел мәслихатына қатысқан сарапшылардың көпшілігі Қазақстан үкіметінің тарабына сын айтты, Қазақстан үкіметі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ететіндей дәрежеге жеткен жоқ деп сынады. Питер Залмаев "Азаттық" радиосына берген сұхбатында "Фридом Хауз" ұйымының зерттеуіне сілтеме жасап, Қазақстан адам құқықтарын сақтау көрсеткіші жөнінде әлемдегі ең нашар елдердің бірі екеніне зейін қойды:

- Қазақстан әлемде демократиялық емес мемлекеттің бірі. Мәселен, тек ғана 2007 жылы ел түрмелерінде 56 азаптау оқиғасы тергелмей қалды.

Питер Залмаев "Амнести интернешнл", "Хьюман райтс уотч", "Фридом хауз" ұйымдары қыркүйек айында АҚШ сыртқы істер министрі Кондолиза Райсқа хат жазып, Қазақстан үкіметі адам құқықтарын жаппай бұзады, Қазақстанға төрағалық мәртебесі берілсе бұл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының беделіне нұқсан келтіреді деп мәлімдегенін де айта кетті. Питер Залмаев Қазақстанда өткен тағы бір бұрмаланған сайлаудың салдырынан бір партиядан ғана құралған парламенттің дүниеге келгенін сынады, Қазақстанда адам құқықтарын бұзу қарқыны өсіп келеді деген алаңдаушылығын танытты.

Мәслихатқа Қазақстан үкіметі тарапынан ешкім қатыспай қойды, ал Қазақстан оппозициясы тарабынан Серік Медетбеков қатысты. Серік Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросын басқарады, өзі шетелдерде қуғында жүр. Серік Медетбеков "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Қазақстанға 2009 жылы Еуропа ұйымында төраға мәртебесі берілмейтін сияқты, мәселе 2010 жылға не болмаса 2011 жылға қалтырылуы мүмкін дейді. Мұндай болжамдарды осы аптада "Файненшл таймс" газеті де жазды.
XS
SM
MD
LG