Accessibility links

«Халық кеңесі» қоғамдық парламентінің спикері болып Жармахан Тұяқбай сайланды


Жармахан Тұяқбай, оппозициялық саясаткер

Жармахан Тұяқбай, оппозициялық саясаткер

Бейсенбі күні «Халық кеңесі» қоғамдық парламентінің екінші мәжілісі өтіп, оған Қазақстандағы бірқатар демократиялық партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Әуел баста мұндай идея айтыла бастаған кезде, қазақстандық кейбір сарапшылар, бұл да сәтсіз одақтардың біріне айналып, көп уақыт өтпей ыдырап кетуі мүмкін деген болжамдар жасаған. Ең алғаш рет Социал-демократиялық партия осы бастаманы көтергенде, оның құжатындағы кейбір тұстарымен келіспеген «Азат» пен Коммунистік партия, ең алдымен қателіктерді түзетіп алайық, одан арғысын уақыт көрсетеді деп, кейіннен бұл кеңеске мүше болудан мүлдем бас тартты.

Қазақстанның Комунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин бұл жолғы жиыннан бейхабар боп шықты.

- Мені «Халық кеңесінің» мәжілісіне ешкім шақырған жоқ, тіпті оның бүгін өткенін де өзіңнен бірінші рет естіп тұрмын. Мен бұл парламенттің мүшесі емеспін. Бірақ, оған қатысудан да бас тартқан жоқпын. Жалпы, менің «Халық кеңесі» қоғамдық парламентін құрудағы ойым мүлдем басқа болатын. Айтатын болсам, біз ең алдымен бүгінгі билік басында отырған Назарбаев пен оның режиміне қарсы шығуымыз керек. Оларға осы ұсынысты айтқанымда бастарын ала қашты. Енді ештеңені өзгертуге шамасы жетпейтін қоғамдық парламентке барғаннан не пайда? - деді Әбділдин.

12 маусымда Алматыда өткен мәжілісте қоғамдық парламенттің бірқатар міндеттері мен алдағы атқарылатын жұмысы талқыланды. Бірақ осы ұйымға мүше 32 қоғамдық бірлестіктің 10-ы келмеді.

Мәжілісті жүргізген Жармахан Тұяқбай, 10 адамның қатыспауына байланысты түрлі себептерді айтты. Дегенмен, осының өзі-ақ сырт көз үшін, қоғамдық парламент жұмысына кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің тарапынан қажетті көңіл бөлінбей отырғанын көрсеткендей болды.

Соған қарамастан, мәжілістің жұмысы ешқандай кедергісіз өтті. Қоғамдық парламентке мүше саясаткерлердің айтуынша, «Халық кеңесі» жалғыз партиядан ғана құралған ресми парламентке балама күш болмақ. Сондықтан болар, ұйымдастырушылар да, мәжіліске қатысқан үкіметтік емес ұйымдар мен саяси күштердің өкілдері де мейлінше демократшыл болып көрінуге тырысты.

Мәселен, «Аман саулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменова әр мәжіліс отырысы болған сайын спикер ауысып отырсын деген ұсыныс айтқанымен, оны ешкім қолдаған жоқ. Осы мәселені шешудің өзі мәжіліс отырысының біраз уақытын алып қойды. Балташ Тұрсынбаев пен «Мысль» журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам, мәжіліс спикері ұзақ мерзімге сайлану керек деп, оған Жармахан Тұяқбайдың кандидатурасының лайық екенін алдын ала айтып тастады.

Одан соң, парламентке кімдер мүше бола алады деген сұрақ талқыланды. Әуел баста кез келген саяси күштердің немесе үкіметтік емес ұйымдардың барлығы парламенттің жұмысына қатыса алады деп айтылған болатын. Ал бұл жолы осы мәселеге байланысты мәжіліске қатысып отырғандардың пікірі екіге бөлінді. Жан жақтан түрлі ұсыныстар көп айтылған соң, Жармахан Тұяқбай мәжіліске мүше болғысы келгендерді қабылдайтын арнайы комиссия құру керектігін айтқанда, біріне бірі қарсы шығып отырғандар бұрынғы спикердің сөзін қолдай жөнелді.

20 минуттық үзілістен соң, мәжілісті басынан бастап жүргізіп отырған Жармахан Тұяқбай, спикердің мерзімін анықтауды дауысқа салды. Бақыт Түменова мен тағы бірнеше адам қарсылық көрсеткенімен, көпшілік спикердің мерзімі бір жыл болсын дегенге қолдап, дауыс берді.

Ал енді спикер етіп кімді таңдаймыз дегенге тоқталғанда, Жармахан Тұяқбайдан басқа ешкімнің кандидатурасы ұсынылған жоқ. Сонымен, бұрын Қазақстан Республикасының парламенті мәжілісінің спикері болған Жармахан Тұяқбай, өзі бастамашы болған «Халық кеңесі» қоғамдық парламенттің спикері болып сайланды.

Бұдан басқа, «Халық кеңесінің» мәжілісінде саяси реформалар, адам құқығы мен сөз бостандығы, заң мәселелері мен заңнамалық реформалар, әлеуметтік саясат, экономика және бюджет саласы, аграрлық саясат және халықаралық істер бойынша жұмыс істейтін жеке-жеке комиссия құрылатын болып шешілді. Кімнің қай комиссияның құрамына кіретіндігін анықтауды бір айдан соң өтетін 3-ші мәжілістің күн тәртібінде шешуді ұйғарды.

Отырыс барысында «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов, «Халық Рухы» мен «Алға» партияларын тіркеуге байланысты қоғамдық парламенттің атынан ЕҚҰЫ мен үкіметке үндеу жариялауды ұсынды. Мәжіліс мүшелерінің ешқайсы да қарсы болмағандықтан, осы мәселеге байланысты арнайы құжаттар дайындалып, оны жүзеге асыру келесі болатын мәжілістің еншісіне қалдырылды.

Жармахан Тұяқбайдан «Халық кеңесінің» мәжілісін өткізіп тұруға қаржыны қайдан алып жатырсыздар деп сұрағанымызда, ол былай деп жауап берді:

- Бізге ақшаны ешкім беріп жатқан жоқ. Одан соң, осындай қонақ үйдің бас қосатын бөлмесін жалдау аса көп қаражатты қажет етпейді. Осы жолы ақшаны өз қалтамнан шығардым. Ал бұдан кейін парламентке мүше қоғамдық ұйымдар мен басқа да партиялар мәжілісті өткізіп тұруға қаржы бөлетін болады. Сондықтан, бұл жөнінде басқа пікір қалыптаспауы керек.

Дәл осы сұраққа Байменовтың қайтарған жауабы мынандай:

- Кеше осы мәселені Жармахан Тұяқбайға айттым. «Ақ жол», ЖСДП сияқты партиялардың мәжіліс өткізіп тұруға шамасы жетеді. Дегенмен, парламенттің құрамында ірі партиялардан бөлек, қаржысы аздау қоғамдық ұйымдар да бар ғой, солардың басшылары қазірден бастап осы мәселеге алаңдап отыр. Сондықтан, мен Жармахан Тұяқбайға мәжілістің жұмысын қамтамасыз ететін қор құру керек екенін айттым.
XS
SM
MD
LG