Accessibility links

"Рысқалиев тобына" қатысты сот тыңдауы белгіленді


Бергей Рысқалиев (сол жақ шетке таман) Атырау облысы әкімі кезінде жаңа көпірдің ашылу салтанатында құттықтау сөзін қағаздан оқып тұр. Атырау, 22 шілде 2009 жыл.
Бергей Рысқалиев (сол жақ шетке таман) Атырау облысы әкімі кезінде жаңа көпірдің ашылу салтанатында құттықтау сөзін қағаздан оқып тұр. Атырау, 22 шілде 2009 жыл.
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев құрды делінген қылмыстық топқа қатысты іс бойынша алдын-ала тыңдау 24 желтоқсанда өтетін болды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады. Бұл іс Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында қаралады.

Бұған дейін Қазақстан қаржы полициясы "Рысқалиев пен ол ұйымдастырған топ өкілдері жасаған ауыр және аса ауыр коррупциялық, экономикалық қылмыстардан" мемлекетке 71 миллиард теңгеден астам зардап келгенін хабарлаған еді. Қылмыстық топ мүшелері ретінде айып тағылған 22 адамға қатысты қылмыстық іс бір бөлек, ал Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқали және олардың тағы тоғыз серігіне қатысты қылмыстық іс сотқа бір бөлек жіберілген. Қазір Рысқалиев пен оның інісі және олардың тоғыз серігі халықаралық іздеуде жүр.

Желтоқсанның басында қазақстандық ақпарат құралдары Бергей Рысқалиевтің үстінен «террористік пиғылдағы іс-әрекеттерге қолғабыс еткен» деген күдікпен тағы бір қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Істі қозғаған тергеу орындары Рысқалиевке «дәстүрлі емес діни ағым өкілдеріне мешіт салуға заңсыз жер телемін бөлген, кейін ол мешіт терроризм мен экстремизмді насихаттайтын орынға айналған» деген айып таққан.

Бергей Рысқалиевтың үстінен бұған дейін "бюджет қаржысын жымқырды және қызмет өкілетін теріс пайдаланды" деген айыптар тағылып, тұтқынға алу туралы санкция шыққан. Қаңтар айында оған іздеу жарияланған.

Былтыр қазанда Атырау қалалық соты Аманжан Рысқалиды "алаяқтық жасаған" деген айыппен қамауға алуға сырттай санкция берген еді.

Биыл тамызда Қазақстан қаржы полициясы Швейцарияның федералдық прокуратурасы Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқалиға қатысты "қаржы жымқырды" деген күдік бойынша тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған. Оның нәтижесі бойынша Швейцария банктерінде Рысқалиевтарға тиесілі делінген үш есеп-шот табылып, оларда 100 миллион еуродан астам қаржы бары анықталғаны айтылды. Прокуратура ол есеп-шоттарды бұғаулаған.
XS
SM
MD
LG