Accessibility links

26 маусым - адамды азаптауға қарсы халықаралық күрес күні


Сәрсенбіде Қазақстан президенті БҰҰ-ның адамдарды азаптауға қарсы конвенциясының факультативті хаттамасына қол қойды. Ал бүгін, яғни 26 маусым БҰҰ бекіткен, азапталған мен жәбірленгендерге қолдау білдірудің халықаралық күні. Осыған орай бейсенбіде Астанада бірқатар үкіметтік емес ұйым өкілдері «Қазақстан әлі де болса БҰҰ-ның адамдарды азаптауға қарсы конвенциясының бірқатар талаптарын орындамай отыр» деп мәлімдеме жасады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының адамдарды азаптауға қарсы конвенциясы 1984 жылдың 10-шы желтоқсанында қабылданып, 1987 жылдың 26-шы маусым күні күшіне енген болатын. Бұл халықаралық құжат 1948 жылғы Адам құқықтары жөніндегі жалпыға бірдей декларацияға және 1949 жылғы бейбіт тұрғындарды соғыс кезінде қорғау туралы Женева конвенциясына толықтама болып табылады. Қазақстан бұл құжатқа 1998 жылы қол қойды.

БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 2002 жылы адамдарды қинауға қарсы конвенциясына қосымша Факультативті хаттама қабылдап, ол 2006 жылдың 22 маусымынан күшіне енді. Сәрсенбіде Қазақстан президенті де осы Факультативті хаттамаға қол қойды. Бұл күні осы хаттамаға әлемнің 33 мемлекеті қол қойған.

«Ол дегеніміз – енді алдағы уақытта БҰҰ-ның талабына сәйкес, Қазақстанда да адамды азаптауға қарсы БҰҰ-ның комитет бөлімшесі ашылады» дейді Халықаралық адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның жетекшісі Евгений Жовтис.

- Қазақстан 2001 жылы БҰҰ-ның адамды қинауға қарсы комитетіне Қазақстандағы жағдай туралы есепті баяндамасын ұсынған болатын және сол кезде БҰҰ-ның адамды қинауға қарсы комитеті он алты ұсыныс айтқан еді. Біздің тәуелсіз зерттеуіміз бойынша осы уақытқа дейін сол ұсыныстардың тек төртеуі ғана жүзеге асты. Олардың елеулісі - біз қазір қылмыстық кодекске «адамды тергеу барысында қинау» атты ұғымды кіргіздік. Екінші - «азаптау арқылы алынған мәліметтерді сот барысында елеп-ескермеу керектігін» қабылдадық. Сол сияқты, басқа техникалық тұстарын да ескердік. Өкінішке қарай, оларды іс жүзіне асыру тетіктері әлі жасалмай отыр. Бірақ, бұл да алға жылжушылық. Факультативті хаттамаға қол қойылуы бізге алдағы уақытта түрмелер мен алдын-ала ұстау мекемелеріне тәуелсіз қоғамдық бақылау механизмдерін жасауға мүмкіндік береді деп есептейміз. Екінші жағынан, биыл Қазақстан азаптауға қарсы конвенцияның екі бабы бойынша мәлімдеме жасады. Оған сәйкес біздің азаматтар адамды азаптауға қарсы БҰҰ-ның комитетіне тікелей шағыммен шыға алатын болады, - деді Жовтис.

«Ашық азаматтық қоғамның құқықтық бастамасы» атты үкіметтік емес ұйым жетекшісі Назгүл Ерғалиева Қазақстан үкіметі БҰҰ-ның адамдарды азаптауға қарсы конвенциясының бірқатар талаптарын әлі де орындамай отыр дейді:

- Ең бірінші, азаматтарды заңсыз тұтқынға алу мәселесін шешу керек. Азаматтарды ешқандай хаттама толтырмай-ақ тұтқындаған жағдайда, мейлі ол бөлмеде болсын, не камерада болсын, ол ешқандай заңмен, не адвокаттармен қорғалмай тұрғанда, адамды азаптау, олардан қажетті көрсетулер алу әрекеттері болады. Бізде азаптау оқиғаларын дер мезгілінде, жіті тексерудің біркелкі тетіктері жасалмаған. Азаптау оқиғасы туралы деректерді тексеру бір аптаға созылса да, ол БҰҰ азаптауға қарсы конвенциясын бұзу болып табылады. Бізде мемлекеттік деңгейде жеткілікті түрде адамды азаптау оқиғаларының статистикасы да жоқ, ал үкіметтік емес ұйымдарға жылына 100-150 шағым келіп түседі, - дейді Назгүл Ерғалиева.

Евгений Жовтистің айтуынша, 2001-2007 жылдар аралығында Қазақстан Бас прокуратурасы «адамды азаптау» бабы бойынша тек сегіз қылмыстық іс қозғаған.
XS
SM
MD
LG