Accessibility links

Біздің қоғам қазір зиялылар туралы көп айтады. Бірақ өткен тарихымызда бір ауылдың қормалы, бір тайпа елдің қорғаны, ұлттың ұйтқысы болған ақсақалдар жайлы, ақсақалдық туралы ауыз ашпайды.

Өз басым бүкіл елге қорған болған ежелгінің ірі ақсақалдарын көрмесем де, бір ауылға тұлға болған қарияларды көріп өстім. Сол кісілерден бұрында өткен ірі ақсақалдардың атын естіп, ақсақалдық дегеннің не екені ұғып өстік. «Ол кездің шалдарының жанында иманы, аузында дуасы бар еді, хан келіп сәлем берер салмағы болатын, әңгімелері де бөлек еді» дегенді еститінмін.

Мен көрген ауыл ақсақалдарының алдынан жас та, мас та кесе өтпейтін. Елдің тебірін де, тентегін де солар жөнге салып, ұятты ұл, арлы қыз тәрбиелеп өсірді. Ол кездің қарттарының ақсақалдығы сақалдың ақтығына емес, жүректің ақтығына қарайтын. Ақ сақалды шалдарда ғана емес, қара сақалдарда да, қырма сақалдарда да сол қасиет бар болатын. Ер баланың намысын, қыздарының ар-ұятын сол ақсақалдар қорғаушы еді.

Бұл күндері өмір де, орта да өзгерді. Енді ақсақал жоқ бізде. Жасы келіп қалса да, сол бозбалалығын қоймаған, қыз көрсе қырғидай тиетін, өзі қутың, көзі жылтың, аузында боқтық пен арақ, бойларында әлі де жас иіске деген құмарлық пен талап бар қартаймайтын шалдар көбейді.

Қазір қалада қырма сақалды шалдан да, қап сақалды жаннан да көшелілік табу қиын. Қазіргі шалдардың қолы – машинаның рулінде, көзі – көшедегі қызда… Енді олар қыздардың ұятын қорғауға емес, шашуға құштар.

Қазір жағымпаздықтың ең үлкен үлгісін шалдар көрсетіп жүр. Биліктен атақ пен орден алу үшін шалдар мақалын да, сақалын да сата береді. Бұрынғының хан алдында қаймықпай сөйлейтін ақсақалдары қайда-а-а!!!

Ұлттың мұратын түгендеу үшін, ұлттық мемлекет болу үшін елге ақсақалдар керек. Бірақ қазір бізде затына аты сай ақсақалдық бар ма? Жоқ болса, алдымен ақсақал тәрбиелейік. Тәрбиені бесіктен емес, шалдардан бастайық.

Бірақ біздің қартаймайтын шалдар ақсақал бола қояр ма екен? Дуалы ауыз шал көрмеген біз де ертең ақсақал бола аламыз ба?!

serikkerey@yahoo.com

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG