Accessibility links

Оппозиция қайраткері мен адам құқығын қорғаушылардың ісін он бес сағат қараған әкімшілік сот оларға айыппұл салды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Заңсыз шеру ұйымдастырды деген айыппен сотқа тартылған оппозиция өкілі, экс-сенатор Зәуреш Батталова мен құқық қорғаушылар Тимур Кулеев, Болатбек Біләлов, Дәурен Белгібаевтарға және «Лайықты баспана үшін» қоғамдық ұйымының өкілі Дәмеш Мұқышеваға өткен сенбіден жексенбіге қараған түні Астана қаласының әкімшілік соты айыппұл cалу туралы шешім шығарды. Бірақ сот шешімімен келіспеген олар қалалық сотқа шағымданбақ және өздерін ұстаған полиция жасақтарының әрекетін заңсыз деп сотқа бермекші.

Астана қаласының әкімшілік сотында судья Ләззат Әлімжанованың төрелігімен өткен сот мәжілісі үзіліссіз он бес сағатқа созылды. Сенбі күні күндізгі сағат 12-де басталған сот жексенбінің түнінде сағат 03-те аяқталды. Ал әкімшілік соттың ғимаратында сенбі және жексенбі демалыс күндері деп жазылған. Бірақ соған қарамастан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен айыпқа тартылып отырғандарды жақтау үшін келген жиырмаға жуық азамат табандылықпен сот отырысының соңына дейін қатысты.

«Азаматтық қоғам» қоғамдық қорының Астанадағы өкілі Зәуреш Батталоваға заңсыз шеруді ұйымдастырушы деген айыппен Әкімшілік кодекстің 373-бабы бойынша айып тағылған. Онда он бес тәулікке қамау жазасы жөнінде жазылған. Ал соттың шешімі шықпай тұрып, әкімшілік сот ғимаратының жанында сотталғандарды алып кететін көлік пен сот шешімін орындаушылар күтіп тұрды. Бірақ түнгі сағат үште экс-сенатор Зәуреш Батталоваға қатысты судья Ләззат Әлімжанова «20 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл төленсін» деген шешім шығарды. Яғни, экс-сенаторға 22 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал прокурор Дамир Шамуратов сотқа тартылғандардың барлығының жазасын қатаң түрде шығаруға қорытынды жасаған еді.

- Айыпталушылардың жақтастарының көп болуының және ақпарат құралдарының соңына дейін қатысуының арқасында судья тек айыппұл төлеу туралы шешім шығаруға мәжбүр болды. Бұл шешімнің өзі негізсіз, ал сот отырысы бастан аяқ әділетсіз өтті. Сот отырысы тәртібін сақтау үшін судья шешім шығарар алдында ең болмағанда бір секунд кеңесу үшін үзіліс жарияласа болар еді, - деді халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюроның Астана филиалының жетекшісі Анар Ыбраева.

Ал сотқа қатысушылар «бұл сот отырысы емес, сиықсыз көрініс» деп бағалады. Бельгия елінде жиырма жыл дәрігер болып жұмыс істеп келіп, елдегі медицина саласындағы әділетсіздіктермен күресіп жүрген қазақ азаматы Оспан Мыңбаев былай дейді:

- Жүз пайыз кінәсіз болып тұрсаң да, дайындалып қойған бір үкім шығатыны көрініп тұр. Көргенім осы.

Төрт айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүрген «ҚуатГрадСтрой» құрылыс компаниясының жұмысшылары тиісті мекемелерге шағымданып, нәтиже шығара алмаған соң, «Азаматтық қоғам» қоғамдық ұйымының Астанадағы жетекшісі Зәуреш Батталоваға құқықтық көмек көрсетуін сұрап жүгінген. Компания басшылары мен тиісті мекемелермен келіссөз жүргізіп, соңы нәтижесіз болғандықтан Зәуреш Батталова мен құқық қорғаушылар желтоқсанның 15 күні шеру өткізу арқылы жұмысшылардың еңбекақыларын талап етуді ұйғарған. Алайда Астана қаласының әкімдігі олардың шеру өткізу жөніндегі өтініштерін қанағаттандырмай, сол күнге қалалық студенттер Альянсы ұйымы шеру өткізетін алаңды бұрынырақ сұраған деп жауап берді.

«Ал жастар акциясына Қазақстанның кез-келген азаматы қатысып, көруге болады» деген ресми биліктен және тәртіп сақтау орындарынан жауап алған Зәуреш Батталова мен құқық қорғаушылар және «Қуат» компаниясының жұмысшылары желтоқсанның 15-күні жастар акциясын бақылауға барды. Алайда студенттер тарқай салысымен бір топ полиция жасақтары Зәуреш Батталова мен құқық қорғаушыларды күштеп көліктеріне отырғызып алып кетіп, ішкі істер басқармасы оларға заңсыз шеру өткізді деген айып тақты.

Бірақ, сенбіден жексенбіге дейін өткен сот отырысы барысында полиция мен жедел әрекет ету тобының өкілдері акция мен шерудің мағынасын ажырата алмай, сұрақтарға жауап беру барысында айыпталушыларды тәртіп бұзғандығы үшін емес, арнайы тапсырмамен ұстап алып кеткендіктерін айтып қалды. Сол секілді, студенттердің акция өткізуге қала билігіне өтінішті екі күн бұрын ғана бергендері белгілі болды. Мұны Студенттер Альянсының төрағасы Бақытжан Жаншаев та сотта айтып қалды. Ал «Қуат» компаниясының жұмысшылары шеру өткізуге өтінішті он бір күн бұрын Берген болатын.

Өздеріне айыппұл салған сот шешімімен келіспейтін экс-сенатор Зәуреш Батталова енді қалалық сотқа шағымданғалы отыр:

- Біріншіден, сот шешімінің заңсыз екенін дәлелдейміз. Екіншіден, соттың заңсыз көтерген отырысын және полиция әрекеттерінің ісін азаматтық сот арқылы дәлелдейміз. Негізі, бүгінгі сот отырысы халыққа керек. Соттан қорықпау керек. Полициядан қорықпау керек. Заңды білу керек те, өзіңді қорғай білу де қажет. Бүгінгі үдеріс халықтың көзін ашып отыр.
XS
SM
MD
LG