Accessibility links

Тыңшы Путин туралы тың деректер пайда болды


Ресей премьер-министрі Владимир Путин әйелі Людмиламен бірге. 24 сәуір 2011 жыл
Ресей премьер-министрі Владимир Путин әйелі Людмиламен бірге. 24 сәуір 2011 жыл

Неміс ақпарат құралдары германиялық барлау қызметінің бұдан отыз жыл бұрынғы мәліметтерін жариялады. Онда қазіргі Ресей премьер-министрі Владимир Путин өз әйелін ұратын және былай шыға оның көзіне шөп салатын «нашар күйеу» ретінде сипатталады.


Неміс басылымының жазуынша, бұл мәліметтер Владимир Путин КГБ-ның Дрездендегі резидентурасында бес жыл қызмет істеген кезінде оның сеніміне кірген Батыс Германияның БНД барлау қызметінің Леночка атты агент арқылы (Ленхен деген атпен де белгілі) алынған. Ленхен ресми түрде ГДР-дегі совет әскерлерінің тобында аудармашы болып жұмыс істеген.

Ленхен Владимир Путиннің әйелі Людмиланың жақын құрбысы болған. Людмила Путина оған отбасылық өмірге қатысты мәселелерін айтып отыратын болған. Әйелінің сөзіне қарағанда, Путин оның көзіне жиі шөп салатын болған, тіпті ұратын да кездері болыпты.

30 ЖЫЛ ӨТКЕН СОҢ

Мұндай ақпарат Германияның құпия қызмет саласындағы жетекші маманы, неміс барлау қызметінің жұмысы жайында көптеген еңбектер мен мақалалар жазған Эрих Шмидт Ээнбоомнан келіп түскен.

Эрих Шмидт-Ээнбоом бұл ақпараттың Владимир Путиннің Ресей президенттігіне сайлауға екінші рет қатысуы қарсаңында оның беделін түсіру үшін жариялануы мүмкін деген болжамды жоққа шығарды. Ол бұл мәліметтерді бұдан бес ай бұрын БНД-да бұрын басшылық қызметте болған адаммен сөйлескен кезінде білгенін айтады.
Ресей президенті Владимир Путин Мурманскіде. 17 тамыз 2005 жыл
Ресей президенті Владимир Путин Мурманскіде. 17 тамыз 2005 жыл

- Әрине, журналист ретінде мен ең алдымен басқа бір тәуелсіз ақпарат көзін іздей бастадым. Сосын осыдан бірнеше апта бұрын Германияның конституцияны қорғау жөніндегі ведомствосы – Verfassungsschutz-тың қызметкерімен кездесудің сәті түсті. Ол адамда да кезінде осы мәліметтер болған екен, - дейді Эрих Шмидт-Ээнбоом.

ЛЕНХЕННІҢ ПУТИННІҢ ОТБАСЫМЕН БАЙЛАНЫСЫ

Ленхен Балтық бойы елінен шыққан неміс қызы және орыс тілі мен неміс тілін бір деңгейде меңгерген. Ажарының арқасында ол БНД құжаттарында «Балкон» деген бүркеншік атпен де кездеседі.

Ленхен Людмила Путинамен тез достасып кетеді, тіпті оның сенімді адамы, ақылшысына айналады. Людмила өз басындағы ауыр халді онымен бөлісіп отырған. Ол Владимир Путиннің үйінде жиі қонаққа барып тұрған. Ленхенмен жалғыз қалған кездерінде Людмила Путина күйеуінің өзін жиі ұратынын, көзіне шөп салатынын және көп әйелдермен байланысы бар екендігін айтқан, - дейді Эрих Шмидт-Ээнбоом.
Ленхенмен жалғыз қалған кездерінде Людмила Путина күйеуінің өзін жиі ұратынын, көзіне шөп салатынын және көп әйелдермен байланысы бар екендігін айтқан.

