Accessibility links

Ливия белсенділері "Ашу-ыза күнін" өткізуге шақырды


Ливияда үкіметке қарсы белсенділер бүгін "Ашу-ыза күнін" өткізуге шақырды.

Тунис пен Египетті ұзақ жылдар бойы басқарған президенттер таяудағы жаппай шерулер барысында биліктен құлатыған соң саяси толқулар бірнеше Араб еліне жайылды.

Ливия жетекшісі Муаммар Каддафи 40 жылдан астам уақыттан бері билікте отыр.

Бұл елде наразылық шарасы жиі бола бермейді. Белсенділер бейсенбі күні шеру өткізу жөніндегі шақыруды интернеттегі әлеуметтік байланыс желілері арқылы жариялаған.

Сейсенбі күні Ливияның шығысындағы Бенгази қаласында наразылық танытушылар мен полиция және үкіметті қолдаушылар арасында қақтығыс болып, кемінде 30 адам жараланды.

Бенгазидегі толқулар адам құқығын қорғаушы белсендінің тұтқындалуына байланысты бұрқ ете қалған еді. Еуропа Одағы Ливияны сөз бостандығына рұқсат етуге шақырды.
XS
SM
MD
LG