Accessibility links

Лавров пен Керри Сирия мәселесін талқылады


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Бали аралы, Индонезия, 7 қазан 2013 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Бали аралы, Индонезия, 7 қазан 2013 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Индонезияның Бали аралында өтіп жатқан Азия Тынық мұхит экономикалық саммиті аясында Сирия мәселесін талқылады.

Керри 6 қазанда басталған Сирияның химиялық қаруын жою шарасы "жақсы бастама" екенін айтып, Башар Асад үкіметі Ресей мен АҚШ-тың өткен айда жасаған келісімінің бұзылмайтынына кепіл беруі тиіс деді.

Келісім бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қыркүйектің 28-і күні Сирияның химиялық қаруын жою және Сирияда саяси өзгерістер жасау жоспарын орындау туралы қарар қабылдаған еді.

"Қарар қабылданғаннан көп өтпей сарапшылардың Сирияда химиялық қаруды жоюға кірісіп кеткені маңызды жайт. Сарапшылар алғашқы күні қанатты зымырандар мен басқа да қару-жарақтарды жойды" деді Керри бүгін журналистерге.

Ол Лавров екеуі Сирияға қатысты бейбіт конференцияны мүмкіндігінше тезірек өткізуге келіскенін де айтты.

"Біз Сирия мәселесі күшпен шешілмейді деген ұйғарымға тағы келіп отырмыз. Сирияда қандай да бір радикалды экстремистердің пайда болып, күш алуына мүдделі емеспіз. Сондықтан да Женева конференциясын тезірек өткізуге күш салайық деп отырмыз" деді Джон Керри.

Лавров Ресей Асадтың БҰҰ-ның Сирияның химиялық қару-жарағын жою қарарын орындайтынына кепіл болатынын айтты.

Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйым сарапшылары 6 қазанда Сирияның химиялық арсеналын жоюға кіріскен еді.

6 қазанда мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында Асад Сирия қарулану жағында Израильден қалып кетпес үшін 1980 жылдары химиялық қарулар шығара бастағанын айтқан.
XS
SM
MD
LG