Accessibility links

Путиннің партиясы жеңгенімен 15 пайыз кем дауыс жинады


"Ресей премьер-министрі Владимир Путин "Единая Россия" партиясының орталық штабында сайлаудан кейінгі баспасөз жиынында сөйлеп тұр. Мәскеу, 4 желтоқсан 2011 жыл.

"Ресей премьер-министрі Владимир Путин "Единая Россия" партиясының орталық штабында сайлаудан кейінгі баспасөз жиынында сөйлеп тұр. Мәскеу, 4 желтоқсан 2011 жыл.

Ресейде желтоқсанның 4-і күні өткен парламент сайлауында ресми түрде жеңімпаз ретінде хабарланған "Единая Россия" партиясын қолдаушылар бұрынғыдан әжептәуір кем болып шықты. Сонда да 49,6 пайыз дауыс алған билік партиясы мемлекеттік думаның келесі құрамындағы ең көп орынға ие саяси ұйым болып қалмақ.

Ресейдің орталық сайлау комиссиясы таратқан ресми мәліметке сәйкес, Коммунистік партия 19,7 пайыз дауыс алып екінші орынға шыққан. Ымырашыл оппозициялық партия деп саналатын "Справедливая Россия" 12,9 пайыз, Владимир Жириновский бастаған ұлтшыл ЛДПР 12,1 пайыз дауыс жинаған.

Ресми ақпарат бойынша, қалған үш партия - Яблоко, "Правое дело" мен Ресей патриоттары партиясы думаға өту үшін қажетті 7 пайыздық межеге жете алмаған.

Сайлау күні мемлекеттік телеарналардағы тікелей эфирге бірге шыққан Ресей президенті Дмитрий Медведев пен премьер-министр Владимир Путин сайлау нәтижелеріне қатысты еш абыржымаған түр көрсетті.

"Осы нәтижелерге сүйене отырып, еліміздегі тұрақты дамуды қамтамасыз етеміз" деді Владимир Путин.

Ресми түрде "Единая Россияның" сайлау тізімін бастап шыққан Дмитрий Медведев келесі жылы үкіметке басшы болмақ. Ол Ресейде өткен парламент сайлауына "іс жүзінде көрінген демократия" деген баға берді.

Мәскеудің орталығында полиция сайлау нәтижелеріне қарсы шыққан ондаған наразы белсенділерді қамауға алды.
XS
SM
MD
LG