Accessibility links

Журналистік ұйымдар дайындаған «БАҚ туралы» заң жобасын үкімет жарамсыз деп отыр


Журналистердің үкіметтік емес ұйымдары дайындап, парламентке өткізген «БАҚ туралы» жаңа заң жобасын Қазақстан үкіметі жарамсыз деп таныды. К.Мәсімовтің қолы қойылған жаңа заң жобасы туралы қорытындыда «жобаны жүзеге асыру қосымша қаражат талап етеді. Ал 2008 жылдың бюджетінде қосымша қаражат қарастырылмаған» делінген. Үкіметтің ресми қорытындысы қолдарына тиген осы заң жобасын жасаушылар Қазақстан парламентіне ашық хат жолдап, үкіметтің ресми қорытындысын тексеретін парламенттік комиссия құруды талап етуде.

Қазақстан үкіметі журналистердің қоғамдық ұйымдары дайындаған «БАҚ туралы» жаңа заң жобасын қаңтардың 18-і күні жарамсыз деп таныған. Онда «журналистердің үкіметтік емес ұйымдары дайындаған «БАҚ туралы» жаңа заң жобасын жүзеге асыру қосымша қаражатты талап етеді» делінген. Енді үкіметтік емес ұйым өкілдері осы қорытындынының ақ-қарасын анықтау үшін парламентте арнайы комиссия құрылсын, дейді.

Қазақстандағы сөз бостандығын қорғау жөніндегі «Әділ сөз» ұйымының жетекшісі Тамара Калеева:

«Үкіметтің ресми қорытындысы қандай мәселені негізге алынып жазылғаны және оны кері қайтарып алуға оларды не мәжбүрлеп отырғаны бізге түсініксіз. Біз бұл қортындының негізгі авторы мәдениет және ақпарат миинстрлігі деп білеміз. Өйткені қорытынды 2006 жылы осы заң жобасына берілген қорытындыны сөзбе-сөз қайталайды», - дейді.

Журналистердің үкіметтік емес ұйымдары дайындаған бұл заң жобасы осымен екінші рет жарамсыз деп танылды. Жобаны алғаш ақпарат және мәдениет сынға алып құжаттағы «ақпарат құралдары тегін тіркелсін деген» бап мемлекеттік кірісті төмендетеді» деген уәж айтқан. Осыдан кейін заң жобасын дайындаушылар жобаны кері шақырып алып, өзгертулерін енгізіп 2007 жылы қайта ұсынған болатын.

Бұл заң жобасының басты жаңалығы неде? Егер қабылдана қалған жағдайда БАҚ саласына қандай пайдасы болмақ? Бұл сауалдарға жарамсыз деп танылған заң жобасын дайындаушылардың бірі, Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев былайша жауап берді:

«Біріншіден - бұл жобада БАҚ-тарды тіркеу тәртібі туралы егер кімде-кім газет ашқысы келсе онда ол ақпарат министрлігіне хат жолдайды. Ол хатқа министрлік 15 күн ішінде жауап бермесе жаңағы азамат газетін ашып, жұмыс істей берсін деген талап бар. Сондай-ақ, басылымдарды сотқа тарту, моральдық шығын талап ету мәселесі. Қазір түрлі соттар жүріп жатыр. Ол соттарда миллион доллар моральдық шығын талап ету түк болмай қалды. Біз осы заң жобамызда айтамыз – шағымданушы, моральдық шығын талап етуші сол талап еткен шығынның 5 пайызын қазынаға аударсын деп. Олай болмаса олар ұнамаған газеттерді сотқа беру арқылы ақша жасап отыр».

Оның айтуына қарағанда, журналисті қылмыстық жауапкершіліктен босату мәселесі де бұл заң жобасында жан-жақты қарастырылған.

Ал бүгін парламентке жалпы қоғамға үндеу жасап отырған бұл азаматтар «БАҚ туралы» заң жобасы мінсіз емес. Ол әлі жетілдірілуі тиіс. Бірақ бұл жүйелі құжат Қазақстанның даму болашағын және халықаралық міндеттерін есепке ала отырып дайындалды, дейді.

Қазақстан сыртқы істер министрі Марат Тәжин былтыр күзде Мадридте өткен жиында, Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төраға болып бекітілер кезде, халықаралық қауымдастық алдында жақын уақытта елдегі «БАҚ туралы» заңға толықтырулар енгізіліп, БАҚ-ты тіркеу тәртібі өзгереді деген уәде айтқан болатын.

«Ал, Мадридтегі жиында Қазақстан 2010 жылы Еуропалық ұйымға төраға болып бекітілгеннен кейін, биліктің көзқарасы өзгеріп шыға келді», - дейді Сейітқазы Матаев.

Дайындаған заң жобаларын үкімет жарамсыз етіп тастаған қоғамдық ұйым өкілдері болса «БАҚ туралы» заңға өзгерістер тек билікке ыңғайлы түрде ғана енгізіледі. Бұл қазақстандық журналистиканы дамытпайды және журналистің бірде-бір мәселесін шешпейді, деп отыр.

Мұндай пікірді кейбір журналистер де қолдайды. Солардың бірі КТК телеарнасының тілшісі Мәди Алжанбай:

«Менің ойымша, «БАҚ туралы» заң негізінен журналистер мүддесіне қызмет ету керек сияқты. Басқасын айтпағанның өзінде журналистің жұмыс істеуіне толық мүмкіндік беруі, жағдай жасауы керек. Мысалы, түрмеге кіруге, ресми орындардан кедергісіз ақпарат алуды қарастырса. Ал қазіргі қолданыстағы заң болса тек биліктің мүддесін ойластырып жасалған», - дейді.

Ал жоғарыда парламентке үндеу жариялап арнайы комиссия құруды талап етіп отырған журналистердің үкіметтік емес ұйым өкілдері болса мұнымен тоқтамаймыз. Келесі аптада Астанада ОБСЕ өкілдерінің қатысуымен болатын жиында бұл мәселені көтереміз, деп отыр.
XS
SM
MD
LG