Accessibility links

Қызылжарлық дәрігер Аманжол Әлжанұлы ауылды жердегі денсаулық сақтау ісі жайында ой-пікірімен бөліседі


- Денсаулық сақтау саласындағы басты мәселе – жалақы. Қазір дәрігерлердің жалақысы өте төмен. Мен ауылда дәрігер болып ширек ғасыр қызмет жасадым. Осыншама стажы бар адамдар небары жиырма бес мың теңге ғана аламыз. Орта дамыған елдерде біздің дәрігерлерден 5-10 есе көп жалақы алады. Қазіргі мынау мұнай саласында істеп жатқандардан, бизнес саласында жүргендерден біздің жалақымыз 10-15 есе төмен. Сондықтан, бұл салаға ақша бөлмей, дәрігерлердің жағдайын жақсартпай денсаулық сақтау ісі де дұрыс жолға қойылмайды деп ойлаймын.

Екіншіден, ауылды жерде дәрігерлерге дұрыс жағдай жасалмаған, оқуды бітіріп ауылға келген жас мамандарға үй жоқ. Қазір орталық аудандық ауруханаларда, учаскелік ауруханаларда дәрігерлер аз, алыс аудандарға жас мамандар барғысы да келмейді.

Ал аурулар жөнінде айтар болсақ, қоғамда бір кездері ауыздықталған туберкулез, бруцеллез тәрізді әлеуметтік ауру түрлері қайтадан бас көтерді, ВИЧ/СПИД секілді қауіпті жұқпалы дерт түрлері өршіп бара жатыр. Кезінде көптеген туберкулез диспансерлері жабылып қалды, ал қалғандарының төсек-орындарын азайтты. Ал дәрігерлердің ставкасын алып тастады. Сөйтіп, халықтың жағдайы нашарлаған сайын туберкулез өршіп шыға келді.

Ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайы да халықаралық деңгейге көтерілген жоқ – ауыз су, таза ауа, экология мәселесі әлі шешілген жоқ. Мынау біздің өңірде қатерлі ісік ауруларының көрсеткіші өте жоғары – Шығыс Қазақстаннан кейін біздің Солтүстік Қазақстан облысы екінші орында тұр. Өйткені, ауа, ішетін су ластанған, барлық жерде ауыз су орталықтандырылмаған, әсіресе ауыл халқының көбі әлі құдықтан су ішеді.

Сондықтан жұрттың бәрі ауылдан қалаға үдере көшіп жатыр, бүкіл Қазақстан бойынша жүздеген ауылдар қаңырап бос қалып жатыр. Ал негізі ауылда тұрып келген қазаққа жасалған үлкен қиянат қой бұл. Қазіргі кезде осы ауылдың жағдайын көтермесе қоғамда әлгіндей әлеуметтік аурулар да көп болады.

Дегенмен жетістіктер де бар, оны жоққа шығаруға болмайды. Осыдан біраз ғана бұрын өршіп кеткен туберкулез де азайып келеді. Енді жағдай біртіндеп дұрысталар, «үмітсіз - шайтан» демекші, жақсылық болар деген ниеттеміз.

Бірақ, бұрынғы кеңес үкіметі кезіндегі дәрігерлерге істелгендей жақсылықты жасай алмай отыр қазіргілер.
XS
SM
MD
LG