Accessibility links

"Қазақпәлеком"


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Депутаттардың Нью-Йорк қаласында әлдебір Назарбаевтың 20 миллион долларға «қора-жай» сатып алғаны, содан бір айқай-ұйқай шығып, мұхиттың арғы-бергі жағына түгел естіліп жатқаны жайындағы мақаланы көздері шалғаны даусыз. «Оу,«Назарбаев» дейді?! Қой, ойбай, қате жазылған да! Анығын білейікші!» деп қалмас па екен?

Парламентіміздің мәжіліс депутаттары "Қазақпәлеком"... тойыст, "Қазақтелеком" басшыларының айлық ақшасын біліп алуға бір кісідей белсене кірісіп кетті. Бәрін біліп, есептеп тындырып, сайлаушыларына қашан, қалай айтарын кім білсін. Ал сіз бен біздің білетініміз: осыдан бес-алты жыл бұрын "Қазақтелеком" басшысының айына үш жүз бірдеңе мың доллар алып отырғаны еді ғой. Президент пен премьер-министрдің айлығын қосқандағыдан әлденеше есе көп болған.

Ал одан беріде еліміздің экономикасы «гүлдеді», халық тұтынатын тауарлар ай сайын «арзандап» жатыр. Кезекті «ғажап» мағлұматтарға сенсек, Қазақстан дүние жүзіндегі ең бай сексен елдің арасында сегізінші орынға ие болыпты. Сірә, келесі жылдары, егер есептегіштеріміз есен-сау болса, біз, бізге ілесе алмай қалған анау Түрікменстандағыша, суық су мен ыстық су, газ бен электр және жылу үшін жарты тиын да төлемейміз - төрт түлігі сай мемлекетіміз халықты солайша қамқорлық аясына алады.
"Қазақтелекомның" Талдықорғандағы кеңсесі. 26 қаңтар 2009 жыл. Көрнекі сурет
"Қазақтелекомның" Талдықорғандағы кеңсесі. 26 қаңтар 2009 жыл. Көрнекі сурет

Жұртшылыққа қызмет көрсету ақысы ай сайын қымбаттап отырған жаңағы "Қазақпәлеком", тойыст, "Қазақтелеком" республикамыздың кәрі-жасына қалта телефонды тегін таратып беріп, тегін сөйлестіреді, тек депутаттар оның басшылары қанша айлық алатындарын анықтап берсе - болды!

Ал бізде анықтайтын нәрсе жетіп жатыр. "Қазақпәлекомдардың" дәл қазір нешеу екені белгісіз: бірі суға ие, бірі буға ие дегендей, электр пәленбаичтің, газ түленбаичтің қолында. Айтып-айтпай не керек, анау мен мынау бәрін бөліп-бөліп алып, «бас-басына би болып», коммуналдық қызмет дейтіннің нарқы көкке көтеріліп барады. Сөйткен соң, иә, Қазақстанымыз сексеннің сегізіншісі болмағанда ше?!

Әй, меніңше, біз сексеннің сегізіншісі емес, біріншісіміз! "Қазақтелеком" жабылып қалмас, ашыла жатар. Мысалға оған дейін ашық тұрғандардың бірін алайық. Айталық, "Қазақмысты". Оның қожайыны Ким деген миллиардердің айлығы 30 000 доллар екен. Күніне 1000 доллар! Жүйкесі жұқарып, көз майы таусыла жаздап жүрген жиыны неше мұғалімнің, немесе өзінен бұрын өзгенің денсаулығын қадағалап қажып жүрген неше дәрігердің бір күнгі еңбекақысы бұл?
Қазақстан парламенті мәжілісінің кіре берісі. Астана, 27 қазан 2011 жыл.
Қазақстан парламенті мәжілісінің кіре берісі. Астана, 27 қазан 2011 жыл.

Жеріміздің асты-үстіндегі алтын мен күмісімізді, қалайы мен қорғасынымызды, газымыз бен мұнайымызды... меншіктеп алған жателдік, өзіміздік алаяқ ашқарақтардың «табысы» Кимнің мынаусынан кемінде бірер есе көп те шығар-ау?!

Егер парламенттегі халық қалаулылары "Қазақтелекомның" «омыртқа-қабырғасын» санай алса, «ішек-қарынын» тазалай алса, шибөрі тірлікті, шиқан бетті басқаларға да көз тігетін болар? Біріккен Араб әкімдігі, Франция, Англия, Түркия, тағы басқа елдердің курортты өңірлеріне қатарлап хан сарайын салып қойған қазекемдердің қайсысына ата-бабасы қадақтап, пұттап алтын қалдырғанына назар аударар. Олардың ішінде "Қазақпәлекомдардың" басшылары неше дана екенін санар.

Уақытқа бай депутат мырзалар тәуелді гәзетсымақтарды да, тәуелсіз гәзеттерді де, бірін ашық, бірін жасырып дегендей, ақтарып-теңкеріп оқитын көрінеді, солардың соңғыларынан айдаладағы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында әлдебір Назарбаевтың 20 миллион долларға «қора-жай» сатып алғаны, содан бір айқай-ұйқай шығып, мұхиттың арғы-бергі жағына түгел естіліп жатқаны жайындағы мақаланы көздері шалғаны даусыз.

Ендеше, бірі болмаса, бірі: «Оу,«Назарбаев» дейді?! Қой, ойбай, қате жазылған да! Анығын білейікші!» деп қалмас па екен?

(10.05.2012 ж.)
XS
SM
MD
LG