Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.12.2008 жыл


Сенбі күнгі басылымдар адамзат ғарышқа тұңғыш ұшқан күні - 12 сәуірге арнап мақалалар беріпті. Сонымен қатар, бірқатар басылымдар «Нұр Отан» партиясының 60-тан астам мүшелерінің үстінен жемқорлыққа байланысты қылмыстық іс ашылғаны, Қазақстанға АҚШ-тың жаңа елшісі тағайындалғаны, Қазақстан экономикасы мен инфляциясы туралы жазыпты.

Сенбі күнгі «Время» газеті «Топольді» отқа жағып жіберуі мүмкін» деген бас мақаласында, Ресей Амур облысында жаңа ғарыш кешенін салып жатуына байланысты «Қазақстанның ғарышты игеру бағдарламасына жабылу қауіпі төніп тұр» деген ой айтады.

Осыған байланысты «Айқын» газеті «мәселе» айдарымен «Байқоңырды ұстап тұруға қауқарымыз жете ме?» деп сұрапты. Мақала авторы «...Ғарыш саласы мамандарының мәлімдеуінше, Ресейдің Байқоңырды Қазақстанға 2016 жылы-ақ қайтарып беруі ғажап емес. Оған Ресейдің Амур облысында салынып жатқан «Восточный» ғарыш айлағы себепші болып отыр. Әрине, мұндай болжамның шыққанына жылға таяу уақыт болса да, сала мамандары күн өткен сайын бұл пікірдің расқа айналу мүмкіндігінің артып бара жатқанын жасырмайды. Қазақстандық «Байқоңыр» ғарыш кешенін жылына 115 млн долларға жалға алып отырған Ресейдің «Ресейлік ғарыш айлақтарын дамыту» мемлекеттік бағдарламасына сай, болашақта ғарыш кемелерін өз территорияларынан ұшыру мақсаты көзделген. Бұл тұрғыдан келгенде, Ресей Байқоңырдан бас тартқан жағдайда, Қазақстанның дербес ғарыш державасы болуға, нақтырақ айтқанда, айлақты ұстап тұруға ғылыми және материалдық қауқары жете ме?» деп, «Қазақ ғарыш сапары» ұлттық компаниясының ғылыми-техникалық мәселелер жөніндегі вице-президенті, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мейірбек Молдабековтен сұрапты. Оған ғарыш маманы Байқоңырда қанша кәсіпорын жұмыс істеп жатқанын санап отырып, «бұлардың бәрін дерлік қазір Ресей қаржыландырып отыр. Сондықтан Байқоңырды қайтарған шақта осы ауыр жүкке арқа тоса алмасымыз айқын. Мұны мамандар да жоққа шығармайды. Экономистер тіпті де кешенді қолға алудың экономикамызды бір мезетте тұралатып тастайтынын мәлімдеп, қауіптеніп отыр» дей келіп, Байтерек зымырандық-ғарыштық кешеннің болашағы, жалпы Қазақстанның ғарыш игеру әлеуеті туралы айтыпты.

«Литер» газеті болса, «Ғарыштық жетістік» деген мақаласында, тұңғыш ғарышкер – Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқан күні ертеңіне аты әлемге әйгілі болған ақын - Олжас Сүлейменовтың «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасының жазылу тарихын ақынның өзі айтып беріпті.

«Литер» мен «Айқын» газеттері «Нұр Отан» партиясының қоғамдық кеңесі Бас прокуратура партияның 68 мүшесіне қатысты қылмыстық іс қозғағаны туралы жазыпты. Осыған орай «Литер» газеті «Жемқорлыққа қарсы үдете берілмек он соққының алғашқы соққысы елеулі жемісін берді» десе, «Айқын» газеті «Нұр Отанның» 68 мүшесіне қатысты қылмыстық істің қозғалуы жақсы нышан ба, әлде бұл партия қатарында кездейсоқ адамдардың көптігін білдіре ме?» деп сұрапты. Оған жауап бергендер «бұл жемқорлыққа жойқын күрестің басталғанын көрсетеді», «бұл – ел үшін жақсылықтың нышаны. Жұрт бұрыннан-ақ «Нұр Отанның» атын жамылып, бас пайдасын күйттейтін жемқорлардың барына күмән келтірген емес. Бұл ...партия ішіндегі былық-шылықтың барын айғақтап тұр. «Нұр Отан» партиясы 68 адам ғана емес, 4-5 мың адамды әшкерелеп, сотқа берсе, партия біраз тазаланып қалған болар еді» дегендей пікір білдіріпті.

«Время» газеті «Кеденде кім жақсы тұрады?» деген мақаласында бүйректен сыйрақ шығарып, пара дәметіп, құжаттарды тіркеуді қиындататын Қытай мен Қазақстан арасындағы «Бақты» бекетінің кеденшілерінің озбырлығына шыдамаған кәсіпкерлерден редакцияға кеген хат туралы жазыпты.

«Экспресс К» газеті «Прокурор кетісімен, әкім шықты» деген мақаласында, Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Хәкім Көшқалиев облыс әкімшілігінің жұмысын тексеру нәтижесін жариялап, мерзімінің аяқталуына орай басқа жаққа қызметке кетісімен, облыс әкімі Жәнібек Кәрібжанов журналистерге шығып, «Астанадағы жоқ әкімшілік ғимараттарына бөлініп жатты» делінген «қыруар қаржы жайлы дауға байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеру басталғанын мәлімдеді» деп жазыпты.

«Время» газеті «Барлық пәле «жасылдан» деген мақаласында «үкімет елдегі инфляциямен тұрмыстық қызмет бағасын ырықтау арқылы, не болмаса шетке азық-түлікті саттырмау арқылы күреспек боп жатқанынан еш нәтиже болмай отыр. Себебі неде?» деп, сарапшылардан пікір сұрапты.

«Айқын» газеті осы тақырыптағы мақаласын «Өзбектің көкөнісіне байланған инфляция» деп атапты.
XS
SM
MD
LG