Accessibility links

Қоғамдық комиссия: Жаңаөзендегі төтенше жағдай жойылсын


"Азат" ЖСДП-ның тең төрағасы, тәуелсіз қоғамдық комиссияның өкілі Болат Әбілев баспасөз жиынында. Алматы, 9 қаңтар 2012 жыл.
"Азат" ЖСДП-ның тең төрағасы, тәуелсіз қоғамдық комиссияның өкілі Болат Әбілев баспасөз жиынында. Алматы, 9 қаңтар 2012 жыл.
Бүгін Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларды тексеру бойынша құрылған тәуелсіз қоғамдық комиссия өкілдері Жаңаөзендегі төтенше жағдай тәртібін алып тастауды талап етті.

Алматыда баспасөз жиынын өткізген комиссия өкілдері - "Азат" ЖСДП тең төрағасы Болат Әбілев, "Жас алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы, Guljan.org сайтының бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның айтуынша, комиссия мүшелері 6 қаңтар күні Ақтау және Жаңаөзен қалаларына, Шетпе кентіне барып қайтқан. Олар облыс әкімі Бауыржан Мұхамеджановпен, Жаңаөзен қаласының коменданты Аманжол Қабыловпен, ішкі істер министрлігі мен бас прокуратураның тергеу тобы өкілдерімен кездескен. Болат Әбілевтің айтуынша, Аманжол Қабылов Жаңаөзенде жеті полицейдің "тонаушылықпен айналысты" деген күдікпен қамауға алынып, тергеліп жатқанын хабарлаған.

Комиссия мүшелері өздеріне ресми орындар берген ақпарат пен шетпелік тұрғындардың жеткізген мәліметтері үйлеспейтінін айтады. Шетпелік тұрғындар ұсталғандардың жағдайы ауыр екендігін, оларды ұрып-соғатынын, он екі адамға бір қорғаушыдан келетінін айтқан.

Жаңаөзендегі төтенше жағдай тәртібінің өзін "тұрақтылыққа нұқсан келтіретін фактор" деп атаған комиссия төтенше жағдай тәртібін жоюды және заңсыз ұсталғандарды босатуды талап етеді.

Ресми орындар Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғадан және оның салдарынан 16 адамның қаза болғанын растады. Жаңаөзендегі жағдайға қатысты наразылық білдіріп, Шетпе станциясында теміржолды жапқан тұрғындармен қақтығыста полиция оқ атып, 1 адам қаза болып, 12 адам жараланды.

Желтоқсанның 17-сінде Қазақстан президент Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзенде қаңтардың 5-іне дейін төтенше жағдай тәртібін жариялады. Ол қаңтардың 4-і күні төтенше жағдайды қаңтардың 31-іне дейін созды.
XS
SM
MD
LG