Accessibility links

Қазақстанда алғаш рет «Биржа» ұлттық ойны басталғалы отыр

  • Досан БАЙМОЛДА

Алматы қаласында құрылатын аймақтық қаржы орталығының іс-әрекетін реттейтін агенттік Қазақстанның қаржы министрлігі, мемлекеттік «Самұрық» холдингі және «Deloitte» және «Ренессанс Капитал» компанияларының қолдауымен осы аптада «Биржа» деп аталатын ұлттық ойын жобасын іске қосқалы отыр.

Алматы қаласында құрылатын аймақтық қаржы орталығының іс-әрекетін реттейтін агенттіктің сараптама-зерттеу орталығының сарапшысы Сәбит Матаев «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, бұл ұлттық ойынның мақсаты – қатардағы азаматтардың қор нарығында жұмыс істеу біліктілігін және сауаттылығын арттыру екенін айтты.

«Ойынға қатысушы кез-келген Қазақстан азаматы ойын барысында қор нарығындағы негізгі принциптерді, механизмдерді түсіне алады. Бұл кімге де болсын пайдалы», - дейді сарапшы С.Матаев.

Бұл ойынға қосылғысы келген әрбір ойыншының үйінде интернетке қосылған компьютері болуы керек. Ал ойынға қатысатын барлық ойыншыға виртуалды түрде 50 мың шартты бірлікке тең ақша беріледі және сол ақшаға олар «Биржа» ұлттық ойнының сайтына қойылған 70 компанияның акцияларын сатып алып, ойынға қатысады.

«Биржа» ұлттық ойнындағы әлгі компаниялардың 61-і Лондон биржасында акциялары бар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің компаниялары, ал тағы 9-ы әзірге акцияларын халықаралық қор нарығына шығара алмаған қазақстандық компаниялар болмақ.

«Осы компаниялардың акцияларын сатып алу арқылы ойынға кіріскен әрбір ойыншы қор нарығындағы әлгі компаниялардың акция құнының өсуі, төмендеуіне байланысты өзінің қор нарығындағы ойын барысын бақылай алады», - дейді С.Матаев.

Ойын аяқталған соң онда ең жақсы табысқа жеткен ойыншыларға ақшалай сыйлықтар тағайындалған. Мысалы, бірінші орынды жеңіп алғанға 25 мың АҚШ доллары, екінші орын иеленген адамға 10 мың АҚШ доллар, ал үшінші орын алған ойыншыға 5 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілмекші.

Қазақстандағы қаржы нарығын зерттеуші Олжас Рахметов елдің қаржы нарығы әлі әлсіз, жақсы дамымай жатқандықтан осындай ойындар арқылы халықтың қор нарығы, қаржы нарығы жөніндегі сауаттылығын арттыру құптайтын іс деп бағалайды. Ол өз отбасы мүшелері барлығының осы «Биржа» ұлттық ойынына қатысқалы отырғанын жеткізді.

«Биржа» ұлттық ойынының қортындысы биылғы шілде айының 7-сі күні шығарылады.
XS
SM
MD
LG