Accessibility links

СІМ: Каспийде ұсталған ресейліктер шекара бұзған


Каспийде заңсыз балық аулаған браконьерлерден тәркіленген қайық. (Көрнекі сурет)

Каспийде заңсыз балық аулаған браконьерлерден тәркіленген қайық. (Көрнекі сурет)

Қазақстан Каспий теңізінде қазақстандық шекарашылар ұстау барысында оққа ұшқан ресейлік азаматтың қазасына қатысты Ресейдің нотасына белгіленген тәртіппен жауап жібереді. Бұл туралы жұма күні Астанада өткен брифингте Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді.

«Аталған оқиға Қазақстанның «Мемлекеттік шекара» туралы заңына сәйкес, Қазақстанның аумағы болып табылатын 12 мильдік теңіз аймағында болғанын атап айтамыз. Сондықтан Қазақстан шекара қызметі өкілдерінің іс-әрекеттері еліміздің мемлекеттік шекарасын қорғауға бағытталған» деді ол.

Үсеновтің айтуынша, Каспий теңізіндегі Қазақстанға тиесілі «ерекше қорғалатын қорық аумағында браконьерлікпен айналысқан мемлекеттік шекараны бұзушылар құқық қорғау органдары өкілдерінің заңды талаптарына әдейі бағынбаған». Сонымен бірге ол «Қазақстан өз шекарасының мызғымастығын, заңнамасының сақталуын және өз ұлттық мүдделерінің барлық заңды жолдармен қорғалуын қамтамасыз етіп отырғанын және болашақта да қамтамасыз ете беретінін» атап өткен.

25 қарашада Каспий теңізінде қазақстандық шекарашылар ұстаған екі қайықта болған ресейлік сегіз азаматтың біреуі оққа ұшып, тағы біреуі жараланған. 26 қарашада Ресей сыртқы істер министрлігі Қазақстанға жолдаған нотасында «ресейлік балықшыларға қатысты қазақстандық шекарашылардың қару қолдануы жалғыз бұл еместігін» айтып, бұл оқиғаларды түбегейлі тексеруге және «алдағы уақытта ресейлік азаматтарға қарсы атыс қаруын қолдануға жол бермеуге» шақырған еді.
XS
SM
MD
LG