Барлаушы Ленхеннің міндеті КГБ-ның ГДР аумағындағы қызметі туралы, әскери және экономикалық сипаттағы мәліметтер жеткізіп тұру болған. Әрине, оның мүмкіндіктері шектеулі болады. Себебі ол КГБ-ның Дрездендегі салыстырмалы түрде алғанда шағын ғана резидентурасында жұмыс істеді. Сонда да болса, Ленхеннің арқасында неміс барлау қызметі советтік барлау қызметінің Оңтүстік Германиядағы қызметі туралы егжей-тегжейлі ақпарат алып отырды.
Людмила Путина, Ресей премьер-министрі Владимир Путиннің зайыбы. 1 шілде 2010 жыл
Людмила Путина, Ресей премьер-министрі Владимир Путиннің зайыбы. 1 шілде 2010 жыл

Сарапшының пікірінше, Ленхеннен келген барлық мәліметтер Германияның конституция қорғау ведомствосына және НАТО-дағы одақтастарына да белгілі.

1980 жылдардың аяғында Ленхенді КГБ полковнигі, Дрезден резидентурасының бастығынан аяғы ауыр болып қалған соң Дрездендегі қызметінен босатады. Бұған қоса, ол психикалық ауыртпалықтың денсаулығына әсер ететініне шағымдана бастаған. Мәліметтерге қарағанда, кейін оның еңбегін жақсы бағалап, жаңа құжат берген. Ленхен әлі күнге дейін Оңтүстік Германияның бір жерінде тұрады.

Әрине, Дрезденде КГБ-ның подполковнигі шеніне дейін көтерілген Владимир Путиннің жеке өзіне қатысты ақпараттарға ол кездерде батыстық барлау қызметтері ерекше қызығушылық таныта қоймады. Егер ол аяқ астынан бас айналдырарлық саяси мансапқа жетпегенде, оның құжаттары жойылып кететін еді, - дейді Эрих Шмидт-Ээнбоом.

ПУТИННІҢ КЕЙІНГІ ОТБАСЫЛЫҚ ӨМІРІ

Қазір екінші қайтара президенттік сайлауға түсейін деп отырған 59 жастағы премьер-министр Владимир Путиннің өміріне қатысты кез-келген ұсақ-түйек жайттар баспасөздің назарында тұрады.

Кремльге жақын ақпарат құралдары Владимир Путин мен оның әйелі Людмила Путинаның отбасылық өмірлерінде бір мін болмағаны жайында ақпарат таратуға тырысады. Тіпті 2008 жылы «Поцелуй не для прессы» атты фильм түсірілді. Онда ерлі-зайыпты Путиндер жастайынан ғашық болған кейіпкерлер кейпіне енеді.
Ресей президенті Владимир Путин олимпиада чемпионы, гимнастшы Алина Кабаевамен кездесіп тұр. Мәскеу, 4 қараша 2004 жыл
Ресей президенті Владимир Путин олимпиада чемпионы, гимнастшы Алина Кабаевамен кездесіп тұр. Мәскеу, 4 қараша 2004 жыл

Алайда, уақыт өткен сайын баспасөзде жарыққа шығып жатқан ақпараттарға қарағанда, 28 жыл бойына ерлі-зайыпты болып келе жатқан Путиндер отбасында барлығы бірдей біз ойлағандай тамаша емес. Владимир Путин мен Людмила Путинаның соңғы жылдарда көпшілік алдына қанша рет шыққанын саусақпен санауға ғана болады. Екеуінің бір-біріне айтқан сөздері де романтиканың ауылынан алыс жатыр. «Аэрофлотта» бұрын стюардесса болып істеген Людмила Путина бір жолы күйеуін «сілімтік» деп атаған. Ал Путин бірде өзінің әйеліне үш апта төзіп тұра алған кез-келген адамға ескерткіш орнату керек деп байқамай айтып қалған. Владимир Путиннің қазір бойжеткен екі қызы бар. Оның бұрынғы гимнастшы, олимпиада чемпионы және қазір мемлекеттік думаның депутаты Алина Кабаевамен жақын байланысы жайындағы алып-қашпа әңгімелер де басыла қойған жоқ.

Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, жария болған ақпараттардың Путиннің беделіне нұқсан келтіре қоюы екіталай. Себебі, ресей қоғамында ерлі-зайыптылар арасындағы араздық әркімнің жеке мәселесі болып саналады және оның маңызы шамалы.

Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл ақпаратқа қатысты түсінік беруден бас тартты. Немістің БНД барлау қызметі де: «Біз өз мәліметтерімізді талқыламаймыз» деп, сұраққа жауап беруден бас тартты.
XS
SM
MD
LG