Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.27.2008 жыл


Сәрсенбі күнгі басылымдар кеше Астанада өткен Үкіметтің кезекті отырысында қаралған Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны қосатын көлік дәлізі туралы, Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауданын жайлаған су тасқыны, «Рахатгейт» тақырыбыжәне тіл, мәдениет, тарих мәселесі жайында мақалалар беріпті.

«Айқын» газеті кеше Астанада өткен Үкіметтің кезекті отырысында қаралған Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны қосатын көлік дәлізі туралы мақаласын «Тасымал тасқыны үшін Талас» деп атап, ол дәліздің тиімділігін дәріптесе, «Литер» газеті осы жобаны қаржыландыру мәселесі тығырықта екеніне баса назар аударып, мақаласын «Транзит кімнің есебінен жүргізілмек, «ҚазМұнайГаз» мемлекеттен көмек сұрайды, ал мемлекет жеке меншіктен» деп атапты.

Сондай-ақ «Айқын» басылымы «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесшісі, әрі саясаттанушы Шәріпбек Әмірбекпен сұхбатын «Нұр Отан» партиясында жемқорлар бар ма?» деп атапты, оған Әмірбек мырза «Ондай оқиғалар тіркелген жоқ» деп жауап беріпті. Осы орайда газеттің «Бізде саяси партиялардың өзін-өзі сынау мәдениеті қалыптасқан ба?» деген көкейдегі сауалына жауап берген депутат «Құдайға шүкір, Қазақстандағы саяси партиялар немесе депутаттар арасында дәл Ресей мен Жапониядағыдай соңы өзара «сайысқа» жеткізетін сын болған емес. Бұл Қазақстанда мәдени әрі сындарлы сынның бар екенін анықтай түссе керек» десе, саясаттанушылар «сын мен сынампаздықты тіпті де шатыстыруға болмайды. Бізде сынампаздық басым не болмаса сынның өзі үлкен мәдениетті қажет етеді. Бізде сын айтуды бірін-бірі қаралау, бірінің бірі дәрежесін төмендету деп түсінуде» деген ой айтыпты. «Айқын» газеті сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Әшімовпен өткізген ауқымды сұхбатын әкімнің сөзімен «Мен көзбояушылықты ұнатпаймын» деп атапты.

Бірқатар басылымдар Алматыда оншақты мұғалім өз мүдделерін қорғау үшін қоғамдық ұйым құрғаны туралы жазыпты. Олар «нәпақа табу үшін бір жарым, тіпті екі ставкада жұмыс істеуге мәжбір» екеніне шағымданып, алдағы уақытта «Қазақстанның барлық аймақтарында өз бөлімшелерін құрып, ең алдымен жалақыларын көтеру үшін» күреспек көрінеді.

«Эксперсс К» газеті биылғы жылы жауған қалың қардың зардабынан Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы бірнеше ауылда үйлердің шөгіп, қабырғаларының жарылып кеткені туралы жазыпты.

«Время» газеті бас мақаласын жақында ғана Венадан оралған Армангүл Қапашевамен сұхбатына арнап, оны «Австрия Әлиевті жасырып отыр» деп атапты. Онда Армангүл «Австрия сот жүйесінің іске немқұрайлы қарауы тура Қазақстандағыдай. Рахат ол жақта ешкімнен де қымсынбай, өзінің қант бизнесімен еркін айналысып жүр. Австриялықтар Рахатты Қазақстанға қайтарып бермеуге бел буды, бірақ мен алда Халықаралық трибуналға дейін шағымданбақпын» депті.

Кейбір басылымдар «Қазақстанға сырттан әкелінетін қант импортына шектеу қою арқылы билік отандық қант өндірушілерге қолдау көрсетпек» деген тұжырымды астарлап көріпті.

«Аргументы и факты Казахстан» апталығы «Қазақстанда идеологияның жоқтығы неге апаруы мүмкін?» деген сауал төңірегінде ой толғап, «бізді әлем көп жағдайда Ауғанстанмен шатастырады, ал ең жақсы дегенде Борат Сағдиев арқылы саралайды» дей келіп, «ол үшін жақсымызды асыратын қажетті насихат жоқ» деген тұжырым жасапты. Сондай-ақ осы апталықтың белгілі ұстаз Архимед Ысқақовпен сұхбатында ол: «Үш тұғырлы тіл бізді өркениетке бір адым жақындатады» деген ой айтыпты.

«Егемен Қазақстан» басылымында жарияланған «Жахандану және Ұлт мәселесі» деген көлемді мақаласында автор, белгілі ғалым Амангелді Айталы: «Қазақстан ұлты» дегеннен гөрі «Қазақстан халқы» деген дұрыс деп, осы мәселені жан-жақты екшелепті. Осы газет мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамед Ертісбаевпен сұхбатын оның өз сөзімен: «Ана тілінде ойлау керек» деп айдарлапты. Газет тағы бір мақаласында «Босқындар туралы» заң қабылдап, басқалардың қамын ойлап, ал «Қара шаңыраққа қайтуды қиындатуымыз қалай?» деп, оралмандар мәселесін көтеріпті. Жалпы сәрсенбілік санында «Егемен Қазақстан» газеті «Санкт-Петербург қаласындағы Ресейдің әйгілі этнографиялық мұражайынан табылған хан кісесі», «Шетелдік тарихнама Қазақстан жайлы не дейді?», «Кібісе жыл. Ол не? Қайдан шыққан?» деп, «римдіктерше високос жылының тарихы жайлы» және басқа да көптеген қызықты танымдық мақалалар беріпті.
XS
SM
MD
LG