Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында 410 үйді су басты


Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік таратқан хабарламаға қарағанда, Ордабасы ауданында 410 үй жайылма судың астында қалған.

Ауданға облыс әкімі Асқар Мырзмахметовтың басшылығымен құтқару штабы құрылған. Зардап шеккен ауылдарда әскери бөлім күштері 150 адамға арналған жылыну орталықтарын құрған.

Ауданның Ынталы және Батыр-ата ауылдары жанындағы Темірлан-Арыс авто жолында суды басқа жаққа бұру үшін жыралар қазылды. "Найман-Арық" каналының қауіпті деген тұстарында ұзындығы 500, биіктігі бір жарым метрге жететін бөгендер тұрғызылды. Судың деңгейі төмендеген соң Темірлан ауылының көшірілген 2215 тұрғыны үйлеріне қайтқан.

Хабарламада Төле би, Бәйдібек, Сарыағаш, Сайрам, Қазығұрт аудандарында да каналдарда су деңгейін түсіру, бөгендер тұрғызу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылады.

Ақпанның 18-інен 19-ына қараған түні Арыс ауданына қарасты Монтайтас ауылын су басып, 50-ден астам үйдің адамдары дереу эвакуацияланғаны жайында Азаттық хабарлаған болатын. Ауылды су басуға ауа-райының күрт жылынып, қалың жауған қардың еруі мен оған жаңбырдың қосылуы канал суын кемерінен асырып жіберуі себеп болды.
XS
SM
MD
LG