Accessibility links

Египетте қақтығыс салдарынан 7 адам қаза болды


Полиция шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ қолданды. Тахрир алаңы, Каир, 25 қаңтар 2013 ж.

Полиция шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ қолданды. Тахрир алаңы, Каир, 25 қаңтар 2013 ж.

Египетте жұма күні шерушілер мен полиция арасында болған қақтығыстар салдарынан, ресми дерек бойынша, Суэцте - алты, Исмаилияда бір адам мерт болып, бірнеше жүз адам жарақат алған.

Қайғылы оқиғалардан соң Египет президенті Мұхаммед Мурси Twitter арқылы ел азаматтарын "өз ой-пікірлерін бейбіт түрде" білдіруге шақырып, тәртіпсіздік іс-әрекеттерін айыптады. Ол кінәлілердің жазаға тартылатындығын ескертті.

Жұма күні Египеттің бірнеше қаласында наразылық шеруіне шыққан жұрт ел президенті Мұхаммед Мурси мен оны қолдайтын "Мұсылман бауырлар" қозғалысын "халыққа берген уәделерін орындамады" деп айыптады.

Египетті отыз жылдай үздіксіз басқарған Хосни Мүбәрактің биліктен тайдырылғанына ақпан айында екі жыл толады. Былтыр маусымда сот үкімімен өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілген 84 жастағы Мүбәрак қазір ауруханада жатыр.

Қаңтар айында апелляциялық сот оған шығарылған үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға шешім шығарған еді.
XS
SM
MD
LG