Accessibility links

Ермұхамет Ертісбаев: Назарбаев Қазақстанды 2017 жылға дейін басқарады


Ермұхамет Ертісбаев

Ермұхамет Ертісбаев

Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев, маусымның 11-күні «Литер» газетінде шыққан сұхбатында, президент Нұрсұлтан Назарбаев өз қызметінде 2017 жылға дейін қалатыны сөзсіз деп мәлімдеді. Елдегі оппозиция күштерін бас біріктіре алмайтын әлсіздер деп сипаттаған президент кеңесшісі, алдағы жылдың күзінде Қазақстанда кезектен тыс парламент сайлауы өтуі ықтимал екенін айтты.

Сондай-ақ ол, қазір дайындалып жатқан сайлау туралы заң жобасында саяси партияларға парламентке өту үшін сайлауда алуға қажетті дауыстардың төменгі шекті деңгейін қолданыстағы жеті пайыздан төрт пайызға дейін түсіру көзделіп отырғанын жеткізіпті. Тіпті, сол шекті межеге жете алмаған күннің өзінде сайлау қортындысында жеңімпазбен бірге екінші орын алған партия да парламентке өтетіндей заң өзгерісі қабылдануы ықтимал дейді президент кеңесшісі.

Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов президент Назарбаев билік басында кемінде әлі тоғыз жыл отырады дегенге күмән келтіреді:

- 2017 жылға дейін кім бар, кім жоғын бір құдай біледі. Бірақ, Ертісбаевтың дәл осылай сайрауы, биліктің сондай ойы бар деген сөз. Билік өзінің армандап-аңсап жүрген мәселесін халыққа жеткізгісі келгені. Жалпы, өркениетті қоғамда бір адамның осыншама жыл биліктің басында отырып, енді тағы да соншама жыл басқарғысы келетіні, жұмсартып айтқанда, ретсіз нәрсе ғой. Оны, тағы да қайталап айтайын, құдай және халық біледі.

Оппозициялық саясаткердің бұл пікіріне кейбір сарапшылар да қосылады.

- Кез келген нәрсе жайында айтуға болғанымен, жағдай іс жүзінде мүлдем басқаша өрбуі мүмкін. Мәселен, Назарбаевтың денсаулығына немесе Қазақстанның өз ішіндегі болмаса айналасындағы ахуалдың бұл мәселеге әсері болады. Менімше, қазіргі президенттің билік басында әлі қанша отыратыны оның айналасындағы әлдекімдердің айтқан сөзіне емес, нақты жаңағы мен атап кеткен жайттармен байланысты болатын секілді, - дейді Алматыдағы Еуразиялық саяси зерттеулер орталығының директоры Рүстем Лебеков.

Дегенмен, елде 2009 жылдың күзінде кезектен тыс парламент сайлауы өтуі мүмкін екендігі туралы Ертісбаевтың айтқан сөзінің жаны бар дейді сарапшы Лебеков:

- Бұндай вариантқа ең алдымен биліктің өзі мүдделі болып отырғандықтан, парламент сайлауы келер жылы емес, тіпті биыл күзде өтіп қалуы да ғажап емес. Себебі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болар алдында, елде партиялық жүйе мен пікір алуандығы қалыптасқанының бір нышаны ретінде парламентке тым құрмағанда оппозициялық бір әйтпесе тіпті екі саяси партияны өткізу билік үшін маңызды болмақ. Алайда, бұның барлығын тек батыс елдеріне көрсету үшін жасаудың мәні жоқ секілді. Сондықтан, бұндай сценарийдің ішкі себептері де болу мүмкін. Мәселен, мемлекеттік холдингтердің пайда болуы, билік құрылымындағы ауыс-түйістер, кейбір ықпалды топтардың мүмкіндігін шектеу секілді істерден саяси алаңның жоғары билікке қатысты бір үлкен өзгерістер алдында тазартылып жатқанын пайымдауға болады.

Ал оппозиция қайраткері Әміржан Қосанов Қазақстан билігі саяси қарсыластарына парламенттен орын береді дегенге сенбейді.

- Өйткені, саяси науқанның өз заңдары бар. Ал ел қиналып жатқан дәл қазіргі кезде – баға қымбаттап, тарифтер өсіп, қарапайым халық одан сайын кедейленіп, құрылыстар тоқтап, үлескерлер аштық жариялап тұста – билік парламент мінберін оппозицияға беріп қояды деп ойламаймын. Бірақ, қалай болғанда да, биліктің өзі жалпы бір партиялық парламенттің өркениетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын сезген сияқты. Қазір байқасаңыз, шетелдіктер ресми сыртқы саясатында біздің парламент жайында, құдды бір ыңғайсыз жағдай секілді, көп айта бермейді, - дейді Қосанов.

Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев «Литер» газетіне берген сұхбатында, дәл Қазақстандағыдай жалғыз партиядан тұратын парламент әлемнің ешбір елінде жоқ екенін мойындай отырып, мұны қазақстандық оппозицияның әлсіздігі деп түсіндірді.

«Мемлекет басшысы, «Нұр Отанды» біріктіргенде және Англия мен АҚШ елдеріндегідей қоспартиялық жүйе туралы айтқанда, оппозициядағы күштерге бірігіңдер деген ишараны бірнеше рет жасаған болатын. Бірақ біздегі оппозиция сол бытыраңқы күйінде қалды», - дейді Е.Ертісбаев.

Президент кеңесшісінің бұл сөзін саясаттанушы Рүстем Лебеков те қостайды.

- Саяси билік үшін аянбай күресетін ұрымтал сәттерде біздегі оппозиция қауқарсыз боп қалғанын бірнеше рет байқадық, - деді сарапшы.

Ал саясаткер Әміржан Қосанов оппозицияның әлсіз тұстары бар екендігін мойындағанымен, парламенттің бір партиялы болуының басты себебі басқада деп қарсы уәж айтады.

- Егерде шынайы дауыс беру процесі болғанда және дауыстар әділетті түрде саналған кезде, әрине, «Нұр Отан» партиясы парламенттің төрінде дәл қазіргідей қақиып жалғыз отырмаған болар еді. Сайлау нәтижесі көпшіліктің сенімінен шығатындай шынайы болуы үшін алдымен қазіргі сайлау туралы заңды өзгерту керек. Оған ҚР сыртқы істер министрі Марат Тәжин былтыр Мадридте ЕҚЫҰ мүше мемлекеттер өкілдерінің алдында мойнына алған міндеттемелердің ішіндегі учаскелік сайлау комиссияларына оппозициялық партиялар өкілдерінің кіруі жайында талап егізіліп, жүзеге асырылса, сонда «Нұр Отанның» қандай шынайы баға алатынын көрер едік, - дейді Ә.Қосанов.

Қазақстанда 1989 жылдан бастап жоғары билік басында отырған президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен аптада журналистер қойған сауалға берген жауабында, сайлауда халық сенім білдіріп жатса, өз денсаулығы мен мүмкіндігіне қарай, әлі де ұзақ жылдар бойы қызметін атқара беретінін мәлімдеген болатын.
XS
SM
MD
LG